«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ МЕКТЕБІН АЛҒА ЖЕТЕЛЕГЕН

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы тамыз кеңесінде Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған Қайыргелді Здуәлиевтен: “Бүгінгі мұғалім қандай болуы керек?” – деп сұрағанымда: “Мұғалім – жас ұрпақтың енді ғана сана-сезіміне білім нәрін сіңіру арқылы әлемді танытады. Жеке тұлғаның қалыптасуы, оның дұрыс дамуы ұстаздың бала жанын түсініп, қабілеті мен мүмкіндігін дәл анықтап, дұрыс бағыт-бағдар беру шеберлігіне байланысты. Баланың бойындағы қабілетін танып білу бір сәттік жұмыс емес, сондықтан мұғалім алдындағы әр оқушымен шыдамдылық танытып, табанды түрде жұмыс жүргізуі, оқушының ашылуына мүмкіндік беруі керек ”, – деген еді.

Шынында да, білім саласындағы түбегейлі өзгерістер мен шәкірт үшін асқан жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін ұстаздық мамандықта мұғалімнің еңбегі өлшеусіз. Қайыргелді Қабжанұлы – уақытты ұту үшін емес, өз кәсібінің қыры мен сырына үңіле отырып, әр баланың жан дүниесін танып, білімге деген құштарлығын оятуға тырысып жүрген ұстаз. 35 жыл еңбек өтілінің 25 жылын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаз бұл жолға бірден келмеген. Араға ондаған жылдар салып, өзінің жүрек қалауындағы кәсібін тапқан Қайыргелді Здуәлиев бүгінде Ақжар ауданындағы Қали Хадесұлы атындағы Жаңаауыл орта мектебінде физика пәнінен білім береді.

Қайыргелді Қабжанұлының шығармашылықпен жұмыс істеуінің нәтижесінде оқушыларының пәнге деген қызығушылығы артқан. Шәкірттері физика пәнінен ғылыми жобалар жазуға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық Интернет сайыстарда білімдерін көрсетіп жүр. Оқушыларының көпшілігі Ұлттық бірыңғай тестілеуде физика пәнін таңдап, нәтижесінде 100 пайыз көрсеткішке ие болып жүргендігі де ұстаз шеберлігін көрсетсе керек. Әділет Қабден, Фариза Қалиева, Айым Нұршәріпова, Ажар Иманғали, тағы басқа оқушыларының грант иегерлері атанулары да осыған дәлел. Еңбек тәжірибесі мол, мамандығын жетік меңгерген ұстаздың әр сабағы оқушыларды қабілеттеріне қарай жұмысқа баулуға бағытталған. Ол балаларды пәнге қосымша материалдарды өздігінен іздеп табуға, есеп жинақтарымен жүйелі жұмыс істеуге үйретеді.

Еліміздің қиын кездерді басынан өткерген кезеңінде жабылуға шақ қалған мектеп бүгінде ауылға көрік беріп, айналасы гүлденіп тұр. Онда 130-дан астам шәкірт тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындауда”, – деп әңгімесін өрбіткен ұстаздың сөзінен электр қуаты өшіп, мектеп жылу жүйесінен ажыратылған кезде де тығырықтан шығар жол тауып, оқушыларымен бірге пеш, көмір қоятын орын салуға атсалысқанын білдік.

Елдің елдігі – аузының бірлігі, Ердің ерлігі – етінің тірлігі” дегендей, сол қиын кездерде 13 жыл мектепті басқарған Қайыргелді Қабжанұлы іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Соның бірі – мектептің республика бойынша жарияланған “Сорос-Қазақстан” қоры жобасына қатысып, 6000 АҚШ доллары көлеміндегі грантқа ие болуы. Сол қаражатқа алынған электрбұрғы, денешынықтыру кабинетіне тренажер, еңбек пәніне арналған қыздардың тігін машиналары, ер балаларға ағаш өңдейтін станок сияқты мектепке қажетті жабдықтардың игілігін оқушылар осы күнге дейін көруде. Ол басқарған мектеп аудан көлемінде өткен түрлі сайыстарға қатысып, “Жыл мектебі”, “Үздік кітапхана”, “Ең үздік мектеп учаскесі” аталымдарына ие болған. Өткен оқу жылында Қайыргелді Қабжанұлының ұйытқы болуымен мектеп жанына жаңадан хоккей қорапшасы салынды.

Ж.Қараевтың “Деңгейлік оқыту технологиясы” мен М.Жанпейісованың “Модульдік оқыту технологиясын” сабақтарында ұштастыра пайдаланатын ұстаз өз тәжірибесін Ақтөбе қаласында өткен “Қазіргі заманғы мектепте математика және физика пәндерін оқыту сапасын арттырудың өзекті мәселелері” атты республикалық ғылыми семинарда мұғалімдер талқысына салған. “Физика пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыру жолдары мен тәсілдері”, “Математика сабақтарында оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытудағы ерекшелігім” тақырыбындағы іс-тәжірибесі облыстағы әріптестеріне таратылған. Аудан көлемінде өткен семинарда физика мен химия пәндерін байланыстыра білген ашық сабағының да мамандар үшін тағылымы мол болды.

Үздік педагог – 2011” байқауының жүлдегері Қайыргелді Қабжанұлы мен зайыбы Орынгүл Құрманқызы – екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, балалары да ұстаздық жолды таңдаған. Өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын ерлі-зайыпты ұстаздар – әріптестері мен ауылдастары арасында құрметке ие жандар. “Елім мен үшін не істеді деп емес, мен елім үшін не істедім” деген қағиданы ұстанатын Қайыргелді Здуәлиев еңбегінің еленгеніне риза.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp