Өзіміз шалғайда жүрсек те, туып-өскен, бақытты балалық шағымыз өткен ауылымыздың орны ерекше, оның бүгінгі жағдайы, болашағы әрқайсымызды толғандырмай қоймайды. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауын үлкен үмітпен тыңдадық. Өйткені, онда ауыл тіршілігін, ахуалын жақсартуға байланысты нақты міндеттер жүктелген.
“Ең алдымен, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын”, – деді Елбасымыз. Орынды көтерілген бұл мәселе ауыл тұрғындарының көңіліне майдай жаққаны сөзсіз. Себебі, ауылдық жерде медицина саласын дамыту мәселесі өте маңызды. Мысал ретінде өзім туып-өскен Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылындағы жағдайды айтсам деймін. Ондағы дәрігерлік амбулаторияда бір ғана медбике жұмыс істейді. Сонымен қатар тұрғындардың денсаулығына қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғылар тапшы. Сондықтан ауыл тұрғындарының денсаулығына ерекше мән беріліп, Жолдауда көрсетілген мәселелер шешімін тапса дейміз.
Ауылдық жерлердегі келесі бір маңызды мәселе – жол және ауызсу. Қыс мезгілінде жолдың дұрыс тазаланбауының салдарынан ауруханаға уақтылы жете алмау сияқты түрлі жағдайлар жиі кездесіп жатады. Мемлекет басшысы маңызды құжатта бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, жолдарды жөндеуге 150 миллиардқа дейін, ал ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін 100 миллиард теңге қаражат бөлінетінін айтты. Бұл ауыл тұрғындарына үлкен үміт сыйлады.
Елді мекенде сапалы білім беретін білім ордасы болмаса, баласының қамын, болашағын ойлаған ата-ана ауылдық жерде тұрақтап қалмасы анық. Яғни, елдің болашағын ойлайтын болсақ, ауылдық жерлердегі мектептерді бала саны аз деп жаппай, керісінше, көркейтуге тырысуымыз қажет. Дәуқара орта мектебінде де бала саны аз. Ал көрші ауылдардағы білім ордалары төрт сыныптық болғандықтан, ондағы жоғары сынып оқушылары біздің ауылға қатынап оқуға мәжбүр.
Айғаным АСЫҒАТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.