Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Петропавлдағы “Алтын орда” мейрамханасында ауыл әйелдерінің форумы өтті. Оның аясында бизнес саласында жетістіктерге жетіп, өз ісін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер ауылды өркендету бойынша өз ойларымен бөлісіп, кәсіпкерлік саласы арқылы елді мекендерді дамытудың маңыздылығына тоқталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев қатысты.
Форум барысында “Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясының” төрайымы Салтанат Рақымбекова ауыл-аймақта табысқа қол жеткізген және осы салаға жаңадан бет бұрған нәзік жандарға өз ісін жасыл экономикадан бастауға кеңес берді. “Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы табысқа кенелуге болады. Бүгінде бұған бет бұрған көптеген азаматтар нақты пайдаға кенеліп, экономиканың дамуына өз үлесін қосуда. Мысалы, тұрғын үйден қалдық жинап, оны өңдеп, жаңа тауар шығаратын болса, оларға субсидия беріледі. Одан басқа аграрлық өнеркәсіпке де қолдау көрсетіліп отыр”, – деді Салтанат Темірқұлқызы. Сондай-ақ, ол біздің өңірдің басты саласы – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде де үлкен жетістіктерге жетуге болатынын айтты. Мәселен, жергілікті әйелдерге бал жинаумен немесе жүзім, алма өсірумен айналысуға болады. Коалиция төрайымы кәсіпкерлікке бет бұрған көпбалалы және аз қамтылған әйелдерге қайтарымсыз берілетін 500 мың теңге қаржыны қалай тиімді пайдалануға болатыны жөнінде де ақыл-кеңесімен бөлісті.
Форум барысында кәсіпкерлік саласына зор үлесін қосқан бір топ әйелдер Алғыс хаттармен марапатталды.