«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ҰСТАЗЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы кезекті VII республикалық тәуелсіз қоғамдық байқауын өткізіп, Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық өңірлерінің үздік педагогтерін анықтады.

Облысымыздан “Үздік ұстаз” байқауына бірнеше педагог өтініш беріп, солардың арасында Қызылжар ауданындағы Красногор негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Қойшыбаева жеңімпаз атанды. 29 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз байқауға қатысу үшін сараптамалық материал жасап, қазіргі ауылдың білім ордаларына тән негізгі проблемаларды көрсеткен. Атап айтқанда, біріктірілген сыныптарға сабақ жүргізу бойынша дағдыға айналдырған әдіс-тәсілдері туралы жазған.

– Бір сыныпқа жаңа сабақ түсіндіріп жатқанда, келесісі өздік жұмысымен айналысып отырады. Ол үшін балаларға ұсынатын өздік жұмыс материалдарың дайын болуы тиіс. Мұғалім екі сыныптан да үй тапсырмасын сұрап үлгеріп, бір тақырыптан екіншісіне ауысып отыруға дайын тұруы керек. Және мұның бәрі әрбір 40 минут сайын қайталанады. Сондықтан өзге де мұғалімдерге көмегі тиер деген оймен “Шағын комплектілі мектептердің бастауыш сыныптарына арналған өздік жұмыстары” атты материал әзірледім, – дейді ауыл ұстазы.

Бұл байқауға Айгүл Қабдолмәжитқызы осымен екінші рет қатысып отыр. 2006 жылы ол қанжығасына үшінші орынды байлаған еді. Содан бері жеке тәжірибесі мен оқушыларының жетістігі арта түскен мұғалімнің еңбегі тағы да лайықты бағасын алды.

Ауыл ұстазына арнайы жасалған “Үздік ұстаз” төсбелгісі, сертификат пен куәлік берілді. Байқауға қатысушы ұстаздардың еңбектері арнайы жинақ болып шығады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp