“Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды”, – деп басталатын ақиық ақын Мұқағалидың өлең жолдары үнемі есімде жүреді. Еріксіз ауылым есіме түседі. Не жетсін, шіркін, туған ауылға! Шал ақын ауданына қарасты Ыбыраев атындағы ауыл кезінде еңселі, бірлігі мен тірлігі, шаруашылығы мен мәдени өмірі жарасып жататын елді мекендердің бірі болатын.
Менің айтпағым, ел ішінде ауыл тұрғындарының құрметіне бөлене білген Бельгерлер отбасы жайында. Олардың қандай жағдаймен біздің елге келгенін есейе келе түсіндік. Әйтпесе, біздің түсінігімізде елдің байырғы тұрғындарының бірі есебінде болатын.
Менің нағашы атам Ерғали Бельгерлермен бір көшенің бойында тұрды. Үй арасында екі-үш қана үй бар, сондықтан олардың өмірімен бала күнімнен жете таныс болып өстім. Үй иесі Карл Фридрихович Бельгер ауылда көп жылдар бойы фельдшерлік қызмет істеді.
Мынадай бір оқиға әлі күнге есімнен кетпейді. Төртінші сыныпта оқып жүрмін. Қыс кезі. Кешке қарай оқудан қайтқанда, ауыл ортасында тұрған үлкен дөңнен сырғанайтын әдетіміз бар. Әдеттегідей сол дөңде бір сағаттай сырғанап ойнадық. Бір кезде қатты сусадым да, жерден қар алып жедім.
Сол күні түнде дене қызуым көтеріліп, қатты ауырдым. Әке-шешемнің әлек-шәлегі шықты. Түн ішінде көрші Қазан ағамызды оятып, оны Карл Фридриховичке жұмсады. Сағат түнгі үш шамасы ғой деймін, ақпанның қара суығына қарамастан, Карл Фридрихович жетіп келді. Қолында қобдишасы бар. Дене қызуын түсіретін дәрі беріп, ауыз үйде, пештің қасында, мені алдына алып, орындықта екі сағаттай отырды. Кейін шешем: “Қызуың түскеннен кейін, сені төсекке апарып, жатқызып кетті”, – деп айтып отыратын.
Өз ісіне адал Карл Фридрихович үлкенге де, кішіге де осындай шынайы ықыласпен қарайтын еді. Әкемнің денсаулық күзетшісі де сол кісі болатын. Оның жағдайын күнара өзі келіп, тексеріп кететін. Жаяу жүріп, ауыл адамдарын сырқаттан емдеуге жалықпайтын. Қатты ауырғандарды аудан орталығына апару үшін машина табылмаса, трактормен өзі алып кете беретін. Тіпті болмаса, қысты күндері өзінің атын жегіп, тұлыпқа орап, шанаға отырғызып алып баратын. Сөйтіп, ауылдың көп адамдарын ажал тырнағынан арашалап қалған адам еді. Сондықтан біздің түсінігімізде “дәрігер” деген ұғымды “Бельгер” деп түсіндік. Оның фамилия екенін кейін келе білдік.
Карл Фридрихович – елдегі бірнеше баланың кіндік атасы. Ол кезде әйел біткеннің бәрі үйде босанады ғой. Өз қолымен кіндігін кескен балалары бүгінгі күні ата-әже болып отыр. Соның бірі менің бала күннен бірге өскен досым – Күлбара. Оны елде жұрттың бәрі “Бельгердің қызы” деп атайды.
Карл Фридриховичтің скрипкада ойнайтын өнері бар еді. Кешке таман ол ауыл жастарын клубқа жинайды. Оның ішінде балалайка, мандалин, гармонь, баян тартатын жастардың басын қосып, ел тұрғындарына әртүрлі мерекелерде концерт қоятын. Солардың ішінде: Әскер Сайдуов, Есен Садықов, Ғазез Әбілмәжінов, Валентин Журавлев сияқты жастар оның өнерге тартқан шәкірттері болатын. Ауылдағы достары, құрдастары: Қази Досымбеков, Бекім Оразтаев сияқты ағаларымызбен қатты әзілдесіп, жарастықтары келісіп жүруші еді. Ұялған кезде қып-қызыл болып күле беретін.
