Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Петропавлда ауыл әйелдерінің форумы өтті. Бизнесте жетістікке жетіп, өз ісін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер ауылды өркендету жайындағы ойларымен бөлісті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.
Форум барысында “Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясының” төрайымы Салтанат Рахымбекова ауылда кәсіп ашқан немесе осы салаға жаңадан бет бұрған нәзік жандарға өз ісін жасыл экономикадан бастауға кеңес берді. “Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы табысқа кенелуге болады. Бүгінде бұған ден қойған көптеген азаматтар нақты пайдаға кенеліп, экономиканың дамуына өз үлесін қосуда. Мысалы, тұрмыстық қалдықтарды жинап, оны өңдеп, жаңа тауар шығаратын болса, оларға субсидия беріледі”, – деді Салтанат Темірқұлқызы. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде де үлкен жетістіктерге жетуге болатынын айтты. Мәселен, жергілікті әйелдерге бал жинаумен немесе жүзім, алма өсірумен айналысуға болады. Коалиция төрайымы кәсіпкерлікке бет бұрған көпбалалы және аз қамтылған әйелдерге қайтарымсыз берілетін 500 мың теңге қаржыны қалай тиімді пайдалануға болатыны жөнінде де ақыл-кеңесімен бөлісті.
Осыдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев: “Өңірімізде ауыл әйелдерінің кәсіп ашуға деген ынтасы зор екені байқалады. Қазіргі қоғамға аса қажет бұйымдарды жасап жүргендер қатары аз емес. Билік тарапынан мұндай бастамашыл азаматтарға қолдау қашан да зор”, – дей келе, белсенді нәзік жандарға өз өңіріміздің атын әйгілейтін ұлттық брендтерге басымдық беру жайлы кеңес берді.
Шара барысында облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен “Ulpan” бизнес аумағы” диалог алаңы ашылды. Бұл жерде бизнеске ден қойған қыз-келіншектер өзара тәжірибе бөлісіп, осы саланың білікті мамандарынан ақыл-кеңес ала алады. Диалог алаңының салтанатты ашылу рәсімінде “Бастау” жобасы аясында ісін өрге сүйреген кәсіпкер жандар өздерінің жеке брендтерін таныстырып, қолөнер бұйымдарының көрмесін өткізді.
Форум барысында кәсіпкерлік саласына зор үлесін қосқан бір топ нәзік жан Алғыс хаттармен марапатталғанын айта кеткен жөн.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.