
Дәстүрлі қысқы аламан жылдағыдан ерекше өтіп, ауданның орталық “Жастар” стадионында ине шаншар жер болмады. Кеше ғана жанкүйерлер Алматыдағы қысқы Универсиада мен Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында отандастарына қолдау көрсеткен еді. Дүбірлі дода Айыртау ауданының төрінде өз жалғасын табуда. “Спорт десе, ішер асын жерге қоятын” спортсүйер қауым енді қалай үйде отырсын?
Қысқы спорт түрлері саңлақтарының бәйгесін көру үшін Саумалкөл ауылына асыққан көрерменді облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.
– Қысқы ауылдық спорт мерекесi Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан Азия ойындарымен тұспа-тұс келді. Қазақстан құрамасының сапында жерлестеріміз, конькишiлер – Роман Креч, Дмитрий Бабенко және Елена Урванцева, керлингші – Дмитрий Гарагуль мен шаңғышы Ринат Мухин ел намысын қорғауда. Сенімнен шыға білген Ринат Мухин Алматы Универсиадасында күміс еншілесе, іле Саппорода ел қоржынына алғашқы алтын жүлде салып отыр. Жерлес спортшыларымыздың жеңiсi халықты спортпен шұғылдануға ынталандырады, спорт түрлерінің кең қанат жайып, өркендеуіне жол ашып отыр, – деген Ерік Хамзаұлы қатысушылардың алдағы уақытта республикалық және халықаралық деңгейдегi жарыстарда жеңімпаз атанатындарына сенiмiн бiлдiрдi.
Осымен жиырма бірінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі дода спортшылардың салтанатты шеруімен басталды. Саламатты өмір салтын насихаттау және қысқы спорт түрлерін дамытуды көздеген жарысқа қатысушылардың арасында елдің, облыстың құрама командалары сапында өнер көрсетіп жүрген спортшылар да бар.
“Солтүстiк – 2017” қысқы спорттық мерекесiнiң туын көтеру құрметі тоғызқұмалақтан облыс біріншілігінің жеңімпазы Денис Оберемкоға бұйырса, сайыс алауын жағу және оны алып жүру құрметіне шаңғы жарысынан облыс біріншілігінің чемпионы, облыстық қысқы ауыл спорт мерекесінің бірнеше мәрте жүлдегері Руслан Байпақов ие болды. Дәл осы сәттен бастап көптен күткен “Солтүстік – 2017” ойындары ашық деп жарияланды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аламан бәйгені тамашалаған жанкүйерлердің көңілдері тасығаны анық. Ақ ұлпаға оранған даланы дүбірге бөлеген өңір спортшылары күнделікті тірліктің қарбаласынан шаршаған облыс тұрғындарының делебесін қоздыра білді.
Үш күнге созылған жарыстың қорытындысына келер болсақ, нәтиже төмендегідей. Бұл жолы алғашқы рет ұйымдастырылған керлинг сайысы көрерменнің қызығушылығын тудырды. Нәтижесінде жарыс жолында қарсы келгенді шыдатпаған Айыртау ауданы бірінші орынға ие болды. Сайыстың келесі кезеңінде өңір спортшылары допты хоккей мен футзалдан сынға түсті. Бұл сайыстарда аққайыңдықтар мен жамбылдықтар топ жарды. Мағжан Жұмабаев ауданының өкілдері коньки мен хоккейде бірінші орынға лайық деп танылды. Ал президенттік көпсайыста, шорт-тректе және шаңғы жарысында Ғабит Мүсірепов атындағы аудан өкілдерінің мерейі үстем болды.
Әр аудан спортшылары үшін дәстүрлі “Солтүстік” пен “Ақ бидай” ауылдық спорт ойындарында жеңіс тұғырынан көріну зор мәртебе екені сөзсіз. Бұл – додада бірінші орын алу аудан спортшыларының жылдық дайындықтарының нәтижесі, ауылды жердегі бұқаралық спорт дамуының көрсеткіші іспеттес. Сондықтан да, бұл додада спортшылар намысты қолдан бермей, үздіктер қатарынан табылуға тырысып бағады. Өкінішке қарай, бұл жолы Ақжар мен Тимирязев аудандарының құрама командалары бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмаса, Уәлиханов ауданы спортшыларының керлинг пен қысқы президенттік көпсайыста сынға түспеуі аталған аудан басшыларына біраз ой салады деп ойлаймыз.
Тартысқа толы кездесулердің қорытындысы бойынша 143 және 141 ұпайға қол жеткізген Айыртау мен Мағжан Жұмабаев аудандары екінші және үшінші орындарды місе тұтты. Ал 160 ұпайы бар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрама командасы жеңімпаз атанып, 300 мың теңгенің сертификатына ие болды. Алаң иелеріне жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыс әкімі атынан су жаңа “ГАЗель” автокөлігінің кілті табысталды.
Келесі “Солтүстік” қысқы ауыл спорты мерекесі Есіл ауданында өтеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.