Сол жолы “Сүйінші! Сүйінші! Дәурен аға келіншек әкелді!” – деп ауылымыздың бала-шағасының барлығы қуаныштары қойындарына сыймай шулап, көше-көшені шарлап шығып еді. Бұл 1989 жылы болатын. Осы жылы ауылымыздың өз медбикесі пайда болды. Біздің ауылға келін болып түскен Ресейдің Омбы қаласының тумасы Айман Сәкенова жасынан дәрігер болуды армандапты.
Ауылдың үлкендері: “Сөзі де, өңі де жылы, қолы жұмсақ инабатты бала екен”, – десетін. Ауыл тұрғындары жас келінді мейірбике ретінде де жақсы қабылдады.
Орта мектепті бітірген соң ол Петропавл қаласындағы медициналық колледжге түседі. Аталған оқу орнын 1987 жылы аяқтайды. Новопокровка ауылдық ауруханасында қызмет етті.
Медбикенің науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтіні белгілі. Айман Сәкенова мейірбике болған осы он сегіз жыл ішінде қаншама адамға дертінен сауығуға көмектесті.
Табиғатынан елгезек жан алдына келген адамдарды мұқият қарап, өте ауыр науқас болса дереу ауруханаға жатқызады. Ол Еңбек ауылында медициналық қосынның болуына көп күш салды. Қазіргі медициналық қосынымызды көрсеңіз, тап-таза, жып-жылы. Аудан орталығынан бөлінген қаражатқа жолдасы Дәуреннің көмегімен ескі үйді жөндеп, жаңартып, жылтыратып қойды.
Айман Сәкенова – өзін әр қырынан таныта білген жан. Ауылға келін болып түскен алғашқы жылдары бие байлады. Қымызды ашытып, жанға шипа, дертке ем болатын сусынды ауыл тұрғындарына сапырып ұсынып отырды. Үй шаруасын ұршықша үйіріп, сонымен қатар өз ісін де жетік меңгерді. Ол әрдайым білімін жетілдіріп, түрлі курстарға, семинарларға барып, біліктілігін арттырып отырады. Әріптестерінің арасында да, отбасында да – беделді, үлгілі жан. Екі ұл мен қос қыздың анасы.
Бір кезде “Омбыдан келген қыз” атанған жас келін – Айман Сәкенова ауылымыздың мейірбан мейірбикесі.
Марина ВЕНИНГ.
Шал ақын ауданы,
Еңбек ауылы.
