Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында “Жас ұрпақ – ел тілегі” деген тақырыпта өткізілген ауыл жастарының форумы екі күнге созылды. Ауыл жастарының әлеуметтік белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік қызметшілер, өңірдің түрлі саласында жемісті еңбек етіп жүрген жас мамандар мен еңбек адамдары қатысты.
Оның салтанатты ашылуы барысында сөз алған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Рамазанова, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Зейнолла Мәкенов форумға қатысушыларға сәттілік тілеп, тәуелсіздіктің төл перзенттерін атаулы мерекемен құттықтап, өңір жастарының басын қосқан ұйымдар, олардың атқарған жұмыстары жайында баяндап берді.
Үш кезеңнен тұрған форумға қатысушылар секцияларға бөлініп, бизнесті жоспарлау негіздері, жобаларды басқару, жастар ұйымдарының жұмысын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Мінберге шығып, сөз алған жастар қатары қалың болды. Айта кететін жайт, бүгінде облысымызда 57 жастар ұйымы тіркелген. Жиында алдағы уақытта олардың жұмысын одан әрі жандандырып, аудан, қала деңгейінде жастарға қолдау көрсету жұмысын жалғастыру қажеттігі айтылды. Форум соңында қатысушылар аудан орталығындағы Қожаберген жырау, С. Мұқанов атындағы мұражайларды, этномәдени орталықтарды аралап, олардағы жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ, шығармашылық ұжымдардың қатысуымен флешмоб ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар сертификаттармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.