«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ — ЕЛДІҢ АЖАРЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында сыннан сүрінбей өткен кездерімізді еске түсіріп, шымырлық танытар шағымызды айқындап берді. Жолдауда елдің дамуының жалпы стратегиялық бағыты анықталып, қазіргі жағдайдағы Қазақстан қоғамы дамуының негізгі міндеттері белгіленді.

Қазір және болашақта да біздің дағдарысқа қарсы басты стратегиямыз өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес.

Біріншісі – өсім. Әңгіме, ең алдымен, экономикалық өсім туралы болып отыр. Бүгінгі таңда бізге Қазақстанның әлем елдерінің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қамтамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет. Жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.

Екіншісі – реформалар. Олар экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазір біз “Ұлт жоспары – 100 нақты қадам” бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Олар ауқымы жағынан 90-шы жылдары жүргізген реформаларға сәйкес келеді. Бізге мемлекеттік және корпоративтік менеджментті, қаржы және фискалдық секторларды неғұрлым тереңірек реформалау қажет.

Үшіншісі – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыс жүргізудеміз.

Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру облыс, аудан, ауылдарда қарқынды қолға алынған. Себебі, елдің әлеуетін көтеру, бәсекеге қабілетті экономика құру – дамудың іргетасы. Елдің қуаты, дәулеті, қоғамымыздың қозғаушы күші осы екені анық. Сондықтан да еліміз жұдырықтай жұмылып, өзара үндесе болашаққа қадам басуы керек.

Бүгінгі таңда 1997 жылы құрылған Жамбыл ауылдық округі елдің экономикасын, халықтың әлеуетін көтеруде өз мүмкіндігі аясында жұмыс істеуде. Ауылдық округке 5 елді мекен қарайды. Бұл ауылдарда 840 адам өмір сүрсе, өткен жылмен салыстырғанда, тұрғындардың саны 100 адамға кеміді. 18 жасқа дейінгі балалар саны 244 болса, зейнеткерлер – 98, мүгедектер – 33, студенттер – 45 адам. Қалғандары экономикалық белсенді, еңбекке жарамды тұрғындар. Осы еңбекке жарамдылардың негізгі табыс көзі – егін шаруашылығы. Жамбыл ауылдық округінде 15 жеке шаруашылық және фермерлік қожалық, “Атамекен Агро”, “Семеновское агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс істейді.

Елбасы ауыл экономикасын индустриялық-технологиялық жағынан дамыту үшін бірнеше міндеттер қойды. Оның бірі – ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру, етті мал шаруашылығын дамытудың тиімді жобалары арқылы халықтың әл-ауқатын нығайту.

Осы орайда, ауылды жерлерде ең қолайлы нәпақа көзі төрт түлікті өсіру жұмысы жаппай қолға алынды. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” сынды мемлекеттік бағдарламалар ауыл тұрғындары үшін кәсібін ашып, тұрмысын нығайтуға зор мүмкіндік болды. Мал ауылдың құты болғандықтан, асылтұқымды ірі қараның етті бағытын және сауын сиырларды ұлғайту үшін асылтұқымды репродукторлар құрыла бастады. Мәселен, “Алисарай” жеке кәсіпкерлігі қазақтың ақбасынан – 150, семинталь тұқымды ірі қарадан 176 бас қашар алды. Бұлардан алатын төлді ұсақтатпау үшін әр тұқымнан 5 және 6 бас бұқа да әкелді. Ал “Есперлі” шаруа қожалығының басшысы Арыстан Киікбаев екі жылдан бері абердин-ангус тұқымды бұқаны жергілікті мал басын асылдандыруға пайдалануда.

Округте мал шаруашылығын дамыту және жергілікті мал басын асылдандыру үшін екі ауылдық тұтынушылар кооперативі құрылды. Есперлі ауылында “Уақ” ауылдық тұтынушылық кооперативі ашылып, 4 бас герофорд бұқалары алынды. “Суаткөл” ауылдық тұтынушылық кооперативі де 3 бас қазақтың ақбас тұқымды бұқасын малданып отыр.

Етті мал өсіруді мақсат тұтқан серіктестіктерден басқа, жеке үй шаруашылықтарында да ірі қараның саны артып келеді. Себебі, еліміз мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырса, жанның амандығын малдан бастап сұрайтын ауыл тұрғындары үшін төрт түліктің маңызы артпаса, кеміген емес. Бүгінгі таңда округте 1120 бас ірі қара, 2297 қой және ешкі, 455 жылқы бар.

Халықтың әлеуетін нығайтуға зор көңіл бөліп отырған еліміз ауылдың жұпыны тірлігін жақсартуды да назардан тыс қалдырған жоқ. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша Жамбыл ауылында 590 мың теңгеге көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Суаткөл ауылында құс шаруашылығын дамыту мақсатында инкубатор ашу жоспарланған. Осының арқасында ауыл көркейіп қана қоймай, қосымша жаңа жұмыс орындары ашылатындығы да түсінікті. Алдағы уақытта округте кәсібімді ашамын деген азаматтарға барынша қолдау көрсетіліп, осы арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатын болады.

Нұржан ТҰРСЫНБАЕВ,

Жамбыл ауылдық округінің әкімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp