Ауылдардың саны бойынша екінші орындағы Солтүстік Қазақстан облысында «келешегі жоқ» елді мекендер аз емес. Қазіргі таңда 635 ауылда 270 мыңдай адам тұрады, соңғы 10 жылдың ішінде тұрғындар саны 42 мыңға кеміп кеткен. Тек былтырдың өзінде ғана адам саны елуден аз 45 ауыл қысқартуға ілікті. Басты себеп– қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдардың жоқтығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоятынын және Үкіметке 5 жылға арналған нақты жоспар әзірлеуді тапсыратынын мәлімдеген еді. Игі бастама халыққа арнаған Жолдауларында одан әрі жалғасын тапты.
ШЕКАРА ШЕБІНДЕ
Беталысымыз – Мамлют ауданындағы Щучье ауылы. Бүгінде 114 тұрғыны ғана қалған бұл елді мекенде бір кездері 300-ден аса адам тіршіліктің қазанын қыж-қыж қайнатты дегенге сену қиын. 2018 жылы жолымыз түскенде тұрғындар бірқатар проблеманы алға тартып, әсіресе, көктем мен күздің лайсаң күндері қатынаудың үлкен мехнатқа түсетінін айтқан еді. Осы жолы Белое мен Щучье арасындағы 9 шақырым жолда ешқандай қиындық туындай қойған жоқ. Жолға қиыршық тас төселген, тазалап, ретке келтіріп тұратыны бірден аңғарылады. Шекаралық аймақ екенін аңғартатын белгілер жиі ұшырасады. «Белое-Агро» ЖШС-ға жетекшілік ететін Талғат Әлжанов елді мекенді қамқорлығына алғанда тұрғындар бұл қадамға үлкен күдікпен қараса, уақыт өте келе сенімдері беки түскен секілді.
Жолбасшымыз – Белое ауылдық округінің әкімі Әділхан Разиев жағалай таныстырып келеді. Көшенің қос қапталы – бой түзеген үйлер мен құрылыс алаңдары. Бірталай жүргеннен кейін бұрылыста шекара шебіндегі шынайы көріністі айғақтағандай Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан шекара қызметіне қарасты «Ақкөл» шекара бөлімшесін кезіктірдік. Бөлімше бастығының міндетін уақытша атқарушы Мұхамеджан Әбітаев белгіленген аумақта мемлекеттік шекараны күзету, қадағалау міндеттері жүктелгенін айтты. 1970 жылы салынған балабақша шекарашылардың отбасыларына уақытша баспанасы ретінде беріліп, орын жетпегендері үй жалдап келсе, биыл қалашық іспеттес «Офицерлер үйі» пайдалануға берілмек. Монша, асхана сияқты басқа да нысандар тұрғызылмақ.
Серіктестіктің жағдайымен танысу кезінде осындай ауқымды шараларды адамдардың тұрмыс сапасын жақсартудың стратегиялық бағдары ретінде таңдап алынғанына көз жеткіздік. Бізді қарсы алған бөлімше басқарушысы Алексей Левиннің айтуынша, 2000 жылы құрылған шаруашылық мал өсірумен және егіншілікпен айналысады. Даниядан әкелінген ангус тұқымды ірі қара жарты мыңнан асқан. Түсетін табыс қыруар. Бұдан бөлек, жылқы, қой бар. Егістіктің көлемі 6 мың гектарға жуық.
Алексей Анатольевич бізді иесіз қалған клуб үйінің қалпына келтірілу жайымен таныстырды. Кірсе, шыққысыз. Ал талай жыл төрт қабырғасы қалқиып тұрған, аумағы 1,5 мың метр аумақты алып жатқан мектеп ғимараты аукцион арқылы сатып алынып, күрделі жөндеу жүргізілген. Бильярд, волейбол, теннис, банкет залдары, сауна жұмыс істейді, зейнеткерлерге кіру тегін. Жыл аяғына дейін шағын орталық, дәмхана, дүкен, фельдшерлік-акушерлік пункт, шаштараз, мал өнімдерін өңдейтін цех бой көтермек.
2012 жылы қолданысқа берілген мал бордақылау кешенінде жұмыс қызған. Бір кездері шетелден 1,5 млн. АҚШ долларына сатып алынған асыл тұқымды мал бүгінде ерен табыс көзін құрап отыр. 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың арасында Белоеден қатынайтындары да бар. Орташа жалақы 200 мың теңгеден асады.
Щучьеде шаруашылықтың есебінен 3 үй тұрғызылып, екі үйдің іргетасы қаланған. «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы бойынша Түркістан облысынан көшіп келген екі отбасы жұмысқа орналастырылған, үш бөлмелі зәулім баспана берілген.
