«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АУЫЛҒА БАРАМ, БӘРІ ДЕ ТУЫС ЕЛ ЖАҚТА…”

Жастары алпысты алқымдап қалған бір топ тумалар аңызды ауыл – Айсарыға, алғаш білім нәрін алған мектебіне тағзым ете келді. Бастаушы – Қажымұрат Темірханов, қостаушылар – Ақан Малаев пен Асылбек Ыбыраев. Жастайынан құлын-тайдай тебісіп өскен достардың бір-біріне деген ілтипаты, сыйластығы, кіршіксіз көңілдері қандай десеңізші?! Бір ауылдан түлеп ұшқан алғыр жастардың бүгінде самайларын ақ қырау шалыпты.

Әңгімені Ақаңнан бастайық. Ол – құрыш қолды құрылысшы, елді мекендерде үй салумен айналысады. Сексен көлді құшағына аялай білген кербез сұлу Көкшетау өңірі оны ерекше мақтан тұтады. Жастайынан өнерсүйер қауым арасында өскендіктен, жаны нәзік, руханиятқа жақын. Ағасы Серік Тәттібайұлы (Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан “Ақселеу” ЖШС-нің жетекшісі екеуі) атақты жерлесі, Арқаның ақын-сазгері Тыныштық Шәменов жазған “Аңызды ауыл Айсары” кітабын жарыққа шығаруға демеуші болғанын айта кеткен жөн. “Әке көрген оқ жонар” демекші, баласы Олжас Сәбижанның есімі де жақсы мәлім. 9 жасынан ән салып, “Юрмала” жас әншілер байқауының Гран-при иегері, Испанияда өткен “Алтын дауыс” сайысында жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек, “Star Bridge” халықаралық конкурсында Гран-при, Токиода өткен Дельфий ойындарында алтын медаль иеленді. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар бүгінгі сазгерлердің туындылары да топтастырылған. Әрине, дарынның әншілік өнерін танып, бағдар берген әкесі Ақан екені даусыз.
Асылбек те – сыйлы азаматтардың бірі. Ән десе ішер асын жерге қоятын өнерпаз қайда жүрсе де қолынан қара домбырасын тастаған емес. 1992 жылдың қоңыр күзінде Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткенде Тыныштық ағасы екеуі ауылдың гимніне айналған “Айсары әнін” әуелете шыр­қап, шеттен ат терлетіп келген ағайындарымыздың құлақ құрышын қандырып еді. 2010 жылдың жазында Қазақстан Магниткасының 50 жылдық мерейтойында “Ақмола вальсін” тамылжыта орындап, көрермен қауымның риза болғаны соншалық, орындарынан тұрып қол соққан.
Үш достың арасында Қажымұрат Жұмабекұлының орны бөлек. Оның өмірлік ұстанымы айқын, қоғамдық белсенділігі жоғары. Өзі әртүрлі маркалы тракторларды “ерттеп мініп”, құлағында ойнайды. Қазаққа таңсық өнер – баян тартуды да тез-ақ меңгеріп алған. Ертеректе музыкант тапшы. Би кештері мен тойлар сырнайдың сырлы әлеміне жете қанық Қажымұратсыз өтпейтін. Көркемөнерпаздар ұжымының белді бір мүшесі, ұйымдастырушысы атанумен қатар талай сайыс-байқауларда топ жарады. Оның күрес әліппесін игергені, тіпті, қызық. Спорттың осы түрінен аудандық жарыс өтіп, ауыл атынан шығатын адам таппай тығырыққа тірелгенде таңдау қабырғасы қата қоймаған Қажымұратқа түседі. “Шешінген судан тайынбас” демекші, ауылдың қара топырағына аунап, қою шаңын жұтып жүрген жағы пышақ жанығандай талдырмаш бала жүрексінбей ортаға шығады. Алғашқы қарсыласын жамбасқа алып, екіншісін шалып жығады. Не керек, сол жарыста чемпион атанады. Салмағы сонда 45-ақ килограмм екен! Өнер жолын спортқа айырбастағанда, бәлкім, жауырыны жер иіскемеген балуан болар ма еді? Оған күш-қайраты да, жігері де жететін.
Үш дос туған ауылы Айсарыға қашан жеткенше асыққан. Алдымен бабалар қорымына зиярат етіп, сосын тарыдай шашылған ел ақсақалдарына сәлем берді. Білім ошағына арнайы аялдап, жастық шақтарын, аяулы ұстаздарын, құлын-тайдай тебісіп өскен құрдастарын сағынышпен еске алды. Мектептегі мұражайды тамашалады. Карантин шаралары ескеріліп, шағын құрамда кездесу өткізілді. Онда Қажымұрат ағамыз әңгімені әріден бастап, өткен ғасырдың аласапыран кезеңдері жайлы сыр шертті.
Айсары мектебінде ұйымдастырылған кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бөгенбай Жұрынтаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Айбек Хоршат, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мағжан Жүсіпбеков қатысып, ел азаматтарына қошемет көрсетілді. Ал Қажымұ­рат ағамыз болса, бастан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісіп, ауылдастарымен бірге шаттанды. Ауылға интернет жүйесін жеткізу мүмкіндіктерін ойластыратын болды. Білім ордасына компьютер сыйлады.
Кеш соңында досы Асылбек Ыбыраевтың сүйемелдеуімен ауыл туралы ән шырқап, жиналғандар туған жердің құдіретін жан дүниесімен сезінгендей болды. Менің ойыма “Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта, Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар-жоққа…” деген жыр жолдары оралды.


Болат ӘМІРИН.
Ақжар ауданы.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp