
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болып, күзгі орақ жұмыстарының барысымен танысты.
Тимирязев ауданында жалпы саны 336 ауыл шаруашылығы құрылымы бар, олардың 51-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік болса, қалғаны – ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары. Қазіргі уақытта жергілікті диқандар күзгі орақ науқанына білек сыбана кіріскен. Мақсат – алтын дәнді шашау шығармай жинап алу. Биыл ауданда 260 мың гектар жерге дәнді және майлы дақыл сіңірілді. Бүгінде оның тең жартысы орылып, қамбаға құйылды. Егіннің 213 мың гектары дәнді дақылға тиесілі. Аудан бойынша гектар берекелігі 15 центнерден айналуда. Кейбір алқаптардан 40 центнерге дейін өнім алынуда.
Өңір басшысы аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі – “Атамекен-Агро-Тимирязев” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқаптарында болды. Бүгіндері шаруашылықтың қарамағында 37 мың гектар жер бар. Биыл агроқұрылым оның 29,5 мыңына дәнді және майлы дақыл сеуіпті. Серіктестіктің директоры Сергей Бекентаевтың айтуынша, күзгі орақ науқанына 57 техника жұмылдырылған. Бүгінгі таңда егіннің 70 пайызы орылды. Алдағы 10 күннің ішінде орақты аяқтау жоспарлануда. Гектарынан орта есеппен 20 центнер өнім алынуда. Аталмыш шаруашылық мал өсірумен де айналысады. Қазіргі уақытта қораларында 1700-ден астам ангус тұқымдас ірі қара бар. Қосымша қора тұрғызу жұмыстары да жүргізілуде.
Облыс әкімі шаруашылықтың жұмысына оң бағасын беріп, жауапты науқанды уақытында аяқтау қажеттігін ескертті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне басымдық берілетінін айтты. Алдағы 5 жылда еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2 есеге өсіру жоспарланып отыр. Мәселен, 2019 жылы өңірде 610 млрд. теңгенің өнімі саудаланды. Бұл көрсеткішті 1 трлн. теңгеге дейін жеткізуіміз керек. Егер жерді тиімді игере білмесек, ала жаздай күтіп баптаған егін бітік шықпайды. Сондықтан егіс технологияларына көңіл бөліп, өңіріміздің климатына төзімді сұрыптарды жерсіндіруге басымдық берген жөн. Биыл облыс бойынша тұқымның 9 пайызы жаңартылды. Ал Тимирязев ауданында 14 пайызы алмастырылған екен, – деді Құмар Іргебайұлы.
Алқап басында жергілікті диқандармен тілдескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін алдағы уақытта көп жұмыс атқарылатынын хабарлады. Мәселен, 2021 жылы Тимирязев ауданында 10 су мұнарасы тұрғызылмақ. Сондай-ақ, жол мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жыл басынан бері тозығы жеткен жолдарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы жылы да жалғасын таппақ.
Облыс әкімі “Тимирязев – Ақсуат – Мичурино” бағытындағы тас жолда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жоба құны 387 млн. теңгені құрайды. Жолдың бұл бөлігін көктемде су басатын. Осыған орай аудан әкімдігіне жергілікті тұрғындар тарапынан көп шағым түскен. Биыл мәселені түбегейлі шешу үшін бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Мердігер компания қосымша су өткізгіш құбырлар тартқан. Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Мердігер компания нысанды қазан айында тапсыруды жоспарлап отыр.
Бұдан кейін облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға ат басын бұрды. Бүгінгі таңда ауданда 4,6 млрд. теңгенің 51 жобасы жүзеге асырылуда. Олардың басым бөлігі білім, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. 9 мектепте 650 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Привольное ауылындағы мектепті жөндеуге 208 млн. теңге қарастырылған. Сондай-ақ, ауылішілік жолдарды қалпына келтіруге 88 млн. теңге бағытталған. Жергілікті стадионның құрылысы “Астық – Привольный” ЖШС-нің есебінен жүргізілуде. Шаруашылық басшысы бұл жұмыстарға 50 млн. теңге бөліп отыр. Ал Червонное ауылының мектебінде 64 млн. теңгенің орташа жөндеу жұмыстары атқарылса, жолды жөндеуге 90 млн. теңге бөлінді.
Аудан орталығында 119 млн. теңгеге жабық хоккей кортының құрылысы қолға алынған. Сегіз ауылдағы су құбырына жөндеу жүргізілсе, Новоишимка ауылында 128 үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Аудандық маңызға ие жолдарды жөндеуге бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінген. Сөйтіп, жалпы ұзындығы 1045 шақырым жолдың 237-сі қалпына келтірілетін болады.
Құмар Ақсақалов жұмыс күші көп аймақтардан көшіп келетін отбасылар үшін бой көтерген баспаналарда болды. Былтыр облыс бойынша 428 үй тұрғызылса, биыл 788 баспана салу жоспарланған. Қазіргі уақытта ауданда 53 үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр баспана жанға жайлы етіп салынған, іші жылы әрі кең. Әр үйге су тартылған. Өңір басшысы үйлердің маңы мен аулаларын абаттандыру, қора-қопсы салу қажеттігін атап айтты.
Жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов “ПМК-5” ЖШС-нің цехына соқты. Серіктестікте құрылысқа қажетті блоктар, жиек тастар, ағаш орындықтар, пластикалық терезелер және тағы басқа құрылыс материалдары шығарылады. Аталмыш серіктестік аудан орталығында 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізген. Бұл баспанадағы пәтерлер жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыларға, медицина саласының өкілдеріне және мемлекеттік қызметшілерге тапсырылды. Әдетте мердігерлер басқа өңірлерден жеткізілген құрылыс материалдарын қолданса, бұл компания негізінен өзімізде шығатынын кәдеге жаратады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.