Облыста аудан әкімдерінің есеп беру брифингтері жалғасуда. Бұл жолы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифингте Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин атқарылған шаруалар туралы баяндады.
Владислав Лукин Мамлют ауданының тізгінін өткен жылдың соңында ғана алған болатын. Өткен 12 айда мамлюттіктер барлық салалар бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізген. Аудандағы ірі кәсіпорын – Мамлют ұн үгу комбинаты былтыр 2 млрд. теңгенің өнімін шығарыпты. Бірақ бұл 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда аз. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12,5 млрд. теңгені құрады, жыл соңына тағы 15 млрд. теңге бағытталмақ.
Ауданда барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша тиісті жұмыс атқарылуда. Мәселен, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша былтыр 700 млн. теңгенің 9 жобасы іске асса, 2021 жылы тағы 4 жобаға 130 млн. теңге бөлінбек. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлерге 189 млн. теңге несие берілді. Бұл қаржының көмегімен 25 жоба іске қосылды. Ал “Еңбек” бағдарламасы бойынша 53 тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Бірқатары грант алып, өз ісін бастады.
– Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыру аясында былтыр аудандағы 24 мектептің 9-ы жөндеуден өтті. Оның ішінде Бостандық, Краснознаменное, Новомихайловка, Қызыләскер, Белов орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыры, терезелері ауыстырылды. Воскресеновка мектебінде жылыту жүйесі ауыстырылды. Биыл Леденево, Афонькино мен Андреевкадағы орта мектептер жөнделеді, – деді аудан әкімі.
Брифинг барысында әкім тілшілердің электр қуатымен жылытылатын мектептер туралы қойған сауалдарына жауап берді. Мамлюттегі үш білім ошағы орталық жылыту жүйесіне биыл қосылады, өзге екеуіндегі мәселе алдағы уақытта шешілмек. Меңгесердегі мектепті орталық жылыту жүйесіне қосуға “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігі жәрдемдеспек. Биыл Мамлютка қаласында тартылған 1,6 шақырымдық жылу желісіне аудандық кітапхана, 5 тұрғын үй мен 2 әкімшілік ғимарат қосылады.
Өткен жылы мемлекеттік қаржы есебінен Қызыләскер мен Новомихайловка ауылдарындағы клубтар жөнделген. Биыл Мамлютка қалалық Мәдениет үйі жөнделсе, Леденево ауылында ойын-сауық орталығы іске қосылады. Сонымен қатар аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталмақшы. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
– Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Өткен жылы жеті мың шаршы метр баспана салынып, тапсырылды. Биыл Мамлюткада салынатын 30 пәтерлі тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірледік. Қазір құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл үйден 9 көпбалалы отбасы және 6 жетім бала баспана алады, – деді аудан басшысы.
Былтыр ауданда 112 шақырым жол жөнделген. Әбден тозығы жеткен Афонькино ауылына апаратын жолға орташа жөндеу жүргізіліпті. Биыл Мамлютканың айналма жолы, Қызыләскер – Раздольное, Дубровное – Михайловка және Краснознаменное – Калугино – Беловка ауылдарына баратын жолдар қалпына келтірілуде. 24 ауылдың және Мамлютка қаласының бірқатар көшелері жарықтандырылыпты. Аудан бойынша 38 елді мекеннің 24-і орталық су тарату жүйесіне қосылған. Биыл Новодубровное, Пчелино, Қызыләскер, Бике ауылдарына да су келеді. Становое және Дубровное ауылдарында су мұнаралары орнатылады. Жыл санап интернет желісіне қосылған ауылдар саны да артуда. Биыл бұл шаруа Афонькино, Андреевка, Михайловка, Бике ауылдарында шешілген.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.