«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫ ТАЗАЛЫҚҚА ҮЙРЕТКЕН МАЙДАНГЕР

Біздің әкеміз Қаратай Әбілеұлы Аблин Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданына қарасты (бұрынғы Ленин ауданы) Қарағай ауылында 1925 жылы 30 қаңтарда дүниеге келген. Әке мен шешеден ерте жетім қалған. Ағасы Елубай екеуі бірін-бірі жетектеп, нағашы жұртын паналап өскенін әкем айтып отырушы еді.

1941 жылы ағасы Елубай, 1943 жылы 18 жасында әкеміз соғысқа аттанған. Забайкалье фронтының 1917 зенитті-артиллериялық атқыштар полкінің атқыштар батальонында атқыш болған. Осы полк құрамында 1943 жылы батыс майданға аттанып, 1945 жылғы тамызға дейін қару асынған. Талай жараланған адамдарды окоптан алып шығып, санитарларға жараларын таңып көмектескен екен. Сол кезде әкеміздің медицинаға икемі барын байқап, қосымша санитарлық қызмет жүктеліпті. 1943 жылы соғыста жүріп, партия қатарына қабылданады.

1944 жылдың 9 тамызында санитарлық нұсқаушы, соғыс аяқталғанда медицина қызметінің старшинасы атанған. Соғыс аяқталғаннан кейін Жапон соғысына, хинган-мукден бағытындағы Манжурия стратегиялық операциясына қатысқан. 1945 жылдың 5 қыркүйегінде соғысты аяқтап, сол жақта мерзімнен тыс әскери қызметте қалған.

Әскери мерзімі аяқталғаннан кейін 1951 жылдың шілде айында елге оралып, Тұңғиық (қазіргі Бұлақ ауылы) фельдшерлік пунктінде фельдшер болып еңбек жолын бастайды. Сол жылы Петропавл қаласындағы фельдшерлік-акушерлік мектепке медициналық акушер мамандығына түсіп, экстерн түрінде оқып бітірген.

1960-1967 жылдары Тауағаш ауылының фельдшерлік пунктіне ауыстырылып, сол жерде қызмет істеген. 50 үйлі Сарман тұрғындарын да қоса қараған. Қызмет бабымен Тауағашқа отбасымен барғанда бос үй болмапты. Амалсыздан фельдшерлік пункт орналасқан ғимараттың екінші жағына қоныстанған. Анамыздың айтуынша, әкеміз өте кішіпейіл, қонақжай болған. Ауырып келген адамды қарап, емдегеннен кейін үйге шайға шақырады екен. Анамыздың әзірлеген тамағының иісі бүкіл үйге тарап, емделуге келген адамды еліктіретін болыпты. Сондай бір емделуге келген адам аудандық газетке «Асхана ма, әлде аурухана ма?» деген мақала жазған.

Тауағаш ауылында қызмет істегенде әкеміз 400-ден астам сәбидің кіндігін кесіп, бірнеше баланы ажалдан алып қалған. Күн демей, түн демей Сарман ауылына ат арбамен, кейде жаяулап та барып, емін жасап отырған. Ағам Бауыржан жанында еріп жүретін. Ауылға келгеннен бастап оны абаттандыруға көп көңіл бөлген. Ағамның айтуынша, әкеміз Тауағаш ауылының көше қоқыстарын жинатып, ауыл сыртына төккізген. Ауыл басшысының алдына талай мәрте барып, үйдің маңайына қоршау жасатқан екен. Адал еңбегімен елге сыйлы болған. Сол істеген жақсы істері үшін шығар әлі күнге дейін ел аузынан «Шіркін, Қарекең ғой ауылды тазалыққа үйреткен, ондай адам мыңда біреу болса керек» деген жылы лебіздерді жиі естиміз.

1967 жылдың қазан айында әкеміз Ақтас ауылының фельдшерлік пунктіне қызметке орналасады. Сол кездегі 60 үйлі Ақтас ауылын, Қарағай мен Бұлақтың тұрғындарын қоса емдеген. Бұл жақта да үй және көше тазалығына көп мән беріп, Ақтас ауылының көркеюіне атсалысқан. Тіпті ауыл ішіне қоқыс төктіртпей, ауыл сыртында арнайы жер белгілеген. Қазіргі кезде сол қоқыс орны дөңге айналып, ауыл ішінде «Қарекең тауы» деп аталып кеткен. Әкеміз ауыл дәрігерімен қатар партиялық ұйымдастырушы қызметін де атқарған. Мектеп пен медпункттың маңайына гүлзарлар жасап, гүл отырғызып, ағаш егуге атсалысқан. Оған «Ленин туы» газетінде 1973 жылы жарияланған мақала дәлел. Онда: «Алпыс үйлі Ақтастың кәрі-жасы өз ошағынан бастап мәдениет орындарын көріктендіруге бір кісідей жұмылдырылды. Қарекең халық қалаулысы депутат ретінде, партия ұйымының хатшысы ретінде де осы үлкен істі ұйымдастырып, оған басшылық көрсетті. Ауыл ортасынан сегіз жылдық жаңа мектеп үйінің салынуына ықпал жасады. Өзі ауыл басшылығымен бірге жазғы демалыста төрт бөлмелі медпункт үйін салып, пайдалануға берді. Сөйтіп, 1973 жылы сегіз жылдық мектеп пен медпункт үйі халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Ауыл көркейіп, мектеп қасына 1970 түп ағаш отырғызылды. Медпункт пен көшелерге көрік беретін 1200 түп ағаш және бар. Ақтас ауылы бүгін алыстан шағаладай аппақ үйлерімен, сәнді көшесімен, жап-жасыл желекке бөленетін ағаштар көркімен көз тартады. Осының бәрі соңғы екі жылда атқарылған істер», – делінген.

Әкеміз өздігінен білім алып, әр уақытта медициналық газет, журналдарға жазылып, көптеген кітаптар оқып, білімін жетілдіріп отырған. Демалыс күндеріне қарамастан, күндіз-түні басқа ауылдардан ауырған адамдар келетін. Әкеміз оларды үйде де қабылдай беретіні есімде қалыпты. Сынықты салып, жараны тігіп, ауыр жарақаттарды емдеген. Тіпті ауыл маңынан дәрілік өсімдіктерді уақытында ретімен жинап, пайдалана білді. Ауылдың әр үйін, отбасының әр мүшесінің халін біліп, хабардар болып отыратын. Өзінің қажырлы еңбегінің арқасында әкеміз – елдің елеулісі, халықтың қалаулысы болған адам. 1999 жылы зейнеттік жасқа жеткенше қызмет атқарды. Санап отырсақ, медицина саласында 48 жыл еңбек етіпті. Осы бір қажырлы еңбегінің арқасында Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «СССР Денсаулық сақтау үздігі» белгісін, «Халықтар достығы» орденін төсіне тақты. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген денсаулық сақтау қызметкері» атағы берілді. «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Анамыз да әкеміз қай жерде еңбек етсе де қасында жүрді. Санитарлық қызметкер болып, медпункттің тазалығын қадағалап отырды. Ата-анамыз қол ұстаса жүріп 7 бала өсіріп, бәрімізді оқытты, жеткізді. Әкеміз 2000 жылы 75 жасында дүниеден өтті. Осы аз ғұмырында жетімдікті де, жоқтықты да, қан майданда болып, талай қиыншылықты көрсе де, отбасына, еліне, Отанына адал қызмет етті. Әкеміздің осы бір азаматтығын балалары, немере- шөберелері мақтан тұтамыз.

Әлия АБЛИНА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp