
Пандемия агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыттарына да өз өзгерістерін енгізіп отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығынын әртараптандыру ұстанымының күн тәртібіне шығарылуын бөле-жара айтар едім. Осы бағыттағы атқарылатын ауқымды іс-шаралардың тізбегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында нақты белгіленіп, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құрудың мүмкін еместігі ашық айтылды. Ауылдықтар мал өнімдерін молайтуды және сапа жағынан жоғары көрсеткіштерге жетуді қашанда басты мақсат санайды.
“Жолдасбай-Агро” фермерлік қожалығы құрылғаннан бері мал шаруашылығымен және егіншілікпен тұрақты түрде айналысып келеді. 2013 жылы мұхиттың арғы жағынан “Абердин-ангус” тұқымды ірі қара әкелінді. Қазір оның саны бір мың басқа жетті. Бұдан бөлек, “Әулиекөл”, “Симменталь” тұмымы, қазақтың ақ бас сиыры, қой, жылқы түліктері өсіріледі. Негізінен етті бағытқа маманданғанбыз. Мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Асылтұқымды шаруашылық мәртебесіне иеміз. Арамызда еселі еңбегімен жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген жандар баршылық. Солардың бірі бақташы Рауан Бралин үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталды. Қожалықтың қысқаша сипаттамасы осындай.
Айтпағым, төрт түлік өсіріп, ата-баба кәсібіне адалдық танытып отырған қарапайым ауыл еңбеккерлері заман ағымына, нарық заңдылықтарына қарай икемделе отырып, материалдық-техникалық жаңғырудың, заманауи инновациялық жаңалықтардың қажеттілігін жақсы сезінеді. Бұл ретте жергілікті жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірілген өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру айрықша маңызды. Жасыратыны жоқ, кей кездері қордаланып қалған мәселелерді шешуге келгенде маңдайымыз тасқа тиіп жататыны рас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда аграрлық салаға жаңа талаптар жүктеп, шешімін таппай келе жатқан мәселелерді атап көрсетті. Олардың қатарына жұрттың жерге қол жеткізе алмауын, ұзақ мерзімге берілетін арзан несиенің болмауын және кәсіби мамандардың тапшылығын атады. Бұл проблемалар бізде де жиі кездеседі. Әсіресе, жайылымдық, шабындық жерлердің тапшылығы ауыл шаруашылығын әртараптандыруға мүмкіндік бермейді. Шаруашылықтар көбіне егіншілікпен ғана шектелуге мәжбүр. Кезінде “Богви”, “Трансавто” секілді алпауыт компаниялар жүздеген мың гектар жерді иелене тұра, тиімді пайдаланбау салдарынан көптеген отбасының пай үлестерінен қағылғанын жақсы білеміз. Мемлекет басшысы “шөп қорыған иттің” кебін киген мұндай “латифундистердің” көбейіп кеткенін өткір сынға алып, иесіз жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келгенін қадап айтты. Әйтпесе, Қазақстанның ұлан-байтақ жері төрт түлік малды қанша өсірсең де еркін жетеді ғой. Ортақ байлығымыз саналатын жерді кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Мұның өзі жемшөп дайындау ісіне де кедергі келтіріп отырған жайы бар. Республика бойынша жемшөппен қамтамасыз ету көрсеткішінің 60 пайыздан аспауы біраз жайтты аңғартса керек. Облыста жалпы жер қоры – 7,8 млн. гектар, оның ішінде ауыл шаруашылығына қолайлы алқаптар – 74 пайыз. Демек, ауыл шаруашылығын әртараптандырудың ішкі резерві мол деген сөз. Жерлер толыққанды экономикалық айналымға енгізілсе, ауыл тұрмысы тек егіншілікке ғана тәуелді болып қалмас еді. Соңғы кездері облыста иесіз жатқан жерлердің мемлекет меншігіне жүйелі түрде қайтарыла бастауы – құптарлық іс. Олар бірінші кезекте төрт түлік өсіруге ниетті фермерлерге берілгені абзал.
