«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫ ТАҢДАҒАН АСТАНАЛЫҚ атакәсіпті дамытуды көздейді

Үлкен қалаларда табысты қызмет атқарып, еңбегімен елге танылып жүрген азаматтардың басым бөлігі ауылдық жерден шыққаны белгілі. Олар алдына белгілі бір мақсат қойып, асқақ арманына жету жолында аянбай еңбектеніп, талпынғанының арқасында талай биіктерді бағындыра білді. Алайда, күнделікті нәпақасын табу үшін ауылдан қалаға барып, онда жалдамалы пәтер жағалап, тұрақты табысқа қол жеткізе алмай жүргендер де баршылық.

Осындай кезде өзінің болашағы үшін үлкен мүмкіндіктерге толы әсем қала – Нұр-Сұлтан шаһарынан өңіріміздегі ауылдардың біріне көшіп келіп, өз ісін ашып, табысты еңбек етіп отырған Назарбай Қалиев көп жасқа үлгі. Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласында мүмкіндік көп болғанымен, бәсекелестік те жоғары. Ал кез келген адам, ең бастысы, өзінің жүрек қалауын тыңдап, қолынан келетін істі ғана атқаруға ниеттеніп, сенім артып отырған ата-анасы мен жақындарын қуантуға талпынуы керек.

Назарбай Қалиев осыдан алты жыл бұрын Мағжан Жұмабаев ауданына көшіп келіп, мал шаруашылығын қолға алуды жөн санады. Бұл істі ең төменнен жаңадан бастаған жас кәсіпкерге бастапқы жылдары оңайға соқпағаны рас. Алайда, алдына нақты мақсат қойып, соған жетуге ұмтылған талапты жас “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламасының қолдауына жүгініп, қолға алған ісін жүргізіп, жетілдіру мақсатында “Іскерлік байланыстар” жобасының аясында 800 мың теңге көлемінде несие ресімдейді. “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Германия еліне барып қайтқан Назарбай кәсібі мен өзі үшін көптеген қызықты және пайдалы дүниелерді үйреніп келгені сөзсіз.

Жас кәсіпкердің күн мен түнге қарамай еткен еңбегінің нәтижесінде қазіргі таңда қорасында 12 бас сиыр, 14 жылқы және 80 қой бар. Жергілікті атқарушы орган жемшөп әзірлеу үшін жайылымдық және шабындық жер бөліп берген.

Оның үстіне биыл Назарбай Қалиев еңбекқорлығы мен білімінің арқасында республикалық қой өсірушілер палатасына жергілікті өкіл болып тағайындалды. Осылайша, асылтұқымды қойларды көбейту бағытына жауап береді.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp