«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ БАЛАЛАРЫНА – ҮЛКЕН ҚОЛДАУ

“Белсенді жастар” қоғамдық бірлестігі “Birgemiz: Bilim” жалпыұлттық жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоба халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын отбасылардың және ауылдық жерлерде тұратын балаларды қамтып, оларға қолдау көрсетуге бағытталған.

Жалпыұлттық жобаның негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім деңгейінің айырмашылығын азайту. Бұл міндетті орындап, оқушыларға сапалы білім беру үшін волонтерлерді тартамыз. Алдағы уақытта облыстың 13 ауданында оқитын мыңнан астам өренді қамтуды жоспарлап отырмыз. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына ағылшын тілін үйретіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуға көмектесеміз, компьютерлік, құқықтық сауаттылығын арттырамыз. Бұл жұмысқа педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жатқан, негізінен 3-курс студенттерін, қалалық, ауылдық мектептердің ұстаздарын жұмылдырамыз.

Жоба аясында 56 академиялық сағат бөлінген. Мектеп түлектерін ҰБТ-ға әзірлеу үшін облыс мектептері мұғалімдерінің арасынан 39 ерікті ниет білдірді. Алдымен, балалардың білімін тексеріп, мамыр айында ҰБТ-ны тапсыратын пәндер бойынша тестілеу өткіздік. Оған 11 ауданнан 288 оқушы қатысты. Осылайша, түлектердің осал тұстарын анықтап, оны жетілдіру бағытында екі айға жуық жұмыс істедік. Ол үшін “WhatsApp”, “ZOOM” желілерін қолданып, кей мектептерге барып, оқушылармен кездестік. Нәтижесінде жобаға қатысқан түлектердің 275-і тестіні жақсы тапсырды. Олардың орташа көрсеткіші 15 пайызға артты.

Жалпы, бұл жобаға 100 волонтер тұрақты түрде қатысады деп жоспарлап отырмыз. Педагогтар балалармен жұмысқа кіріспес бұрын арнайы дайындықтан өтеді. Вебинарлар ұйымдастырып, “Өрлеу” институты филиалының мамандары және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары кеңес береді.

Жобаға қатысқысы келетін педагогтар мен ұстаздар арнайы сауалнамадан өтеді. Сараптамалық кеңес үміткерлерді іріктеп алады. Ауыл балаларын сапалы біліммен қамтуға бағытталған игі жобаға атсалысуға ниет білдірушілер аз болмайды деп ойлаймын.

Әрине, карантинге байланыс­ты жұмыс жоспарымызға бірқатар өз­геріс енгізуге тура келді. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап қараша айына дейін балалармен жұмыс істеуге тиіс болатынбыз. Соған қарамастан, қоғам­дық бірлестік белсенділері жұмысты бастап кетті. Олар ауыл мектептері оқушыларының арасын­да сауалнама өткізуге әзірленіп жатыр. Осы арқылы ҰБТ-ға енетін қандай пәндер бойынша балаларға көмек қажет екенін анықтамақ. Ал қазан-қараша айларында балаларды олимпиадаларға дайындауды бастаймыз. Өйткені, әдетте осы уақытта аудандық деңгейдегі олимпиада­лар басталады. Алға қойған мақсатымызға қиындықтарды еңсере отырып жететінімізге сенімдімін.

Елена ОГАРКОВА,

“Birgemiz: Bilim” жалпыұлттық жобасының үйлестірушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp