Аққайың ауданындағы Дайындық ауылы тәуелсіздік жылдары қиын-қыстау күндерді басынан кешіре отырып, Қызылжар өңіріндегі іргелі елді мекендердің біріне айналды. Оған сонау кеңшар тараған кезде облыс орталығындағы жылы орнын тастап, туған жеріне оралып, “Дайындық” ЖШС-ін ұйымдастырған, сол агроқұрылымды күні бүгінге дейін басқарып келе жатқан, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқаны үшін “Құрмет” орденімен, “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған, “Мемлекеттік тіл меценаты” атанған Біржан Шаймерденовтің қосқан еңбегі зор.
Біржан Әбділманұлының туған ауылын өркендету жолында атқарып жатқан игілікті істеріне тілші ретінде көптен бері куә болып жүрмін. Оны жасы кіші болғандықтан, іні ретінде құрмет тұтатыным да, кіндік кескен ауылында ғана емес, көрші Лесное елді мекенінде, аудан орталығы – Смирновода, тіпті, Петропавл қаласында жасап жатқан үлгі тұтарлық шараларына таңданатыным да рас. Оған келтіретін дәлелдерім де жетерлік.
Кеңшар тараған кезде 38 үйлі Дайындықтың бірде-бір шаңырағын шайқалтпай, жандарындағы Қызылжұлдыз ауылындай жойылып кетуіне жол бермей, түтін санын қазір 60-қа жеткізді. Шаруашылық қаржысына шағын ауылға мешіт үйін, дәрігерлік қосын, монша салды, мектеп пен Мәдениет үйі ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізді, мектепке жеңіл автокөлік сыйлады, Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арналған ескерткішті жаңғыртып, оған қойылған мәрмәр тақтаны Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көре алмаған жергілікті ардагерлердің есімдерімен толықтырды. Ауылда ауызсу мәселесі шешілген. Үстіне әдемі үйшік орнатылған колонкалар бәз-баяғы қалпында жұмыс істейді, елді мекеннің барлық үйі телефон байланысымен қамтылған.
Алдыңғы жылы серіктестік өз күшімен 5 үй салып, жергілікті тұрғындардың жаңа баспаналы болуына жағдай жасаса, былтыр да бұл үрдіс жалғасын тауып, 3 отбасы қоныстойын тойлады. Оған шаруашылықтың 10 млн. теңгедей қаржысы жұмсалды. Бұл ғимараттардың барлығы сапалы материалдардан салынып, ауылдың көркін аша түсті. Оларды ауыл құрылысшыларының салып жатқандығы қуантады.
Серіктестік жыл сайын 9 мың гектардай алқапқа дәнді және майлы, жемазықтық дақылдар егеді. 2012 жылы олардың әр гектарынан – 38, өткен жылы 25 центнерден өнім алып, облыста алдыңғы қатардан көрінді. Биылғы ауа райының қолайсыз жағдайының өзінде гектар берекелігі 15 центнерден айналды. Оған шаруашылықтың машина-трактор паркінің 100 пайызға жаңартылуы септігін тигізіп отыр. Оларда жұмыс істейтін жігіттер де сайдың тасындай, еңбек десе, жанып тұратын азаматтар.
Өткен жылы бір кездескенімізде Біржан ініміз:
– Таяуда америкалық “Джон-Дир” компаниясының өкілдері біздің шаруашылықта болып, серіктестіктің озат механизаторы Айтолла Сағындықовтың 2012 жылы өздерінде шығарылған қыр кемесімен 6 мың тонна астық бастырғанына таңғалды. “Джон-Дир” комбайны үшін бұл көрсеткіш бір маусымда жасалған дүниежүзілік рекорд екенін сол компания өкілдерінен естіп білдік. Айтолладан басқа тағы үш механизаторымыз осы межеден көрінген болып шықты. Осының өзі қарапайым ауыл еңбеккерлерінің өз ісіне шын ниетімен берілгендігін, жауапкершілікті ту еткендігін танытқандай. Бұл – біз үшін зор қуаныш. Сонымен алдыңғы қатарлы механизаторларымыз Гиннестің рекордтар кітабына еніп жатса, таңғалмаңыздар, – деген еді. Осының өзі іскер басшының жанына ниеттес команда жинай білгенін көрсетіп тұрғандай.
Шаруашылықта еңбек ететіндердің барлығы ай сайын тұрақты түрде атқарған жұмыстарына қарай еңбекақы алады. Ол серіктестікте орта есеппен 90 мың теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай серіктестіктің мал шаруашылығын қайтадан қолға алғанына да үш жылдың жүзі болды. 2012 жылғы 200 бас қазақтың ақбас мұқыл сиырына өткен жылы 135 бас етті-сүтті симменталь тұқымының үш түрі қосылған болатын. Биыл заманауи мал фермасындағы етті-сүтті ірі қараның саны тағы да жаңа асылтұқымды малдармен толығып, бүгінгі күні 700 басқа жетті.
Біржан Әбділманұлы – облыстағы белгілі атбегілердің бірі. Оның Бескөл ауылындағы жылқы фермасында асылтұқымды сәйгүліктер бапталады. Олар дүбірлі додаларға қатысып, Қызылжар өңірінің атын шығарып жүр. Бұрнағы жылы Президент кубогын жеңіп алған “Айман” тұлпарын атбегі Жылқы жылы да бірнеше рет сынақтан өткізіп, оның тұғырдан таймағандығына көз жеткізді.
Лесное ауылында “Дастархан” мейрамханасы мен сауда үйін ашып, жергілікті тұрғындардың өздеріне қажетті тауарларды қаланікіндей қолжетімді бағамен “алыстан арбаламай, жақыннан дорбалауына” жағдай жасап отырған да, облыста өтетін мәдени шараларға қомақты ақшалай қаржымен қолдау көрсетіп жүрген де Біржан Шаймерденов.
– Елбасының биылғы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында: “Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің басты себебі – бірлік, берекесі”, – деген сөз тектен-текке айтылған жоқ. Біз осы қағиданы ұмытпағанымыз жөн. Алда – Тәуелсіздік күні. Бұл мемлекеттік мерекеге біз де лайықты тарту әзірлеп қойдық. Ауылымызда 25 орындық балабақша ашқалы отырмыз. Бүгін соның қамымен жүрмін, – деді телефон арқылы хабарласқанымызда “Дайындық” ЖШС-нің директоры Біржан Шаймерденов.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.