Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Есіл ауданына жұмыс сапарымен барып, Еңбек ауылында бастауыш мектептің ашылу салтанатына қатысты. Бұған дейін ауыл балалары білім алу үшін күн сайын көршілес елді мекендерге қатынайтын. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Мектеп жергілікті кәсіпкер, «Бай Еңбек» ЖШС басшысы Қайырбек Қожасовтың жеке қаражаты есебінен салынды.
Жобаның жалпы құны 350 миллион теңгені құрады. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен туған ауылдың дамуына қосқан үлесінің жарқын үлгісі.
Салтанатты шарада өңір басшысы сапалы білімге қолжетімділік – әрбір ауыл тұрғынының негізгі құқығы, ал оны қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті екенін баса айтты.
– Облысымызда соңғы 3 жылда 2340 орынға арналған 6 мектеп салынды. Білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту ісіне бизнес өкілдері де лайықты үлес қосып келеді. Республика күні қарсаңында Еңбек ауылында бастауыш мектептің ашылуымен бәріңізді құттықтаймын, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сылдырай аққан ерке Есілдің жағасында, қалың орман алқабында орналасқан Еңбек ауылында 1999 жылы 300-ге жақын адам тұрған, қазір қалғаны – 35 түтін, тұрғындардың саны – жүзге жуық. Бала-шаға нәпақасын төрт түліктен айырып отырған еңбектіктерге өте ауыр тигені – 2017 жылы бастауыш мектептің есігіне қара құлыптың салынуы еді.
Егерде осы ауылдың тумасы, «Бай Еңбек» ЖШС-ның басшысы Қайырбек Қожасов тәуекелге бел буып, өзгеше шешім қабылдамағанда елді мекеннің орны ойсырап, жұрты ғана қалары кәдік еді.
Жаңа нысанның пайдалануға берілуі бірнеше әлеуметтік мәселені шешіп берді. Оқушы санының аздығынан жүдеп тұрған елді мекеннің еңсесі тіктелді. Атап айтқанда, сыртқа сабылып жүрген 14 оқушы оқуын енді осында жалғастырады. Екіншіден, 4 мұғалім, 11 тұрғын тұрақты жұмыс тапты. Үшіншіден, келесі жылы төрт жаңа баспана бой көтеріп, қоныс аударушылардың қатары көбейе түспек. Алыстан көз тоятын нысанда орналасқан төрт сынып, даярлық тобы оқу құралдарымен, жиһазбен толық жабдықталған. Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі мектеп ұжымына заманауи интерактивті тақтаны табыстады. Жаңа нысан ауыл өміріне соны серпін берген игі іс, болашаққа салынған инвестиция, меценаттықтың шынайы көрінісі ретінде бағаланды.
Өңір басшысы ауданға жұмыс сапары аясында «Покровка-Ильинка-Мектеп» бағытындағы облыстық маңызы бар жолды жөндеу барысымен және Мальцево ауылының маңында салынып жатқан көпір құрылысымен танысты.
Екі жылға жоспарланған жоба аясында 2 млрд. теңгеден астам қаржы игерілген. 15 қарашада жеңіл көліктердің, ал 15 желтоқсанда жүк көліктерінің өтуіне рұқсат берілмек. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев жақын күндері бетон құю жұмыстары аяқталып, көпірдің өткел бөліктерін орнату жоспарланғанын жеткізді.
Ғауез Торсанұлы Мальцево елді мекеніндегі антеннаның құрылғысымен де танысты. Байланыс сапасын жақсарту мақсатында бой көтерген мұнара «Мальцево» ЖШС-ның қаражаты есебінен салынған. Заманауи коммуникациялық құрылғы ауыл тұрғындарына интернет пен ұялы байланыс қызметін тұрақты пайдалануға мүмкіндік бермек.
Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміровтің айтуына қарағанда, облыс аумағы бойынша 97 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі, 111 ауылға сымсыз интернет тартылған. «Қолжетімді интернет» бағдарламасы шеңберінде озық жүйеге жылдың соңына дейін тағы 280 ауылды қосу көзделген. Республикалық маңызы бар автожолдар бойында 16 байланыс мұнарасы орнатылады. Бұдан бөлек, 195 ауылдағы операторлардың қызметіне мемлекет тарапынан субсидия бөлінбек. Шағын және шалғайдағы елді мекендер спутниктік байланыспен қамтамасыз етілмек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».