«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫ ДАМЫТУДАҒЫ ҰМТЫЛЫСТАР

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Аққайың ауданындағы жұмыс сапарын Астраханка ауылындағы Мәдениет үйінен бастады. Нысан жергілікті серіктестіктің қолдауымен қалпына келтіріліп, есігін айқара ашқан. Мұнда түрлі алқалы басқосулар мен мәдени іс-шаралар өткізуге арналған конференц-зал және кітапхана бар.

Ғауез Торсанұлы шығарма­шылық ұжыммен кездесіп, ұсы­ныс-пікірлерін ден қоя тыңда­ды.

“Мынандай тамаша ғима­рат бос тұрмай, қыж-қыж қай­на­ған мәдени өмірдің орталы­ғына айналуы тиіс. Бірінші ке­зекте жастар белсенділік көр­сетуі керек. Енді олар бос уақыттарын қайда өткіземіз деп уайымдамайды”, – деді өңір басшысы.

Ленинское елді мекенінің ауылішілік жолдары да жөн­деу­ден өткен. 5 көшеге ас­фальт төселіпті. Тюменка, Көк­те­рек, Тоқшын және Власовка ауылдарына кіреберіс жолдар жөнделген. Аудан аумағында автожолдардың жалпы ұзын­ды­ғы – 645,5 шақырым. Биыл жоспарланған барлық шара­лар мерзімінде орындалыпты.

Облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының мін­де­тін атқарушы Ерден Шорты­баевтың мәлімдеуінше, Ленин­ское, Қиялы және Смирново ауылдарындағы ішкі жолдар толық қалпына келтірілген. “Петропавл жолдары” серік­тес­тігі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұс­таумен айналысады.

Облыс әкімінің келесі аял­да­ған нысаны – Аралағаш ауы­лындағы “Северный бройлер” құс фабрикасы. Заманауи фаб­ри­каға Голландиядан әкелін­ген жабдықтар орнатылған.

“Солтүстік бройлер” құс фабрикасының құрылтайшы­сы Сергей Домаев 12 құс қора­сының 10-ы толық іске қосыл­ға­нын, қалған екеуі жабдықта­лып жатқанын жеткізді.

“Ауданда орналасқан 241 агроқұрылымның 128-і мал шаруашылығымен айналысады. 10 шаруашылықта 8,5 мың бас ірі қара бағылады. 9 тауар­лы-сүт фермасы жұмыс істей­ді. Әр сиырдан күніне орташа есеппен 26,5 литр сүт сауылады. Бұл меже – облыстық көр­сеткіштен (22,2 литр.) жо­ғары”, – деді өңір басшысына есеп берген аудан әкімі Жанар Құсайын.

Ғауез Торсанұлы Рублевка ауылындағы “Иван Зенченко” серіктестігінде болып, мал азығының сапасымен, селек­циялық комбайнның жұмысы­мен танысты. Серіктестік ди­ректоры Геннадий Зенчен­коның ай­туын­ша, қоғамдық мал үшін сүр­лем, пішендеме, құрама-жем сияқты құнарлы мал азы­ғы жеткілікті көлемде әзірлен­ген.

Безлесное селосының ма­ңында салынып жатқан бөгет­тің құрылысымен аудан әкімі­нің орынбасары Нұрлан Тел­таев та­ныстырды. Бұл мақсат үшін жер­гілікті қазынадан 5 млн. теңге бөлінген. Аралағаш, Рублевка ауылдары үшін жан-жақты қа­уіпсіздік шаралары жасалған.

Власовка елді мекенінде “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жоба аясында медициналық пункттің құрылы­сы жүргізілуде. Осындай нысан­дар Тюменка мен Ивановкада да бой көтереді.

Ғауез Нұрмұхамбетов тех­ник­алық қадағалау мамандары­на істің сапасын мұқият бақы­лауды, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды тіркеп, хабарлап отыруды тапсырды.

“Гагарино” серіктестігі Қия­лыда 400 басқа шақталған та­уарлы-сүт кешенін салуда. Өңір басшысы ферма­лардың мәсе­ле­сіне назар ауда­рып, оны жеделдетіп шешу қа­жеттігін еске салды. Шағалалы ауылындағы ауыл ша­руа­шылығы тәжірибе стансасы­ның тазарту желісінде маман­дар бі­ре­гей және эли­талық тұ­қым өнді­румен, бидай­дың жаңа сұрыпта­рын шығару­мен айна­лы­сады. Биыл 3 мың тоннаға жуық эли­талы тұқым қамбаға құйылған.

Облыс әкімі инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы бас­шыларымен, жұртшылықпен кез­десіп, алдағы жоспарлар мен атқарылатын жұмыстар тал­қыланды.

Аудан әкімі Жанар Құсайын күзгі орақтың қорытындысы туралы баяндады. Егін жинау науқанының 65 күнге созылға­нына, оның 34 күні жаңбырлы болғанына қарамастан 217 мың гектар алқаптан 389 мың тонна астық бастырылған. Гектар шы­ғымдылығы 23 центнерден ай­налып, өңірдегі ең жоғары көр­сеткішті құраған.

Байболат ҚҰЛТАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp