«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА МАМАН ТАПШЫ

 Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі жұмыс берушілер арасында жүргізілген жыл сайынғы сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Сауалнама мақсаты – алдағы үш жылға арналған еңбек нарығындағы кадрларға деген сұранысты болжау және экономикалық даму үдерістерін кадрлық қамтамасыз етумен ұштастыру.

 2025-2027 жылдарға арналған болжам бойынша өңірге 3043 білікті маман қа­жет. Сауалнамаға облыстағы 1182 жұмыс беруші қатысқан, оның ішінде 607 жеке кәсіпкер мен 575 заңды тұлға бар. Сұра­ныстың ең көбі Петропавл қаласына тиесілі – 1886 адам немесе жалпы өңірлік қажеттіліктің 62 пайызы. Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев (254 адам), Қызылжар (196 адам), Есіл (157 адам) және Тимиря­зев (127 адам) аудандарында да маман тапшылығы байқалады.

Экономикалық қызмет түрлері бо­йынша сараптама көрсеткендей, үшінші жыл қатарынан ең жоғары сұраныс ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі са­лаларында тіркеліп отыр. Ауыл шаруа­шылығы саласы бос жұмыс орындары­ның 20 пайызын (600 адам) құраса, өңдеу өнеркәсібі 15 пайызбен (465 адам) екінші орында.

Білім беру саласы да тұрақты түрде кадр тапшылығын сезінуде – бұл бағыт­тағы сұраныс 487 адамға немесе 16 па­йызға тең. Мемлекеттік басқару және сауда салаларында да сұраныс бар – әр салада шамамен 12 пайыз немесе 370 және 354 вакансия бар. Ал ғылым, мәде­ниет және әкімшілік қызмет көрсету са­лаларында сұраныс аз.

Сауалнама нәтижесінде сұранысқа ие 10 мамандық анықталды. Атап айтқанда, тігіншілер – 312, өрт қауіпсіздігі инспек­торлары – 200, логопедтер – 178, тракто­рист-машинистер – 142, аспаздар – 92, инженер-механизаторлар – 87, орман шеберлері – 75, мектеп психологтары – 65, дене шынықтыру мұғалімдері – 61, автослесарьлар – 54 адам.

Айта кетерлік жайт, өртке қарсы инс­пектор мен логопед мамандықтары биыл алғаш рет ең сұранысқа ие үштікке еніп отыр. Бұл – еңбек нарығындағы құры­лымдық өзгерістердің айғағы.

Білім деңгейі бойынша қарасақ, кәсі­би-техникалық білім иелері (1751 адам) және жоғары білімді мамандар (715 адам) қажет. Орта білімді мамандарға қа­жеттілік 198 адамды, ал қысқа мерзімді курстан өткендерге 135 адамды құрайды. Сонымен қатар 249 жағдайда жұмыс бе­рушілер білім деңгейіне талап қоймайды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы­ның адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ирина Торопованың айтуын­ша, бұл деректер мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға тіке­лей әсер етеді.

– Жыл сайынғы зерттеулер нәтижесі бойынша біз өз ұсыныстарымызды об­лыстық білім басқармасына жолдаймыз. Мемлекеттік тапсырыстың еңбек нары­ғы сұранысына сай құрылуы – өңір эко­номикасын кадрлармен қамтамасыз етудің тиімді құралы, – деді Ирина Торо­пова.

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіби-техникалық және қолданбалы білімі бар мамандарға сұраныс артып ке­леді. Бұл – білім беру жүйесі мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс­ты күшейтуді, еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін ескеруді талап ететін ма­ңызды фактор. Жүйелі болжам мен нақ­ты деректерге негізделген шешімдер ғана өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере алады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp