«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ІРГЕСІН ҚАЗУ ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?

Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері құрылысқа қажетті құм өндіретін карьерден зиян шегіп отыр. Олар терең қазылған орда малдың мертігіп жатқанын айтып, редакциямызға хабарласқан болатын.

– “Севимсталькон” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі экскаваторларымен ауылымызды айналдыра құм карьерін қазып, оны 40 тонналық “КамАЗ” көліктерімен тасымалдауда. Үйімізге кірген шаң-тозаң, ішіп отырған тамағымызға түсетін тас-құмды айтпағанда, терең жар күннен-күнге баспанамызға жақындай түсуде. Бұл мәселе бойынша шағымданбаған жеріміз қалмады, – дейді ауылдықтар ашынып.

Оқиғаны басынан бастан баяндайық. 2006 жылдан бері елді мекен сыртында біріне-бірі жақын екі карьер қа­зыл­ған. Оның көлемі күннен-күнге ұлғайып әрі тереңдей түсуде. Тұрғындар прокуратураға хат жазған екен. Бірақ ешқандай нәтиже болмапты. Карьер қазу тоқтатылған жоқ, керісінше, жұмыс қыза түскен.

Тұрғындардың айтуынша, жеке кәсіпкер Сұлтанбек Газдиевтің басшылығымен игеріліп жатқан “Бескөл” карьері мен ауылдың арасы 100-200 метр ғана. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №237 бұйрығына сәйкес, осындай құм шығаратын карьерлер елді мекеннен кем дегенде 800 метр қашықтықта орналасуы керек.

Жергілікті тұрғындарды әбігерге салған қазба жұмыстарының жүргізілгеніне 13 жыл болған. Олар осы мәселеге жергілікті биліктің мүлде “бас ауыртпайтынына” наразы.

– Карьер мен жолдың мәселесін айта-айта шаршадық. Қазба орны ауылға өте жақын орналасқан. Шеттегі мешітке де таяп қалды. Бүгінгі күні балалар үшін алаңдаймыз. Себебі, ойын баласы орға құлап кетуі мүмкін. Бірнеше жылдан бері осы жағдай бізді алаңдатуда, – дейді ауыл ақсақалы Қайролла Сүлейменов.

Ауыл тұрғыны бұл карьердің орнында бұрындары шабындық болғанын айтады. Кәсіпкер жерді қазғаннан кейін ол аумақта мал жаю немесе шөп шабу былай тұрсын, арғы бетке өту мүмкін болмай қалған. Бұл орайда қауіпсіздік мәселесі жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Ал санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық талаптардың өрескел бұзылып отырылғаны айтпаса да түсінікті.

Карьерлердің қоршаған орта қауіпсіздігіне, өз деңгейінде жұмыс атқаруына жауапты бірден-бір мекеме – облыстық экология департаменті. Мәселенің мәнісін білмек ниетпен бұл ұйымға арнайы бардық. Департамент басшысының орынбасары Азамат Бектасов жергілікті тұрғындардың шағымына сәйкес тексеріс жүргізілгенін айтты.

– Тұрғындар тарапынан бұл карьерге қатысты шағымдар түсуде. Себебі, жер қазылған кезде жергілікті өзен-көлдің және ауаның ластану қаупі артады. Сондықтан кәсіпкер карьерден шыққан күл-қоқыстарды тазартып, шаң-тозаңдарды азайту, ауаны ластамау, басқа да қадағалау шараларын жүргізуі қажет. Атап айтқанда, қазба орнына қатысты түскен шағымдарға байланысты 2016 жылы біздің мамандар карьерге барып, арнайы тексеріс жүргізді. Нәтижесінде көптеген кемшіліктер анықталды, – дейді ол.

Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жаналинов атап өткендей, “Севимсталькон” ЖШС-і 2006 жылдың желтоқсан айындағы №48 келісімшартқа сәйкес Қызылжар ауданындағы “Бескөл” карьерін пайдаланушы болып табылады. Қазба жұмыстары басталғанға дейін серіктестік уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан келісім және сараптама құжаттарын алған. Келісім мерзімі – 20 жыл.

Тағы бір айта кететін жайт, құм таситын ауыр жүк көліктері ауыл жолдарын бүлдіруде. Ауыл мен облыс орталығы арасында күні-түні қатынаған жүк көліктерінің қозғалысы салдарынан жолдар жарамсыз күйге түсіп, жергілікті тұрғындардың ренішін туғызуда.

– Жыл сайын өңірімізде жолдарды жөндеуге қомақты қаржы бөлінуде. Алайда, Бәйтерек ауылының жолы бәз-баяғы күйінде. Ауылішілік жолдың бүгінгі жағдайы өте мүшкіл. Ой-шұңқырлары көп, әбден тозған. Ауыр жүк көліктері бар кәсіпорынға бұл бағытта талапты күшейту тетіктері қарастырылса екен, – дейді Бәйтерек ауылының тұрғындары.

Жергілікті тұрғындар ауылдың дәл іргесіндегі карьерді жабуға тиісті мекемелер құлықсыздық танытып отырғанын түсінбей дал. Кезінде талаптар ескерілмей, қазба жұмыстарына рұқсат берілгені анық. Енді сол кемшілікті түзететін уақыт жеткен сыңайлы. Құрылысқа құм қажет болса, қазақтың жері жетеді ғой. Ауылдан алысырақ аумақты қаза берсін.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Коллажды жасаған

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp