Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні – 31 мамырда Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында ұзақ уақыт есте қаларлықтай салтанатты шара өткізілді.
Оған ұйытқы болғандар – «Дайындық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Біржан Шаймерденов пен ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындары.
Көктемнің соңғы күнінде жадыраған Күн сәулесіне шомылған ауыл мектебінің алдында саяси қуғын-сүргін құрбаны, «Халық жауы» деген жаламен екі мәрте абақтыға қамалып, 15 жыл жапа шеккен ауыл азаматы – марқұм Нұрмағанбет Жамшиннің құрметіне ескерткіш тақта орнатылуына арналған митинг болды.
Қаралы жиында аудан әкімі Дәурен Бөйтөлешов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова, мектеп директоры Талғат Рамазанов, зейнеткер-ұстаз, тыл ардагері Жанайдар Әбдірахманов жиналған жұртшылыққа зұлмат зардабын жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Зейнолла Әкімжанов қуғын-сүргін құрбандарына арнаған жаңа жырларын тарту етті.
Митинг соңы концертке ұласып, оқушылар мен ұстаздар ән-күй орындады. Әсіресе, Н. Жамшиннің шөбересі, Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі, домбырашы Әсет Әбдірахманов Сүгірдің «Қосбасар» күйін шертіп, жиналғандарды үлкен әсерге бөледі.
Сырттан келген меймандар ауыл көшелерінің тазалығын, үй-орамдардың жинақылығын көріп, тұрғындарға, серіктестік басшылығына ризашылық білдірді.
(Өз тілшіміз).
Аққайың ауданы.