“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының ұйымдастыруымен “Ауыл мектептерінде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалану” тақырыбында республикалық семинар өтті. Оған Астана қаласы мен еліміздің 13 облысынан өкілдер қатысты.
Шара барысында электрондық оқытудың шетелдік тәжірибесі және Қазақстан мектептерінің компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілуі, білім беруді ақпараттандыру жағдайындағы жұмысқа болашақ мұғалімдерді даярлау, бастауыш білім берудегі сенсорлық технологиялар, инклюзивтік білім беруде ақпараттық технологияны пайдалану жөніндегі баяндамалар қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Семинарда Омбы және Қорған облыстарының институттарымен бейнебайланыс орнатылып, қатысушыларға ресейліктердің тәжірибесімен бөлісу мүмкіндігі жасалды. Сонымен қатар білім беру үдерісінде сандық білім ресурстарының маңызын айқындайтын шеберлік сыныптарының, Қызылжар ауданындағы Бескөл №2 орта мектебінде мұғалімдердің ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып өткізген сабақтарының берері мол болды.
“Бәйге” зияткерлік-коммуникативтік ойыны, ауыл мектебі психологінің жұмысын ақпараттық сүйемелдеу, табысты баланы тәрбиелеу құпиясы туралы ата-аналарға арналған коучинг, тағы басқалары да қызықты әрі тартымды өтті.
Семинарға оком робот техникасы, сандық білім беру ресурстары, электрондық оқытудың осызаманғы коммуникативтік құралдары, тағы басқалардан көрме ұйымдастырылды.
Алма МЫРЗАЛИНОВА,
“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
біліктілікті арттыру институты” филиалының директоры.