«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауыл бизнесіне не кедергі?

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдің бес ауданындағы бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесті. Бұл кездесулер екі жаққа да тиімді. Палата орталықтың жұмысы жайлы есеп берсе, ауыл кәсіпкерлері өз өтініш-тілектерін жеткізді. Кездесуге палата басшылары, мемлекеттік органдардың және жергілікті билік өкілдері шақырылды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен оның аудандық бөлімшелері жыл басынан бері келіп түскен өтініштермен таныса келе, кәсіпкерлердің шешілмеген мәселелерінің аз еместігіне көз жеткізді. Олардың ішінде заңсыз жолаушылар тасымалы, алкогольді өнімдердің сатылымындағы әділетсіз бәсекелестік, рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасау, ауылдықтардың РОS-терминалдарды аз пайдалануы, ауылдағы шағын дүкендерде алкогольді өнімдерді сатуға берілетін жылдық лиценцияның қымбаттығы туралы мәселелер жиі көтеріледі.

Есепті кездесулер барысында шалғайда орналасқан елді мекендердің кәсіпкерлері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салды. Ауыл бизнесмендері үшін қиындық тудырып тұрған бір түйін – кадр тапшылығы. Осы қиындықты біржақты ету үшін Мамлютка қаласында “Кәсіби бейімдеу орталығы” ашылған болатын. Оған жоғары сынып оқушылары шақырылып, кәсіпорындарға экскурсия жасайды. Оқушыларға мемлекеттік бағдарламалар негізінде тегін оқытылатын мамандықтар бойынша және “Жастар тәжірибесі” туралы мағлұматтар беріледі.

Кәсіпкерлерді бизнесті қорғау мәселесі де толғандырады. Жыл басынан бері облыстық кәсіпкерлер палатасына 2761 өтініш келіп түссе, оның 344-і бизнесті қорғауға қатысты. Палатаның араласуымен 293 субъектінің құқығы қорғалып, 380 миллион теңге шығынға жол берілмеді. Онда әкімшілік кедергілер, сатып алу мен агроөнеркәсіп және мемлекеттік-жекешелік әріптестік төңірегінде туындаған мәселелер жиі айтылған. Қаржы ресурстарына қолжетімділіктің төмендігі ауылдықтар үшін үлкен қиындық. Екінші деңгейдегі банктердің ауылдағы жылжымайтын мүліктерді кепілдікке алмауынан тұрғындардың қаржыландыру тетіктерін пайдалану мүмкіндігі азаяды.

– Біздің құқығымызды қорғайтын органның пайда болғаны қуантады. Палата жұмысын ширата түскен сайын бизнестің дамуына, әсіресе, ауылдағы кәсіпкерлер үшін мүмкіндік молаяды. Бүгінде ауылдық жерде бизнеспен айналысу тиімді емес. Мен ауылда тусам да, бизнесті Петропавл қаласында жүргізіп отырмын. Қаладағы кәсібімді ауылдықтар үшін де дамытар едім. Бірақ инфрақұрылымдық және қаржылай ресурс тетіктерінің қолжетімсіздігі арман-мақсатыңа тосқауыл қояды, – дейді “Оптимум Петро” ЖШС-нің директоры Раиль Мендеев.

Динара БЕКТҰРОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp