Биыл алғаш рет су тасқынының үшінші толқыны өтіп жатыр. Петропавлда тасқынның шарықтау шегі 28-30 сәуірде болады деп болжанған.
Қазір 1,5 мың тұрғыны бар Қызылжар ауданы Прибрежное елді мекені де су құрсауында қалған. Оған апарар жолды да су басып, қазір тұрғындар құтқарушылардың «арнайы» көлігімен ғана қатынап жатыр. Әзірге үйлерді су басу қаупі жоқ.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта республикалық және облыстық маңыздағы екі автомобиль жолын су басты. Бұл жолдармен өтуге көліктің барлық түріне шектеу қойылған. Біріншісі – Челябі – Новосібір халықаралық тас жолының Петропавл қаласын айналып өтетін бөлігі. Құтқарушылардың айтуынша, Есіл өзенінің тасуынан жайылған судың ені – 235 м, тереңдігі 160 см-ге жеткен. Учаске сигналдық бағандармен белгіленген, ескерту жол белгілері орнатылған, тәулік бойы кезекшілік атқарылып жатыр. Екіншісі – Қызылжар ауданы Прибрежное елді мекеніне апарар жол. Облыстық маңызы бар жолдың су басқан учаскесінің ұзындығы – 600 метр, тереңдігі 55-60 см-ге дейін. Оқиға орнында құтқарушылар мен тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Елді мекенді су басу қаупі жоқ.
– Үйлерді су басу, судың жолдарды бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жалпы осы күнге дейін автомобиль жолдарын су басудың 28 дерегі тіркелді. Биыл елді мекендерден 1,4 млн. текше метр қар шығарылды. Арнайы техникамен 974 мың текше метр су сорылды. 200 мыңнан астам құм салынған қап әзірленді, 385 тонна инертті материал төселді, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».