Өңірімізде соңғы жылдары туған ауылының экономикасын көтеріп, түрлі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы нысандарын ашып жатқан кәсіпкерлер саны артуда. Солардың бірі – Нұр-Сұлтандық Абзал Кәкімов. Елордалық инвестор өзі туып-өскен Уәлиханов ауданына қарасты Қайрат ауылында 1400 бас ірі қараға шақталған кешен салып, елді мекен тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтыды.
Қайрат ауылындағы мал кешені жақында өз жұмысын бастайды. Базаны салу үшін елордалық кәсіпкер 70 млн. теңге инсвестиция құйған. Ірі қараға шақталған қораларда асыл тұқымды мал басы көбейтілмек. Оған қажетті жем-шөп пен техника дайын. Бұдан ауыл тұрғындарының да ұтары мол. Қазірдің өзінде қайраттық 13 азамат жұмыспен қамтылды.
“Мал кешенінің ашылғаны мен үшін де, ауылдықтар үшін де зор қуаныш. Жерлестерім жаңа жұмыс орындары ашылғанына дән риза. Жаңа нысан жыл 12 ай бойы жұмыс істейтінін бүгінде сеніммен айта аламын. Қайраттықтарға уақытында еңбекақыларын төлеп, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндік туып отыр. Жұмысшыларымызға отын тегін беріледі. Кейін мал басы көбейген кезде, оларға малмен де көмек көрсетілмек”, – деді «KAZ G INVEST» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері басқармасының басшысы Абзал Кәкімов,
Кешен 1400 ірі қараға шақталған. Серіктестік 100 бас герефорд және қазақтың ақ бас сиырын сатып алыпты. Бұл мақсатқа инвестор 60 млн. теңге жұмсаған. Оның айтуынша, алдағы үш жылда шыққан шығын толығымен өтеледі. Сондықтан кәсіпкер негізінен ет бағытын дамытуды жоспарлап отыр.
Жаңа кешеннің іске қосылуы елді мекеннің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатының жақсара түсуіне де септігін тигізбек. Уәлиханов ауданының және Қайрат ауылының әкімдері Медет Оспанов пен Ержан Бітниев кәсіпкердің өз ауылына адалдығына жақсы баға беріп отыр.
“Ауылымыз үшін осы бір игі шара үлкен жаңалық болды. Өйткені жерлесіміз жерлестері үшін аса пайдалы істі қолға алып отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылғаны ауылдықтарға сеп. Болашақта біздің ауылымыздан ет және сүт өнімдері шығарылатыны біз үшін ғанибет. Бұл дегеніміз ауылдың тамырына қан жүгіре бастады деген сөз. Алыстағы басқа да ағайындарға үлгі болады-ау деген үміттеміз”, – деді ауыл әкімі.
Кешеннің ашылу салтанаты Конституция күнімен тұспа-тұс келіп, ауыл халқы қос мерекені бірдей атап өтті. Концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өз жұмысын адал атқарған түрлі сала мамандары марапатқа ие болды.
Айта кетейік, елімізде 2017 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы өндірістік коопертивтерін дамыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған болатын.