Екі рулы елді колхоздастыру кезінде осы бір қайыңды алқапқа қоныс тепкен елді мекенді “Жаңатілек” деп атапты. Ауыл маңындағы “Түйебас”, “Құрпісірген”, “Қара бұзау”, “Той өткен”, “Ақ дөңгел”, “Ақ бас”, “Қожақ қорасы”, “Ордабай қорасы”, “Кедел қорасы”, “Ферма қонған”, “Сулы терек”, “Аю қамаған”, “Теректі ағаш”, “Кәрі қыстау”, “Би ауылы”, “Қара бұзау” деп кете беретін қайың, терегі аралас шоқтардың бәрінің атаулары бар болатын. Осы шоқ-шоқ ағаштардың баурында көктемде жуасы мен қымыздығын, жазда жидегі мен шиесін теріп өскен кешегі бал дәурен күндер-ай!
Шіркін, бөгелуді білмейтін жүйрік уақыт өз дегенін істейді ғой. Аяқталғанына жетпіс жылдан асып бара жатқан сұрапыл соғыс болмағанда, бұл ауыл қаймағы бұзылмай тұра берер ме еді, кім білсін?! Өйткені, осы шағын ауылдан соғысқа елуге тарта азамат аттанған. Көбі қайтып оралмады. Аттары аталған шоқ-шоқ ағаштар, жайылымдар, кешегі шөбіне шалғы салып, мал бағып, ауылға жеткен алғашқы “Нати”, “СТЗ” сияқты тракторлармен жер қыртысын аударып, өңдеп, егін себе бастаған жігіттер кеткен соң жетімсіреп қалғандай еді.
Тірі адам тіршілігін жасап, қарттар мен әйелдер, бұғанасы қатпаған балалар күнді түнге ұрып еңбек етті. Елдегі бас көтерер азаматтың бірі Алпысбай еді. Ол бригадир болды. Ертелі-кеш торы атынан түспейтін. Ауылдың кәрі-жасын жұмысқа тартып, бәріне бас-көз болды.
Қоңыр күздің қарбалас бір уағында Алпысбайдың шаңырағында ақ түйенің қарны жарылып, өмірге іңгәләп сәби келді. Ол кезде мұндай оқиға тек бір отбасын ғана емес, осы шағын ауылдағылардың бәрін қуанышқа бөлейтін. Ата-анасы торсық шеке шақалаққа Сансызбай деп ат қояды.
Бұл 1946 жылдың 31 қазаны болатын. Сұрапыл соғыс салған ауыр тауқыметтен еңсесін енді-енді түзей бастаған ел іші мәз-мейрам болып қалды…
Сол Сансызбаймен тал шыбықты ат қылып мініп, алақандай Жаңатілектің май топырағында аунап-қунап, қатар өстік. Сансызбайдың сол кездің өзінде ұйымдастырушылық қабілеті сезілетін. Ауыл балалары екі топқа бөлініп, жазда футбол, қыста доптыаяқ (сол кездің хоккейі) ойнайтынбыз.
Өмір-өзен өз арнасымен бірде қатты, бірде баяу ағып, сан жылдар артта қалды. Кешегі өрімдей жастар өсіп-жетіліп, орта мектепті бітірді, қалаған мамандықтары бойынша оқуларын жалғастырды. Сансызбай болса ауыл шаруашылығының маманы – агроном болуды қалады. Бұл мамандықты таңдауының себебі, алдымен оның жоғарыда айтқан шағын қазақ ауылында туып, ауыл өміріне қанық болып өскендігінде, сол ауылдардың келешегін ойлағандығында.
Еңбек жолын “Севастополь” кеңшарында бөлімше агрономы, трактор-егіс бригадасының бригадирлігінен бастаған Сансызбай әкесінен дарыған ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қызмет баспалдағымен тез көтерілді. Жұмысқа деген ынтасы мол, ықыласы зор жас маман тындырымдылығымен бірден көзге түсті.
Коммунистік партияның ықпалы жүріп тұрған кез болғандықтан Сансызбайды жарты жылдай аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметінде ұстады. Бірақ, Сансызбайды дарқан дала төсі, егіс алқабы қол бұлғап шақырып тұрғандай болатын. 1973 жылдың наурыз айынан өзінің мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды.
1977 жылдың тамыз айынан 1995 жылдың наурыз айына дейін Көкшетау облысындағы іргелі шаруашылық – Чкалов ауданындағы Абай атындағы кеңшарда 18 жылдай бас агроном болып абыройлы қызмет істеді.
Ісіне тиянақты, білікті маманға әркез сұраныс бар ғой. Сол бір алмағайып, елдің шеті сөгіліп, тарап жатқан уақытта – 1995 жылдың наурыз айында Чкалов (қазір Тайынша ауданына қарайды) ауданындағы “Алабота” асыл тұқымды мал зауыты” ашық акционерлік қоғамына директорлыққа тағайындалды. Ұлан-ғайыр еңбегінің жарқырай көрінген, жемісін мәуелетіп берген жері де осы “Алабота” асыл тұқымды мал зауыты” болды десек қателеспеспіз. Білікті басшы ретінде талай түйінді мәселелерді оң шешті. Сансызбай Алпысбайұлының басқаруымен шаруашылықта мамандардың сауатты ұжымы қалыптасты. Ең бастысы – іргелі шаруашылық нарық қатынасындағы қиыншылықтарға төтеп беріп, сақталып қалды. Ал 2002 жылдан “Қазэкспортастық” агрофирмасының қоластына кіріп, экономикасы нығая түсті.
Бір айта кететін жай, “Алаботаның” атын әйгілеген – қазақтың ақ бас сиырлары. Оның тарихы тереңде жатыр. Канадалық етті герефорд бұқасы мен қырдың қызыл сиырын будандастыру арқылы пайда болған “Алабота” тұқымын 1932 жылдан бері өсірумен және көбейтумен айналысып келе жатқан шаруашылықты бұл күндері Қызылжар өңірі ғана емес, бүкіл Қазақстан біледі десе де болады. Оның басты себебі – Зеңгі бабаның еті мәрмәр, салмағы қомақты, тұқыл басты қызыл ала сиыр тұқымын экономикалық тоқырау кезінде де шашау шығармай, бүгінгі күнге бар болмысымен жеткізіп отырғандығы…
Шаруашылықтың тәжірибелі, ұзақ жылдар осында абыройлы еңбек етіп келе жатқан бас зоотехнигі Антон Малиновский: “Сансызбай Алпысбайұлы болмаса, қолда бардан айырылып қалатын едік”, – дейді.
Сансызбай 60-қа толғанда ескерткіш болып қалсын деп қысқа метражды бейнефильм түсіріліпті. Сонда сол кездегі аудан әкімі, кейін Мәжіліс депутаты болған Анатолий Маковский: “Асыл тұқымды мал зауытын сақтап қалған Сәкең нағыз ер”, – дейді.
Оның бойындағы ерекше бір қасиеті – өзіне де, өзгеге де жұмыс үшін қатаң талап қоя білетіндігі, турашылдығы мен бірбеткейлігі.
Сансызбайдың жеткен жетістіктері ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүргендерге үлгі боларлықтай.
Бүкіл саналы өмірін халық игілігі үшін аянбай еңбек етуге арнаған азамат ауылда өмірге сәби келсін, біреу өмірден өтсін, солардың қызығына да, шыжығына да ортақ болды. Тіпті, қазіргі зейнеткер күнінде де сол әдетінен айныған емес, қаладан ауылға асығып тұрады…
Сансызбай Алпысбайұлы ауылдың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлді. Әсіресе, орта мектеп толығынан шаруашылық қамқорлығына алынды. Осындай қиын-қыстау сәттерде қайтсем тұрғындарға көмектесем деген ой оны әрқашан мазалайтын. Мұның да шешімі табылғандай болды. Аққұдық ауылында диірмен, өсімдік майын ағызатын, шұжық жасайтын шағын цехтар, инкубатор ашылды. Үй шаруасындағы көптеген әйелдер жұмысқа тартылды.
Бір сөзбен айтқанда, хакім Абай айтқан “талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды” ойлап қоюды өмірлік ұстанымы еткен Сансызбай бұл күнде еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтардың бірі.
1999-2011 жылдар аралығында Тайынша аудандық мәслихатының депутаты болған ол сессияларда аудан көлеміндегі көкейкесті мәселелерді көтере білді.
Осы өңірде туып, бар саналы ғұмырын өзі қалап алған ауыл шаруашылығымен байланыстырып келген Сансызбай Алпысбайұлының еселі еңбегін еліміз де жоғары бағалады. Ол 2006 жылы Елбасының Жарлығымен “Құрмет” орденімен марапатталды. Кезінде әкесі Алпысбай да “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегері болған.
Сансызбай Алпысбайұлы 2009 жылы зейнеткерлік жасқа жетіп, 2010 жылы шаруашылықты абыроймен тапсырды. Абыроймен деп отырғанымыз – соңына сөз ерген жоқ, облыс, аудан басшыларының, ауылдағы ақсақалдардың алғысына бөленді.
Сүйіп қосылған жары Ғалия Сәтмағамбетқызымен отыз жылдай отасты. Екі бала өмірге келді. Ғалияның қолынан сан мәрте дәмін татып едік. Өте иманжүзді жан болатын. Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды деген ғой. 2000 жылдың ақпан айының аяғында Алматыда жүрекке ота жасау үстінде өмірден өтті. Ғалияның өмірден ерте кетіп қалуы Сансызбай мен балаларына ғана емес, ағайын-туыс, дос-жаран үшін орны толмас өкініш болды.
Ұлы Алмас – заңгер, қызы Айман – мұғалім, өмірден өз орындарын тауып, әкелерінің жақсы атын асқақтатып жүрген жандар. Немересі Айзаңым жас болса да өзінің тауып сөйлейтіндігімен, ерке қылықтарымен атасын тәнті етіп жүр.
Сансызбай Алпысбайұлы тек шаруамен ғана айналысып жүрген адам емес, ол ақынжанды азамат. Оның әр кезде жазылған өлең жолдары мен ой иірімдерін толғанбай оқуға болмайды. Әсіресе, асыл жары, балаларының анасы Ғалия өмірден өткеннен кейін ұзақ тебіреністе жүрді.
– Мен осы жасқа келгенде өлең жазайын, ақын болайын, атымды шығарайын деп жүрген жоқпын. Өзің білесің ғой, сендер жазған уақыттан бастап қолға қалам алып, өлең жазумен айналыссам, он шақты кітабым алдарыңда жатар еді. Ғалияның қазасына байланысты ендігі көңілімді періште-жырмен жеткізгім келеді де тұрады, – деді бірде маған Сансызбай құрдасым жан сырын ақтарып. Түсіндім. Түсінгенім, сағыныш, тән мен жанның қиналысы, жайшылықта қалғып жатқан шығармашылық мүмкіндіктер бұлақтай өз көзін тапқаны. 2000-2014 жылдар аралығында үлкенді-кішілі бес кітап шығарыпты. Олар “Жанымның жарасы” (2001 жыл), “Қайғыңменен жасыдым” (2002 жыл), “Көңіл шері” (2003 жыл), “Бір қуанып, бір өкінген өмір-ай!” (2005 жыл), “Өзге емес, өзім айтам өз жайымды” (2014 жыл). Бағасын оқыған жұрт бере жатар.
Сансызбайды менен кем білмейтін белгілі ақын Төлеген Қажыбай, жазушы, драматург, Сенат депутаты Жабал Ерғалиев, әнші, сазгерлер Тыныштық Шаменов, Иран Тасқара, бірнеше кітаптың авторы, жерлесі Сайлау Көшкенұлы абзал азаматқа жүректен шыққан ән-жырларын, ой-толғақтарын арнапты.
Мерейлі 70 жасың құтты болсын дей отырып, жылы лебізімді мен де мына бір өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көрдім:
Сағынып жүрер сырласым менің,
Қалжыңы бір құрдасым менің.
Сексеннің сеңгірінен көрінейік,
Орның төр боп, сыйласын елің,
сыйласын елің!
…Міне, көрікті Көкшенің арайлап тағы бір таңы атты. Ақан сері көшесіндегі зәулім үйдің алдында кешегі торы атқа ер салып жатқан әкесі Алпағаң сияқты Сансызбай да “қара айғырына” (өзінің денесіне сай еңселі қара “Джипті” айтам. С.Х.) беттеп келеді. Қазір көлігін от алдырып, Қарағаш не Аққұдыққа бет алатынына күмән жоқ. Өйткені, ол бар саналы өмірін арнаған орта – ауылды сағынып жүреді.
Совет ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Көкшетау қаласы.