Кәсіби мамандардың жетіспеушілігі де – бұл саладағы қордаланған мәселелердің бірі. Инновациялық жетістіктерді, заманауи өндірісті әкелетін, сол арқылы жаңа орта қалыптастыратын, ахуалды орнықтыратын көзі ашық, білімді, зиялы жастар – қашанда жаңалықтың жаршысы, ауылдың көркі. Әлеуметтік жағдай толыққанды жасалса, кез келгені тұрақтап, орнығып қалары анық. Біз еңбек етуге келген жастарды әр кез құшақ жая қарсы аламыз. Мәселен, малдәрігерлік қызметке орналасқан Ильнур Ахметшинге еңбек етуіне, тұрмысына жан-жақты қолдау көрсетілді. Қазір жүзге жуық жерлестерімізді тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Кей әріптестерім білікті мамандарға зәрулікті айтып, ауыздарын қу шөппен сүртіп жатады. Мен оларға аудандық әкімдіктермен, басқа да мүдделі орындармен бірлесе отырып, “Дипломмен – ауылға!”, “Серпін”, “Оңтүстіктен – Солтүстікке” секілді мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін пайдалануға кеңес беруге тырысамын. Есімдері өңірге жақсы танымал Серік Малаев, Біржан Шаймерденов, Еркебұлан Мәмбетов сынды іскер басшылар осы жобаларға жүгіну арқылы елді мекендерде білікті мамандарды тарта білді. Еңбек жолын ауылдан бастап, оң-солын ерте таныған маман ертең елге қызмет ететін болады. “Жоқ” дей бергенмен ешкім еш нәрсе әкеп бермейді. Ел экономикасының локомотиві саналатын ауыл шаруашылығын өркендету үшін, ең алдымен, ауылдардың жағдайын жақсарту қажет деген пікірдемін.
Атқарылатын ауқымды жұмыстарды ғылымсыз көзге елестету қиын. Ғылым – мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасына зор әсер ететін елеулі фактор. Бір ғана мал асылдандыру ісін алайық. Селекциялық жұмыстарды тиянақты түрде жүзеге асыру арқылы жоғары сапалық көрсеткіштерге қол жеткізуге болатынын тәжірибе айқын байқатып отыр. Шаруашылықта асылтұқымды малдың нақты есебі жүргізіліп, аналық бастың үлесін көбейтуге басымдық беріледі. Түлік төлден өсетінін естен шығармаймыз. Зоотехникалық және ветеринарлық нормаларға сәйкестігі жіті бақыланады. Жыл өткен сайын асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға Үкімет тарапынан қаржылық қолдау көлемі артып келеді. Алайда, ірі қара, қой, жылқы шаруашылығына арналған, тауарлы-сүт фермаларын құруды діттейтін бағдарламаларға қатысуға келгенде кейбіреулердің енжарлық танытуын түсінбеймін. Қазіргідей қиын кезеңде саланы реформалау арқылы түбегейлі жаңғырту ауыл шаруашылығы өнімдерінің ұлғаюына, жандануына зор ықпал етпек. Дамыған елдерде жалпы агроөндірістік кешенде өнімнің 50-90 пайызы инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген. Қазақстанда да мұндай бағдарламалардың өз кезегімен іске қосыла бастауы қуантады. Жаңа ұлттық жобалар жүзеге асырылатын болса, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру мүмкіндігіне ие болатын күн алыс емес.
Аграрлық секторға ғана қолдау көрсету жеткіліксіз. Ауылдың әлеуетін толық пайдаланудың стратегиялық маңызын түсіну қажет. Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізудің артықшылығын уақыттың өзі ұқтырып отыр. Цифрландыру бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі құралы екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде бұл заманауи озық үрдістер егіс алқаптарында кеңінен қолданылуда. Ұшқышсыз дронды аппараттар ауылдықтар үшін таңсық емес. Күн сайын далада жүруден және артық қаржылық ресурстар жұмсаудан арылдық. Егіс алқаптары мен жайылымдардың үстінен бақылау жүйесіне көшудің болашағы өте зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдықтардың өмірі мен тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты міндеттері болашаққа деген сенімділігімізді күшейте түсті.
Сүйіндік ЖОЛДАСБАЕВ,
“Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығының басшысы.
Уәлиханов ауданы.