– Қайрат Сәкенұлы, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған «Ауыл» партиясының өңірдегі тыныс-тіршілігінен бастасақ.
– «Ауыл» партиясының облыстық филиалында штаттағы төрт қызметкер өңірдегі жұмыстарды үйлестіріп отыр. Жыл сайын әзірленетін «Жол картасы» бағдарламасы аясында жоспарларымыз жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жалпы атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде.
Өткенге көз жүгіртсек, 2024 жылы өңірде табиғи апат орын алып, ел басына күн туған сәтте партия белсенділік танытты. Зардап шеккен жерлестерімізге 100 тоннаға жуық гуманитарлық көмек көрсетіліп, еріктілеріміз күні-түні аянбай еңбек етті.
Сондай-ақ 33 жылдан кейін жастардың студенттік құрылыс жасақтары қайта жанданып, «Бірлік» шағынауданының құрылысына атсалысты. 80 адамнан құралған отряд баспанасыз қалған отбасыларға арналған 700-ге жуық үйдің 250-інің құрылысына айтарлықтай үлес қосты. 2025 жылы бұл бастама өз жалғасын тауып, жасақ мүшелері нәтижелі жұмыс атқарды. Бұдан өзге де өткізілген іс-шаралар жұртшылық тарапынан оң бағасын алды.
Қаз шаруашылығын дамыту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асырылды. «Ауыл» партиясының 25 жылдық мерейтойына орай «Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» атты халықаралық этнофестиваль ұйымдастырылды. Аталған іс- шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей мен Мажарстаннан келген құс шаруашылығының білікті мамандары қатысты.
Ауылдың жойылып бара жатқаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында біз «Қаз хабы» жобасын іске қостық. Игі бастама аясында ауыл тұрғындары айына 500 мың теңгеге дейін, тіпті 1 миллион теңгеге дейін табыс таба бастады. Ауылда жұмыссыз отырған азаматтар қаз өсіріп, кәсіппен айналысқысы келсе, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, нәпақасын таба алады.
Жалпы ауыл тұрғындарының қалаға көшіп кетпеуі үшін барлық жағдайды жасауға күш салып жатырмыз. «Auyl Fest. Қаз шаруашылығы» фестивалін биыл да өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Бір жылдары «AMANAT» партиясының өңірлік бөлімшесін басқардыңыз. Қазір «Ауыл» партиясындасыз. Партия ауыстыруыңыздың себебі неде?
– Бұл жерде мәселе партия ауыстыруда емес. Мен ұзақ жылдар бойы ауылдық жерлерде қызмет атқардым. Ауданда жұмыс істей жүріп, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, елді мекендерден халықтың жаппай көшіп жатқанын көзбен көрдім. Осы тұрғыда «Ауыл» партиясының ауылды сақтап қалуға бағытталған нақты жобаларымен танысып, қолдан келгенше сол істің ортасында болғаным жөн деп санадым.
Әрине, «AMANAT» партиясының да атқарып жатқан жұмыстары аз емес, ел дамуына қосып жатқан үлесі зор. Алайда ауыл менің жаныма жақын. Сондықтан осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан партиямен бірге ауылдарды сақтап қалудың жолдарын іздегім келеді.
Жалпы алғанда, қай партия болмасын өз миссиясына сай жұмыстар атқарып келеді. Сондықтан партияларды бір-бірімен салыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
– Қызылжар, Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов аудандарында әкім болдыңыз. Басшылық еткен кезеңдеріңізде қандай жұмыстарды атқардым деп мақтанышпен айта аласыз?
– Қай ауданға барсам да, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік ахуалын, инфрақұрылымын және қолданыстағы нысандардың жағдайын зерделеймін. Халықтың нақты сұранысын анықтап, сараптама жасағаннан кейін ғана мәселенің түйінін шешуге күш саламын.
Ақжар ауданына барғанда ең әуелі 1960 жылдары салынған, әбден тозығы жеткен аурухана ғимараты көзге түсті. Осыған байланысты жаңа аурухана салу мәселесін көтердім. Нәтижесінде үш қабатты заманауи медициналық мекеме салынып, бүгінде ел игілігіне қызмет етіп отыр. Сонымен қатар балабақша ғимараты қайта қалпына келтіріліп, тұрғындарға пайдалануға берілді. Талшық ауылы халқының өтініші бойынша ауызсу мәселесі де толық шешімін тапты.
Уәлиханов ауданына тағайындалғанда мұндағы жағдай шынымен де жаныма батты. Игіліктердің басым бөлігі қалаға жақын аудандарға тиесілі болып, шалғай елді мекендердің назардан тыс қалып жатқаны жасырын емес. Мұнда да аурухана ғимаратының ескіргенін көріп, жаңасын салу мәселесін көтердім. Қазіргі таңда құрылысы аяқталуға жақын, биыл 250 орындық аурухана пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар Кішкенекөл ауылында бірде-бір көше асфальтталмаған еді. Көшелердің 70-80 пайызына асфальт төселді. Мектептер күрделі жөндеуден өтті. Аудан орталығында балалардың шомылатын арнайы орны болмағандықтан, бассейн салу бастамасын көтердім. Алғашында мұндай нысан бірде-бір ауданда жоқ деп күмәнмен қарағандар болды. Дегенмен жобасын әзірледік. Кейін Мемлекет басшысының әр елді мекенде спорт кешені болуы тиіс деген тапсырмасынан кейін бұл бастаманың өздігінен жүзеге асып кеткеніне өзім де таңғалдым. Аталған спорт кешені де биыл ел игілігіне берілмек.
Қызылжар ауданы облыс орталығының іргесінде орналасқандықтан, халықтың менталитеті өзгеше. Кәсіпкерлердің басым бөлігі – қаржылық мүмкіндігі бар жандар. Бескөл ауылы тұрғындарының көпшілігі қалада жұмыс істейді. Ақжар және Уәлиханов аудандарымен салыстырғанда жағдайлары жақсы. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, түрлі үйірмелерге қатысуына мүмкіндік бар.
Ал шалғай аудандар үшін ауызсу мен жол мәселесінің шешілуі – үлкен қуаныш. Керегі – жол мен су. Қалғанын халық өзі-ақ еңсере алады.
Мағжан Жұмабаев ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл өңірдің тұрғындары еңбекқор, өз-өзін қамтамасыз ете алатындай әлеуетке ие.
– Қазіргі таңда әкімдер сайлауы өткізіліп жүр. Бұл саяси науқан ел өмірінде қандай рөл атқарады?
– Әкімдерді сайлау – дұрыс қадам деп ойлаймын. Алайда ауылдық округ пен аудан әкімдерін сайлау үшін өткізілетін саяси науқандарға қыруар қаржы жұмсалатынын да ескеруіміз керек.
Менің жеке пікірім, бұрынғыдай облыс әкімі ұсынған кандидатураны мәслихат арқылы бекіту жүйесі тиімдірек. Халық қалаулылары шешім қабылдаса, артық шығын да болмайды. Кей жағдайда тікелей тағайындалған әкімнің жауапкершілігі жоғары болып, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстарды атқара алатынын да көріп жүрміз.
– Конституциялық реформа туралы пікіріңізді айта кетсеңіз.
– Құрылтай мен Халық кеңесінің жұмысы мазмұндық тұрғыдан бір-бірін толықтырып отырады. Осы арқылы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нақты іске асыруға мүмкіндік туады.
Құрылтай мен Халық кеңесіне қатысты нормаларды заң жүзінде бекіту және екі органға да заң шығару бастамасы құқығын беру – уақыт талабынан туындаған, жан-жақты сараланған шешім. Бұл құрылымдар шын мәнінде халық пен мемлекет арасындағы байланысты күшейтеді деп сенемін.
– Экономиканы дамытатын негізгі бағыттардың бірі – туризм. Солтүстікте көрікті жерлер көп болғанымен, заманауи демалыс орындары жоқтың қасы. Ақ қайыңдар өлкесінің шұрайлы табиғатын толық пайдалана алмай отырғанымыз бізге сын емес пе?
– Көлі мен орманы мол, табиғаты ерекше өңірде тұрып, демалыс орындарының аздығы – расымен де сын. Әр ауданның өзіндік ерекшелігі, тарихи әрі табиғи әлеуеті бар. Мәселен, Уәлиханов ауданында ашылған Қызылоба қорымының өзі-ақ ел тарихын тереңірек танытуға мүмкіндік берер еді.
Айыртау ауданындағы Сырымбет, Ботай, Имантау, Шалқар секілді орындар, сондай-ақ Аққайың ауданы мен Соколовка маңайындағы табиғи аймақтар – туризмді дамытуға таптырмас нысандар. Егер тарихи-мәдени мұрамызды тиімді пайдалана білсек, ішкі туризмді де, сырттан келетін туристерді де тартуға толық мүмкіндік бар. Өйткені саяхатшылардың басым бөлігі, ең алдымен, тарихи орындарға қызығушылық танытады.
– Қазір кез келген мерекеде марапат үлестіріліп жатады. Алатындардың көбі басшылар. Қарапайым жұмысшы мамандар тасада қалып жатқан жоқ па?
– Марапаттың құны ешқашан жоғалмайды. Басшы болсын, қатардағы қызметкер болсын – әр азамат қолынан келгенше елдің дамуына үлес қосып жүр. Мұндағы мәселе марапаттаудағы әділдікте. Кімге, қандай еңбегі үшін берілетіні қоғамдық кеңестерде, мәслихаттарда ашық талқылануы тиіс.
«Ауыл» партиясының төрағасынан әр елді мекендегі сауыншыны, жылқышыны, малшыны, яғни нағыз еңбек адамдарын марапаттау жөнінде нақты тапсырма алдық. Партияның 25 жылдық мерейтойында төсбелгімен марапатталған сәтте көз жасына ерік берген еңбек адамдары да болды. Жуырда партия төрағасы бір ауылға барып, фельдшерлік-акушерлік пунктте жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен, бірақ ешқашан марапат алмаған азамат туралы естіп, Денсаулық сақтау министрлігіне хабарлап, арнайы төсбелгі табыстауға ықпал етті. Еңбек адамы үшін бұл – төгілген тердің, адал қызметтің бағалануы. Еңбегі еленген қарапайым жандар бұл қуанышын ауылдастарымен бөлісіп, үлкен мереке ретінде қабылдайды.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».