«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛҒА ДЕГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ ҚУАНТАДЫ

Аққайың ауданындағы Ленин ауылында “Шәймерденов” шаруа қожалығы 1200 басқа арналған тауарлы-сүт кешенін салып жатыр. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов заманауи фермада болып, ондағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Шаруашылық басшысы Біржан Шәймерденов биыл жеке қаражатына Австриядан симменталь тұқымды 600 ірі қара сатып әкеліп, өрісін кеңейткен. Сауын сиырлардың әрқайсысы күніне 20 литрге жуық сүт береді. Қазіргі таңда 41 сиыр бұзаулаған. Сол себепті, уақытша сауын залына сүт салқындатқыш танкерлер орнатылуда. Мұнда бәрі автоматтандырылған. Кәсіпкер қондырғыларды сатып алу үшін мемлекеттің қолдауына жүгініп, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы арқылы екінші деңгейлі банктен 165 миллион теңге несие ресімдеген. Кешенде 25 адам жұмыс істейтін болады.

Ферманың тыныс-тіршілігімен танысқан Құмар Ақсақалов жергілікті агроқұрылым басшыларын мал шаруашылығымен айналысуға шақырды.

– Ірімшік пен шұжық сияқты өнімдердің көбін шетелден әкелеміз. Ал біздің өңірдің шөбі шүйгін, климаттық жағдайы қолайлы. Жоғары сұранысқа ие сүт өнімдері сатылатын нарықтың көкжиегі де кең. Мәселен, көршілес Ресейдің ірі қалаларының тұрғындары біздің экологиялық таза тауарларымызға қызығушылық танытуда. Сондықтан жыл сайын облыста 8-10 заманауи тауарлы-сүт кешенін пайдалануға беруіміз қажет. Оған мүмкіндігіміз бар. Мұндай ферма әрбір ауданда болуы керек. Нәтижесінде өндіріс дамып, тұрғындар жыл он екі ай жұмыспен қамтылатын болады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Бұдан соң өңір басшысы Дайындық ауылына ат басын бұрды. Біржан Шәймерденов өз қаражатына ауылдастарының игілігіне 20 балаға шақталған шағын орталық пен медициналық қосын тұрғызып беріпті. Дәрігер Нұрбике Шәймерденованың айтуынша, нысан кеңжолақты интернетке қосылған. Алдағы уақытта тұрғындардың медициналық карталары электронды нұсқаға ауыстырылмақ. Ал 2016 жылы пайдалануға берілген шағын орталықта қазір 18 бала тәрбиеленуде. Кәсіпкер ғимараттың құрылысына 11 миллион теңге жұмсаған. Құмар Ақсақалов екі нысанды аралап, мамандардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Облыс әкімі ауылдағы негізгі мектепке де ат басын бұрды. Оқушылардың ғана емес, ауыл тұрғындарының да саламатты өмір салтын ұстануын қалаған кәсіпкер мұндағы спорт залдың құрылысына 30 миллион теңгесін жұмсапты.

Өңір басшысы туған ауылын көркейтуге қаржысын аямаған шаруашылық басшысының бастамаларына оң бағасын берді.

– Ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жүрген Біржан Шәймерденов – өзге агроқұрылым басшыларына үлгі боларлық азамат. Ол өз қаражатына ірі кешен салып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Осылайша, ауылдастарына қамқорлық жасауда. Әрбір агроқұрылым басшысы халыққа жанашырлық танытуы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.

Шаруа қожалығының жетекшісі бүгінге дейін жұмысшыларына 30 тұрғын үй салып берген. Биылғы жылы тағы 8 баспана пайдалануға берілмек. Олардың барлығы орталықтандырылған ауызсу және жылу жүйесіне қосылған. Осындай жылы да жайлы үйлердің бірінде Нұрмахамбетовтер отбасы түтін түтетуде. Ерлі-зайыптының баспанасында болған өңір басшысы биыл облыста 400-ден астам тұрғын үй салынатынын айтты. Құрылыс жұмыстары 140 елді мекенде жүргізілуде. Бұл үйлерді жұмыс күші көп оңтүстік облыстардан өңірімізге көшіп келген азаматтарға беру жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Астраханка ауылындағы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан орта мектепке соқты. Құмар Ақсақалов ауданда “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жастармен кездесті. Солардың бірі – Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Назерке Ерсайынова. Облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде білім алған ол 2016 жылы жұмысқа орналасып, баспана алу үшін 1 миллион теңге жеңілдетілген несие рәсімдеген. Сондай-ақ, жас маманға 156 мың теңге көтермеақы берілген. Өңір басшысы жастардың жұмысына сәттілік тіледі.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp