Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты халыққа Үндеуі отандастарымыздың жарқын болашаққа деген сенімін арттыра түсті. Халықтың жағдайын түзетуге бағытталған кешенді шаралар жоспары бүгінгі күні үзбей жүзеге асырылып келеді.
Маңызды құжаттағы бес бастаманың төртінші бағыты – шағын және орта бизнеске дем беріп, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашу, халықтың аз қамтылған бөлігінің кірісін өсіру, өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту секілді кешенді міндеттерді шешуге жол ашады. Яғни, мыңдаған адам жеке ісін дөңгелете алады. Әсіресе, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға зор мүмкіндік беріліп отыр.
Мемлекет басшысы Үкіметке жеңілдетілген шағын несие көлемін 20 млрд. теңгеге арттыруды тапсырды. 2018-2021 жылдарға арналған бюджетте қарастырыл-ған қаражат есебiнен шағын несиеге 42 млрд. теңге бекітілген болатын. 2017 жылы 32 млрд. теңгенің кредиті рәсімделгенімен, “Бизнес-Бастау” жобасы аясында бі-лім алған 5 мың азамат қаржыға қол жеткізе алмаған еді. Бұл мәселені шешу үшін үстіміздегі жылы осы салаға қосымша қаржы бағыттаудың нәтижесінде шағын несие қаражатының мөлшерi 62 млрд. теңгенi құрады.
Мемлекет қолдауымен ауылдық және қалалық жерлерде өз бизнесін бастауға және кеңейтуге мүмкіндік алған қазақстандықтардың саны 14 мыңға жетеді деп күтілуде. Бұл – шағын бизнеске, қарапайым шаруаға, ауылға үлкен көмек, елеулі қолдау. Яғни, қосымша жұмыс күшін арттыру арқылы жаңа жұмыс орындарының құрылуына серпін болады. Сонымен қатар шалғай жердегі ауыл тұрғындары жеке істерін бастауға мүмкіндік алады.
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы – “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ның құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым болғандықтан, ауылдық жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өркендеп, қанатын кеңге жаюына елеулі септігін тигізіп келеді. Жалпы бюджеттен бөлінетін мол қаражаттың 44,7 млрд. теңгесі – ауылдағы кәсіпкерлерді несиелеуге бағытталса, оның 27,2 млрд. теңгесі “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы таратылып беріледі.
Нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету мақсатында алдағы бес жылдың ішінде 500 мың жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына біріктіру жоспарланған. Мемлекеттік қолдау қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін орта есеппен 30 пайызға арттыруға және өндіруші мен тұтынушы арасын жақындатуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясындағы кешенді жұмыстар біздің өңірімізде де жүзеге асырылуда. 2016-2018 жылдар аралығында облысымызда 3229 мүшесі бар 43 өндірістік кооператив 1229,1 млрд. теңге несиеге қол жеткізді. Оның 37-сі сүт өңдеуге қажет құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Қалған қаражатқа 4284 ірі қара алынды.
Былтыр қордың облыстық филиалы “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту”, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары аясында 3,3 млрд. теңгенің 724 жобасын жүзеге асырды. Бұл қаржының 80 пайызы мал шаруашылығына бағытталды. Ал үстіміздегі жылы 2,9 млрд. теңге көлеміндегі 635 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 1,8 млрд. теңге “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 560 жобаға берілді. Ал стартап жобаларға 1,3 млрд. теңгенің 463 несиесі рәсімделді.
Жеңілдетілген микронесиелер 5 жыл мерзімге, мал шаруашылығы мен ауылшаруашылығы кооперативтерін құру үшін 7 жылға беріледі. Жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз.
Мал шаруашылығы саласында 1321,7 млн. теңгенің 347 жобасы қаржыландырылды. Бұл қаражатқа 835 жылқы, 2 404 ірі қара, 1515 ұсақ мал және қажетті техника мен жабдықтар сатып алынды. Өсімдік шаруашылығы бойынша 113 жобаға 772,4 млн. теңге бөлінді. Қаражат көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге жұмсалды. Құс шаруашылығында 51,5 млн. теңгенің 16 жобасы жүзеге асырылып, қызылжарлық кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде он бес мыңға жуық құс сатып алды. Жерлестеріміз басқа да бизнес түрлері бойынша 159 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл мақсатқа 734,9 млн. теңге бөлінді. Бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар белсенділік танытуда.
Үстіміздегі жылғы он айдың қорытындысы бойынша акционерлік қоғам “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 20 млрд. 335 млн. теңгенің 5542 несиесін рәсімдеп, нәтижесінде 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Қаржыландыру ережелеріне сәйкес несие қаражатының кем дегенде 20 пайызы стартап жобаларды қаржыландыруға бөлінуі керек. Сондықтан бөлінген несиелердің 15,5 млрд. теңгесі 4523 стартап жобаны қаржыландыруға бағытталды.
Бүгінгі күні бағдарлама аясында берілетін несиелерге сұраныс өте жоғары. Себебі, қордың кепілдік саясаты өзге қаржы институттарымен салыстырғанда тиімді. Несиелер төмен пайызбен ұзақ мерзімге беріледі. Оның үстіне кепілдік ретінде ауыл тұрғындарының қолындағы бар меншігі қойылады. Дегенмен, түскен өтінімдердің бәрін қаржыландыру мүмкін емес. Биыл қаржы көлемінің ұлғайтылуына байланысты бағдарлама аясында 800 несие бергелі отырмыз.
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалы ауылдағы ағайынның жаңа кәсіп ашуына, жобаларын қаржыландыруға, айналым қаражатын алуға және тағы басқа кәсіпкерлік мақсаттарды жүзеге асыруына әрқашан көмек қолын созуға дайын.
Абылай НҰРКЕНОВ,
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалының директоры.