Оның зайыбы Анна Давыдовна сондай байсалды, ақылды да байыпты ана болатын. Ауласында неше түрлі емдік қасиеті бар шөптер өсіреді. Таңқурай, қарақат секілді жидектердің өсетінін ауыл адамдары осы үйден көрді десем, қателеспеймін. Анна Давыдовна өте таза, ұқыпты, алдынан алжапқышы бір түспейтін жан еді. Ауласы қандай таза. Үй маңайынан бір қоқыс көрмейсің. Қатты жауыннан кейін кейбір үйлердің сыртқы сылағы түсіп жатады, ал олардың үйлерінің сылағы әсте түсе қоймайтын. Аппақ болып тұрушы еді. Ауыл әйелдері: “Аннаның сылаған балшықтары қалай түспейді?” – деп аңыз қылатын.
Әсіресе, жаз айларында дүкенге, мектепке немесе поштаға бара жатқанда, бала көңілмен бау-бақшаларына қызықтап қарап өтеміз. Өзімізде ондай болмағасын, соның бәрі таңсық болып көрінетін. Анна Давыдовна бізді байқап қалса, уыстап таңқурай бере бастайтын. Сол кезде жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын. Ол кісі ауыл әйелдерімен, көрші-қолаңдарымен өте жақсы араласатын. Той-томалақтарда өзінше жөн-жоралғысын жасап, қалыспай жататын. Әсіресе, Бельгерлер өздерімен көрші тұратын орны бөлек, біздер үшін қадірменді ұстаздар Есім Ысмағұлов пен Күлшара Қасымқызының отбасымен қоян-қолтық араласқанын ел күні бүгінге дейін аңыз қылып әңгімелейді. Ботагөз, Сәуле, Талғат сол үйдің балаларымен бауырдай болып кетті. Олар солардан орыс тілін үйренді. Олардың бау-бақшасында өз үйлеріндегідей жүргендерін көргенде, біздер қызыға қарап өтуші едік.
Карл Фридрихович пен Анна Давыдовнаның ұл-қыздары: Герольд (Гера), Эльма, Альма, Роза ауыл мектебінде оқыды. Үлкендері ауылдан оқуға ертерек кетті де, бізбен қатар өскен Розасы болды. Ауыл адамдары “Альманың” жіңішкелік белгісін алып тастап, “Алма” деп кетті. Роза менен екі сынып жоғары оқыды. Ол сабақты жақсы оқыды, мектепте белсенді оқушылардың қатарында болды. Көзі үлкен, әдемі болатын. Жирен түсті екі бұрым қылып өріп жүретін қалың, бұйра шашы ерекше көз тартатын еді де, өзіне керемет жарасатын.
Иә, өмір бір орында тұрмайды. Кейін бәріміз де ауылдан оқуға кеттік. Каникулға келгенде де, ерлі-зайыпты Бельгерлер арқамыздан аялы алақандарымен қағып, пейілдерін танытып жатушы еді.
Алматыда оқып жүрген кезім. Бір күні әкемнен хат келді. Ол хатында Бельгерлердің Ташкентке көшіп кеткенін жазыпты. Бір түрлі болып қалғаным есімде. Кейін білсем, ауылдан кеткенде, өздері де жылап, ауыл адамдары да жылап, қимастықпен шығарып салыпты. Біраз жылдардан соң сол жақта ол кісілердің бақилық болғанын естідік. Өкініштісі, жап-жас Розасының өмірден ерте кеткендігі. Оны да елдегі бір ағамыздай болып кеткен Герольд Бельгердің “күнделігінен” оқып, қатты өкінгенім бар.
Герольд Карлович Бельгер – танымал тұлға. Шығармашылығымен өз елімізге де, шетелге де аты шыққан бірегей азамат екені белгілі. Ауылда оны жұрттың бәрі “Гера” деп кеткен.
Есімде бір қалғаны, студент кезінде елге келгенде, ауыл үйлерінің бәріне амандасып, кіріп шығатын. Әсіресе, менің нағашы атам Ерғали үйіне бірінші келуші еді.
Алматыда оқу бітіргеннен кейін Гера Жамбыл облысы Байқадам деген ауылға мұғалім болып барады. Міне, қараңыз, дәл осы ауылда менің нағашы апам Гүлсім Қаленова тұрды. Сонда ол кісі ауыл адамдарына: “Гера – менің інім” деп таныстырады. Жездеміз Төлек оны “балдыз” деп атап кеткен.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында Гера өзіміз оқыған Ленин орта мектебіне (бүгінгі Мәркен Ахметбеков атындағы мектеп) мұғалім болып келді. Дәл сол жылдары біз 5-сыныпқа бардық. Сынып жетекшіміз марқұм Қағида Базарбайқызы бастап келіп, бізге таныстырды. Ол бізге “Книга для чтениядан” сабақ берді. Гера оқытқан И.С. Тургеневтің “Муму” атты әңгімесін өмір бойы ұмытпаймын. Ұқыпты, мұнтаздай таза киінген, әдемі бұйра шашы өзіне сұлулық сыйлап тұратын жас ұстаздың түр-тұлғасына сүйсіне қарайтын едік. Тіл байлығы қандай! Сабақтың кейбір кезеңдерін орысша да, қазақша да түсіндіруге жалықпайтын.
Әлі есімде, “Гера келіншек әкеліпті” деп, Карл Фридриховичтің үйіне ауыл әйелдерінің жүгіргені. Оның тұңғыш әрі жалғыз қызы дүниеге келгенде де, осындай жағдай қайталанған болатын.
Алматыда тұрса да, Гера елге жаз айларында отбасымен келіп тұратын. Әсіресе, біраз уақытын біздің үйде әкеммен бірге өткізетін. Біздің үйде не көп, газет-журнал көп. Ескі жылдардағы журналдарды ақтарып оқып отыруға жалықпайтын. Ол әкеме хат жазып тұратын. Әр хаты “Құрметті Ғалым аға, жеңгем Зураш!” деп басталушы еді. Жазуы қандай, маржандай! Хатында ауыл адамдарының хал-жағдайын, әкемнің денсаулығын, шығармашылығын сұрап, ел азаматтарына сәлем айтуды өтініп жататын. Оның елге деген, ел адамдарына деген ықыласын айтып жеткізу мүмкін емес. Ол ауыл адамдарының үрім-бұтағын, ағайын-туғанын өте жетік білді.
Герольд Бельгердің “Ауыл шетіндегі ағаш үй” (“Сосновый дом на краю аула”) хикаятын қалың оқырман білуге тиіс. Оның прототиптері – менің әке-шешем. Олардың өмірбаянын бүге-шігесіне дейін білген соң, осындай шығарма туып тұр ғой. Әйтпесе, жазбаған болар еді.
Мынадай бір оқиға тағы еске түседі. 1994 жылы Гера 60-қа толды. “Елге келіп, 60 жылдығын тойлайын деп жатыр” деген хабар тарады. Ауыл дүрлігіп, сол тойға дайындалып жатты. Менің шешем сол кезде қалада, бізде қонақта жатқан. Арасында Сергеевкадан келіп, балаларымызды бағысады. Бір күні жұмыстан келсем, шешем буынып-түйініп кетуге дайындалып отыр екен.
Кейін марқұм шешем: “Біз ауылда Гераның алдынан шығып, шашу шаштық. Біреуіміз құшақтап, бетінен сүйіп жаттық. Сол кезде облыс әкімі (В. Гартман) бір жағы қызығушылықпен, бір жағы таңғалып қарап тұрды”, – деп есіне алып отырушы еді…
Герольд Карлович 80-ге толғанда оған “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” деген құрметті атақ берілгені бәріміздің де көңілімізге қонды. Сол хабарды естігенде, қуанышы қойнына сыймай, шаттанғанын да газеттен оқып, біз де сүйсініп қалдық. Жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменовке берген сұхбатында айтқан даналық ойлары қандай?!
Әңгімені ауылға деген сағынышпен бастап едім. Әрине, жиі болмаса да, ауылға барып тұрамыз. Көп нәрсе еске түседі. Өткен күндерге деген бір сағыныш бойды билейді.
Міне, өзім өскен көшеде немереммен келе жатырмын. Таныс көше, таныс емес үйлер. Анадайдан Бельгердің үйін іздеп келемін. Баяғы шақырайған аппақ үй жоқ. Үй түп орнымен өзгеріпті. Маңайы да жалаңаштау. Қалың ағаштары да сирек тартыпты. Көз алдыма бұрынғы үй елестеді. “Алжапқышы жарқырап Анна апай шығып келе жатса ғой”.
Өтіп бара жатқан бір жас қыздан:
– Мынау үйде кім тұрады? – деп сұрадым.
– Мұнар деген жігіт тұрады, – деді.
– Бұл үйде оның алдында кім тұрғанын білмейсің бе? – дедім.
– Білмеймін, – деді де, кетуге ниет білдірді.
Иә, қазір бәрі өзгерген. Өзгермейтіні – қайда жүрсең де, қайда болсаң да елге деген сөзбен жеткізіп болмайтын сағыныш пен махаббат.
Әлия МАЛДЫБАЕВА.
Петропавл қаласы.