“Атамекен-Агро-Тимирязево” агроқұрылымы “Докучаевское” және “Жаманшұбар” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері негізінде құрылған. Тәуелсіздік алған жас мемлекетіміз енді-енді бой түзеп келе жатқан шақта құрылған серіктестіктің еншісінде кеңестік кезеңнен қалған, әбден тозығы жетіп, шашылуға шақ тұрған ескі техникалар ғана болды. Жаңа құрылым басшысы Қайыртар Сапулатов серіктестіктің жалақы қарыздары мен несиелерін жауып, Дмитриевка, Интернациональный, Құртай, Докучаево және Целинный ауылдық округтерінің жерлерін мемлекеттен жалға алып, жұмысын бастап кеткен.
Алғашқы жылы 17 мың гектар алқапқа егін септі. Қалған жерлердің барлығын арамшөп басқан. Ол жерлерді өңдеп айналымға қосу үшін аз тер төгілген жоқ. Әу баста таңдаулы тұқым шаруашылығын құруды мақсат еткен құрылым мемлекеттің қолдауының арқасында бұл мақсатына да қол жеткізді. Бүгінде аталмыш агроқұрылымның сыйымдылығы бірнеше мың тонналық элеваторы мен қайта қалпына келтірілген қырманы, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары бар. Егістік алқабы 37600 гектар жерді алып жатыр.
“Мал шаруашылығының машақаты көп болғанымен, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуде мүмкіндігі мол. Сондықтан осыдан бес жыл бұрын Америка Құрама Штаттарынан солтүстіктің қытымыр аязына төзімді “Ангус” тұқымды 240 сиыр мен 10 бұқа әкелдік. Кейін ол 280 құнажынмен толықты. Қазір шаруашылықта 1843 ірі қара, 215 жылқы, 1540 қой мен шошқа және 1031 ешкі бар”, – дейді Қайыртар Сапулатов.
Кәсіпорын басшысының ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жасап отырған игілікті істері көңіл қуантады. Бұрынғы сауда орталығы күрделі жөндеуден өткізіліп, сыртқы келбетімен қатар қызметі де өзгерген. Онда қазір кітапхана, дәмхана, тренажер, компьютер, би, бильярд залдарымен қатар, асхана мен наубайханасы бар “Мерей” мәдени-ойын-сауық орталығы орналасқан.
Көптен бері иесіз тұрып, жарамсыз болып қалған екіқабатты балабақша ғимараты да іскер кәсіпкердің арқасында қайта жөнделіп, жылу, су тартылды. Тұрғын үй ретінде пайдалануға берілген ғимаратта кәсіпорынның жас отбасылары мен мұғалімдер, дәрігерлер, учаскелік инспекторлар тұрады. Кәсіпорын есебінен салынған ауылдағы стадион мектептің қарамағына өткізілсе, жергілікті тұрғындар моншаның игілігін көруде. Басшы алдағы уақытта ауылға су беру жүйесін тартуды және аудан орталығынан Докучаево ауылына дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізуді қолға алмақшы.
Тың игеру жылдарында қазығын қаққан Докучаево ауылының тұрғындары кеңестік кезеңді де, тәуелсіздіктің қиын-қыстау кездерін де бастарынан өткерді. Тәуелсіздіктің қандай қиындықтармен келгенін, одан қалай шыққанымызды өз көздерімен көрді, ыстығына күйіп, суығына төзді. Бүгінде олар Қайыртар Сапулатов басшылық ететін “Атамекен-Агро-Тимирязево” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қамқорлығына бөленіп отыр.
Владимир СИНЕНКО,
журналист.