Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда инновациялық және интерактивтік әдістемелерді пайдалану сабақты сапалы әрі қызықты етеді.
Білім беру саласында белең алып отырған кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, білім саласына мемлекет тарапынан реформалар жүргізілгенімен, оқыту нәтижесінің төмендігі, кітаптар мазмұнының нашарлығы, оқушылардың өздігінен білім алу дағдысына бейімделе алмауы және шығармашылықтың төмендігі көзге түрткі болады. Осы олқылықтарды бір жағына шығару үшін инновациялық және интерактивтік әдістемелер зор мүмкіншілік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, өңіріміздегі ішкі көші-қон көптеген үлкен мектептердің жылдан-жылға шағындалуына әсер етіп отыр. Осыдан біраз жыл бұрын біздің Жаңаталап ауылындағы бала саны орталау білім беретін мектепті қажетсінсе, бүгінде ауылда бастауыш сыныпты ұстаудың өзі қиыншылық тудыруда.
Бастауыш білім – үздіксіз білім берудің баспалдағы. Мұғалімнің негізгі ұстанған мақсаты – білімнің жаңа үлгісін жасап, белгілі бір көлемдегі білім мен білік дағдыларын меңгерту, оқу мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудың сан түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды сабаққа тиімді пайдалана білуі, яғни оқу үрдісін дамыту. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан сегіз жыл бұрын қазақстандықтарға арнаған Жолдауында: “ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелетіні анық” деген пікірі бүгінге дейін санамның бір түкпіріне орнығып алған. Сондықтан мектебіміздің мүмкіншілігі басқа қала мектептерінің материалдық жағдайымен салыстыруға келмесе де, ұстаздар ұжымы өз бетімізбен ізденіп, білім беру үдерісін жандандырып отыруды ойлаймыз. Бүгінгі білім беру ісінің мақсаты – тек білім, білік дағдыларын меңгерту ғана емес, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, ақылды, алғыр, ой-өрісі кең, ақпарат көздерін қолдана алатын, қабілетті де талантты, жастарды тәрбиелеу. Сабақтың қызықты өтуі мұғалімнен үнемі ізденуді, ұтымды әдіс-тәсілдерді қолдануды, оқыту әдістемесін жаңартып отыруды талап етеді. Ол үшін мұғалімдердің инновациялық іс-әрекеттің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі мақсат етіледі. Осы орайда жоқтан бар жасап, жаңа технологиялық үдерістен қалмаудың да орайын іздестіреміз.
Мемлекет жылда білім саласына қомақты қаржы бөледі. Десек те, біздің ауылымыздағы сияқты шағын мекемелердің материалдық базасы көп жағдайда ескерусіз қалатындығы қынжылтады. Әлбетте, ауыл тұрғындарының арасында қоныс ауыстыруға немқұрайды қарайтындар, өз кіндік қаны тамған жерден көшкісі келмейтіндер баршылық. Ал олар үшін ауылда балаларына білім алатын ошақтың болуы маңызды. Қорыта айтар болсам, бүгінде менің ауыл мектептеріндегі материалдық базаның мүмкіншілігі кеңейтіліп, ұстаздардың заманауи тәсілдермен жұмыс істеуіне жағдай жасалып, нәтижесінде оқушылардың білім деңгейін көтерудің жолы ашылса деген тілегім бар.
Әсемгүл ЕСІМСЕЙІТОВА,
ұстаз.
Шал ақын ауданы.