Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы “Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының тұрғындармен есепті кездесулерін өткізу туралы” №190 Жарлығына сәйкес 2017 жылдың бірінші тоқсанында өңіріміздегі барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулерін өткізу кестесі дайындалды және бекітілді.
Кестеге сәйкес үстіміздегі жылдың 16 қаңтар-22 ақпан аралығында облысымызда барлық деңгейдегі әкімдердің 649 есепті кездесуін, оның ішінде 436 ауылдық округтердің, аудандық бағыныштағы қалалар әкімдерінің, 212 аудандар мен Петропавл қаласы әкімдерінің тұрғындармен кездесулерін, сондай-ақ, облыс әкімінің қорытынды есепті кездесуін өткізу жоспарланған.
2017 жылғы 16 қаңтарда ауылдық округтер әкімдерінің тұрғындармен есепті кездесулері басталды. Белгіленген мерзімде қалалық және аудандық газеттерде, сондай-ақ, ресми интернет-ресурстарда тұрғындармен есепті кездесулердің кестесі, барлық деңгейдегі әкімдердің есепті баяндамалары жарияланды.
Тұрғындармен есепті кездесулер өткізілетін мектептердің акт және спорт залдары, Мәдениет үйлері мен клубтар, басқа да ғимараттар дайындалды. Ұсыныстар мен өтініштер жинау үшін жәшіктер орнатылды.
Барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулері аяқталған соң тұрғындардан түскен өтініштер мен ұсыныстарды жүзеге асыру жөніндегі тиісті іс-шаралар жоспары жасалады және бекітіледі. Сонымен қатар облыстық іс-шаралардың жоспары бекітілмек.
Жыл бойы тұрғындармен есепті кездесулер барысында көтерілген мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылданатын болады.
Жуырда Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабековтің қатысуымен Прибрежный ауылдық округінің әкімі Азат Мұхамедин Шаховское ауылы тұрғындарымен кездесіп, 2016 жылы атқарған жұмыстары жайында баяндады, үстіміздегі жылғы жоспарларымен бөлісті.
Өткен жылы ауылдық округте кәсіпкерлік саласында серпіліс байқалған. Мәселен, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Шаховское ауылының тұрғыны Сайран Қалмұрзинов құс өсіруді, Прибрежный ауылының тұрғыны Құрманғали Исмағұлов мал шаруашылығын қолға алған. Сонымен қатар өткен жылдың соңында жас кәсіпкер Ерғалым Нұрахметов Қытайдан арнайы құрылғылар әкеліп, жұмыртқа науаларын өндіретін кәсіпорын ашқан. Жалпы ауылдық округ аумағында 40 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болса, онда 170 адам жұмыспен қамтылған.
Ал ауылдарды көркейту, абаттандыру және тазалықты сақтау үшін өткен жылы бюджеттен 11 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл сомаға Тепличное мен Прибрежное ауылында көше шамдары орнатылып, бірқатар жолдар жөнделген.
Шаховское ауылында да 2016 жылы бірқатар жұмыстар атқарылған. Соның бірі – ауылдағы білім ұясына 23 миллион теңгеден артық қаржыға күрделі жөндеу жасалыпты. Оның үстіне 800 шаршы метр жол қалпына келтірілді. Десек те, бұл ауылда қордаланған мәселелер әлі де жетерлік. Облыс орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл тұрғындары бүгінде Петропавлға жете алмай әлек. Осыған дейін қала мен ауылдың арасына қатынайтын автобус соңғы кездері белгісіз себептермен жолға шықпай қойған. Прибрежное ауылдық округінің әкімі Азат Мұхамедин қоғамдық көлік жүргізушісінің жұмыстан шығуына байланысты осындай келеңсіз жағдай туындағанын түсіндірді. Жаңа жүргізуші табылса, қоғамдық көлік бұрынғыдай күніне үш рет қатынайтын болады. Сонымен қатар ауыл тұрғындары аудан әкімі көшелердің қардан тазаланбайтындығын айтып шағымданды. Алдағы уақытта бұл жолдар тазаланып отырады деген уәдесін алған ауыл тұрғындары тағы бір өзекті мәселені көтерді. Ол – таза ауызсу. Ауылдықтардың бірнеше жылдар бойғы арманы – тұщы судың дәмін тату. Осындай кездесулерде ауызсудың жайын айтудан ауыздары талған ауыл тұрғындары тұзды суды тұтынуға мәжбүр. Ал бүгінгідей қыстың көзі қырауда сол судың өзін алу да машақатқа айналады екен.
Халықтың арыз-шағымын тыңдаған аудан әкімі үстіміздегі жылы Шаховское ауылында таза ауызсу мәселесі түбегейлі шешілетінін айтты. Өткен жылы жобалау-сметалық құжаттар әзірленгендіктен, Шаховское ауылына су желісін тартуға республикалық бюджеттен 361842 мың теңге қаражат бөлініпті. Бұл жағымды жаңалықты естіген тұрғындардың қуанышында шек болмады.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ.
Қызылжар ауданы.