Облысымызға жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшелері – Сапар Ахметов, Петр Шарапаев пен Берік Оспанов Аққайың ауданында болды.
“Полтавское” ЖШС-і қызметкерлерімен және Полтавка орта мектебінің ұжымымен кездесуде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқындалған міндеттер талқыланды.
“Полтавское” ЖШС-нің қызметкерлерімен кездесуде әңгіме өнім экспортының көлемін және агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін ұлғайту мәселелеріне арналды. Кәсіпорын өңірдегі дәнді дақыл және ет-сүт өнімдерін өндіру бойынша алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі болып табылады. Бұл үшін осызаманғы аграрлық технологияларды және шетелдік тәжірибені пайдаланады. Серіктестік мемлекеттің қолдауын анық сезініп отыр. Соның нәтижесінде кәсіпорында жыл сайын өндіріс көлемі артып келеді. Үстіміздегі жылдың басынан бері агроқұрылым 675 миллион теңгенің өнімін шығарды.
– Мемлекет басшысы “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында атап көрсеткендей, біздің негізгі міндетіміз 2022 жылға дейін еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы қайта өңделген өнімдерінің экспортын 2,5 есе ұлғайту болып табылады. Алдағы жылдары жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері осы міндетті жүзеге асыруы тиіс. Тағы бір маңызды сәт – жұмыс орындарын құру, ол “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту нәтижесінде мүмкін болмақ. Осы шаралар отандық өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Оларға азық-түлік өнімдері, соңдай-ақ, бірінші қажеттілік тауарлары жатады, – деді Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов.
Мұғалімдердің рөлі және бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру туралы мәжілісмендер Полтавка орта мектебінің ұжымымен кездесуде айтты. Білім беру саласы ел дамуының маңызды буыны болып саналады, ал биылғы Жолдауда ұсынылған шаралар Елбасының бес әлеуметтік бастамасының заңды жалғасы іспеттес.
– Соңғы жылдары IT-білімді қалыптастыруға, қазақ және ағылшын тілдерін оқытуды дамытуға ерекше назар аударыла бастады. Білім беру сапасының өсуі мұғалімдерге байланысты. Сондықтан Президент “Педагог мәртебесі туралы” Заңды әзірлеуді ұсынды. Педагогтер тікелей оқу процесімен айналысуы керек. Бұдан басқа, келесі жылдың қаңтарынан бастап бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 35 пайызға өседі, – деді Мәжіліс депутаты Берік Оспанов.
Мәжілісмендер атап өткендей, барлық білім беру жүйесінде өзгерістер болады. Мәселен, таяудағы бес жылда білім және ғылымға бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 10 пайызына дейін өседі. Сонымен қатар барлық оқу орындары білім процесінде Назарбаев зияткерлік мектептері және Назарбаев университетінің оқыту стандартына сәйкестендіріліп, білім ордалары бейнебақылау жүйесімен жабдықталады.
Ілияс СӘБДЕНОВ,
“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.