Бір кездері жабылуға шақ қалып, тағдыры қыл үстінде тұрған ауылдың бүгінгі келбеті сүйсіндіреді. Талғат Әлжанов сияқты әлеуметтік жауапкершілікке берік азамат болмағанда Щучьенің де картадан жойылып кетуі әбден мүмкін еді.
АУЫЗСУДЫ ТАСЫП ІШЕДІ
Жолдауда халықтың әл-ауқатын жақсартудың бірқатар жолдары аталды. Соның бірі–мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданған алты жылға жуық уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас саласында жаңа жүйе қалыптасты. Дегенмен Президент атап өткендей, берген уәде мен іс үшін жауап беру аса маңызды, мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Белое ауылдық округі аумағында әлі күнге дейін сағызша созылып, шешімін таппаған түйткілді мәселелер аз емес. Соның бірі– щучьеліктер ауызсудың зардабын әбден тартып келеді. «Белое Агро» ЖШС округ орталығынан тіршілік нәрін тасиды. Ол біріне жетсе, екіншісіне жетпей жатады. Аудан басшылары есептік кездесулерінде «Құбыр тартудың жобалық-сметалық құжаты рәсімделіп жатыр, азырақ шыдаңдар» деп үміттендіргенімен нәтиже жоқ. Ауылдық округ әкімі берген мәліметке сәйкес, ауылішілік жолды орташа жөндеуден өткізіп, асфальт төсеуге, айналма жол салуға жобалық-сметалық құжат дайындалыпты. Тек 420 млн. теңгені асыға күтіп отырған тәрізді. Алайда қаражаттың қашан түсетінін дөп басып айта алмауына қарағанда қашпаған сиырдың уызын жегізгенмен бірдей ме деп қалдық.
Шекара шебіндегі ауылды айтпағанда, округке қарасты елді мекендерде қыруар проблема қордаланып қалған. Мәселен, Чистоеде бар-жоғы 48 үй түтін түтетіп отыр, оған жету – бір азап. Тұрғындар – түгелге дерлік зейнеткерлер. Ковальда 12 үй ғана бар. Байланыс нашар, күнделікті азық-түлік сатып алатын дүкенді емге таппайсың. Сливноеде 6 адам ғана тұрады. Белоедегі әкімдік аппарат орналасқан ғимарат апаттық жағдайда. Сараптамалық комиссия күрделі жөндеуге 491 млн. теңге қажет деген қорытынды шығарған. Бірақ қаражат әлі бөлінбеген. Оның бір қанатына дәрігерлік амбулатория, учаскелік инспектор, кітапхана, пошта бөлімшесі, мал дәрігері, фельдшерлік акушерлік пункт жайғасқан. Нысан аудандық мәдениет бөлімінің есебінде, былтыр жобалық- сметалық құжат әзірленген. Содан бері жауабын ала алмай, дал болып отырған жайлары бар. Төбеден су ағып, кітапхана басқа бөлмеге көшірілген. Жарты мыңнан астам тұрғыны бар ауылда клуб, спорт зал жоқ. Негізгі трассадан елді мекенге дейінгі арақашықтық – бар-жоғы 4 шақырым ғана.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Pıkır
Қазақстанда ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған бірнеше ірі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Олардың ішінде ең маңыздылары – «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен ауылға!», «Еңбек», «Сыбаға», «Агробизнес – 2020», «Құлан» және «Алтын асық», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары. Аталған бағдарламалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге, ауылдық аймақтардағы әлеуметтік және экономикалық жағдайды жақсартуға үлкен үлес қосты. Олар ауылдық елді мекендердегі халықтың тұрақты табыс табуына, инфрақұрылымның жақсаруына және ауыл шаруашылығының дамуына әсер етті. Әлі де ауылдың әлеуетін көтеруге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырыла берері анық. Бұл жайында Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында айтып, нақты тапсырмалар беруде.
Жолдау талаптарын жүзеге асыруға «AMANAT» партиясы да белсене атсалысып келеді. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін беретін бірқатар игілікті істердің өркен жаюына ықпал етті. Олардың қатарында «Кедергісіз келешек, «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобалары бар. «Ауыл аманаты» – Қазақстанның ауылдық аймақтарын дамытуға бағытталған мемлекеттік жоба. Жобаның мақсаты – ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетін дамыту арқылы ауылдағы жұмыссыздықты азайту, халықтың табысын арттыру және агро-өнеркәсіптік кешенді нығайту.
Алтын САҒИТОВА,
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрайымы.