Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің басты байлығы да, болашағы да – дені сау, епті, икемді, білімді, саналы, өмірге төзімді жас ұрпақ. “Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі”, – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, еліміздің ертеңі саналатын ұрпақ тәрбиесі мен денсаулығына ұстаздар да жауапкершілікпен қарайды. Сондай ұстаздардың бірі – Айыртау ауданы Өскен негізгі мектебіндегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Болат Ноғаев. Жоғары білімді маман денсаулығы мықты, Отанын, елін сүйетін ұрпақты саламатты өмір салтын қалыптастыруға ұзақ жылдар бойы тәрбиелеп келеді. Болат Қайыртайұлы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде білімін үнемі жетілдіріп отырады. Өз ісінің шебері, еңбекқор ұстаз 3 деңгейлік курста біліктілігін көтеріп, оны ойдағыдай қорғады.
Мектептің арнайы спорт залы болмаса да, ол әр сабағын өте тартымды, қызықты өткізеді. Болат Қайыртайұлы оқушыларға тек жаттығу жасатқызып, футбол ойнатқызып қоймай, қазақ халқының ұлттық тоғызқұмалақ, асық ойындарына баулиды. Ойлау қабілетін дамытатын шахмат, дойбы сияқты зияткерлік ойындарға үйретеді. Петропавл қаласында мектеп оқушылары арасында өткен облыстық “Ақбозат – 2014” шахмат турнирі мектебіміз үшін сәтті болды. Сайыста ұл-қыздарымыз кіші топтар арасында үшінші орынға ие болды. Мектебіміз бен ауданымыздың мәртебесін облыста 5-сынып оқушысы Әліби Жақсылық, 6-сынып оқушысы Жұлдыз Жабенова, 4-сынып оқушылары Саят Қорғанбек пен Құндыз Жабенова қорғады.
Барлық сайыстарға оқушыларын тиянақты дайындап, олардың болашағынан зор үміт күтетін ұстаздың бұл алғашқы жетістігі емес.
Сәния АҚЫПОВА,
Өскен негізгі мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Айыртау ауданы,
Үкілі Ыбырай ауылы.