Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында: “Біздің дағдарыстарды еңсеру тәжірибеміз бар. Жаңа жаһандық қатерлерге біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміздің негізінде тұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюға тиістіміз”, – дей келіп осынау жауапты кезеңде бірлікті сақтап, “Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін” қағидатын ұстана отырып, ел игілігіне тер төге еңбек ету керектігін баса айтқан болатын. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Салқынкөл ауылдық округінің тұрғындары да осы талап деңгейінен көрінуге бар күш-жігерлерін жұмылдыруда.
Бүгінгі таңда біздің ауылдық округте алты фермерлік және үш шаруа қожалығы жұмыс істейді. Дегенмен, ауылдық округ тұрғындарының көп бөлігін жұмыспен қамтитындай ірі серіктестік жоқтың қасы. Округ аумағында тек “Атамекен-Агро-Целинный”, “Чистопольский-2”, “Тахтаброд” сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің егіс алқаптары ғана бар. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруа және фермерлік қожалықтар 2012 және 2015 жылдар аралығында “Сыбаға” бағдарламасы бойынша жеті жобаны жүзеге асырды. Осының арқасында жалпы құны 29 млн.755 мың теңге болатын 180 бас ірі қара сатып алынды, оның тоғызы – асылтұқымды бұқа. “Алтын асық” бағдарламасы аясында 5 млн. 900 мың теңгенің екі жобасы жүзеге асырылып, 262 қой алынды.
Салқынкөл ауылында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағытын іске асыру шеңберінде ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 4 млн. теңге, ал спорт алаңын қоршау үшін 1 млн. 499 мың теңге қаржы бөлінді.
Аталған бағдарламаның кәсiпкерлiктi дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тiрек ауылдарды дамыту бағытын жүзеге асыруда округтегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары, кәсiпкерлiк құрылымдардың басшылары айтарлықтай жұмыстар атқаруда.
2016 жылы ауылдарды көркейту бойынша біршама іс-шаралар өткізілді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің күшімен жаз және қыс мезгілдерінде жолдарды күту, қар тазалау жұмыстары уақтылы жүргізіледі. Көктем және жаз айларында бекітілген аумақтар қоқыстан тазартылып отырды. Округтегі мекемелер және жекеменшік секторлар ретке келтірілді, әктеліп, сырланды.
Әлеуметтік және басқа да маңызды мәселелерді шешу үшін округте жиындар өткізіліп, онда елді мекендерді абаттандыру, тұрғындардың малын бағу ережесі, өрт қауіпсіздігі, су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да жайттар талқыланды.
Мемлекет экономикасының бірден-бір тірегі де, дамуының басты тетігі де – салық. Сондықтан да өркениетті жұрт, ең алдымен, салық саясатын сауатты жүргізуге ұмтылады. Салқынкөл ауылдық округінде есепті кезеңде 345860 теңге көлік салығы, 43651 теңге жер салығы, 31725 теңге мүлік салығы жиналды.
Өткен жылы сегіз адам жұмысқа орналастырылды. Бір отбасына 30 698 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек беріліп, мүгедектер, ардагерлер және зейнеткерлер қамқорлыққа алынған. Округте 54 – зейнеткер, 13 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Қарт адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығында 67 адамға қайырымдылық көмек көрсетілді. Бүгінде округтегі жалғызбасты қарттарға екі әлеуметтік қызметкер көмек көрсетіп, алғыстарына бөленіп жүр.
Ауылдағы білім беру саласының ахуалы жақсы. Округтегі Салқынкөлдегі орта және Тоқтыдағы бастауыш мектептерде 82 бала білім алуда. Салқынкөл орта мектебі жанындағы “Еркетай” шағын орталығында екі жастан бес жасқа дейінгі – 11 сәби, Тоқты бастауыш мектебіндегі “Қуаныш” шағын орталығында үш жастан бес жасқа дейінгі 14 бала мектепке дейінгі білім берумен қамтылған. Барлық мектептер телефонмен, компьютермен қамтамасыз етілген және интернет желісіне қосылған.
Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Әсіресе, шалғай ауылдардағы тұрғындар дер кезінде медициналық көмек алуы үшін елді мекендерді дәрігерлермен қамтамасыз ету жұмысы қарқын алды. Салқынкөл ауылдық округінде екі медициналық пункт бар. Онда екі маман жұмыс істейді. Барлық денсаулық сақтау нысандары алғашқы жәрдем көрсету үшiн қажетті дәрi-дәрмектермен қамтамасыз етiлген. Халықтың нысаналы топтарын алдын ала тексеру жоспарлы түрде жүргізіліп тұрады. Қауіпті ауруларды анықтау үшін бiр жасқа дейiнгi балалар мен жүктi әйелдер ұдайы бақылауға алынған.
Тәннің саулығы, жанның азығы қоғамның дамып, жетілуінің маңызды алғышарттары емес пе? Рухани тұрғыдан дамығысы келген адам мәдениет пен әдебиетке жақын болады. Округ тұрғындарын күнделікті күйбің тіршіліктен серпілту үшін мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Бұл мерекелерде ауылдың қарапайым тұрғындары ғана емес, шаруа және фермерлік қожалықтардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдері де белсенділік танытып, ұйымдастыру жұмысына көмек көрсетуде. Округте ауылдық және мектеп кітапханасы бар. Ондағы кітап қоры – 15186 дана. Оның 10859-ы – мемлекеттік тілдегі әдебиеттер.
Бұқаралық спорт және дене шынықтыруды дамыту мәселесі ұлт саулығын қамтамасыз ететіні белгілі. Округте спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Елді мекендерде стадиондар, спорт алаңдары, хоккей корты жұмыс істейді. Сонымен қатар, мектептегі спорттық үйірмелер де жас буынның денені шынықтыруға қызығушылықтарын оятуда. Мәселен, округтің құрама командалары “Ақ бидай”, “Солтүстік” спартакиадаларынан қалмай, елеулі нәтижелерге жетуде. Үстіміздегі жылы Салқынкөл ауылында “Ақ бидай” аудандық спартакиадасы өткізіледі. Бүгінгі таңда сол сынға дайындықты бастап кеттік.
Мұның барлығы өткен жылы атқарған жұмыстардың қорытындысы. Ал үстіміздегі жылы жаңа белестерді бағындыруға міндеттіміз. Салқынкөл ауылдық округі әкімдігі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға осы жылы да басымдық береді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестi дамыту, Салқынкөл мен Тоқты ауылдарын сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, абаттандыру, инфрақұрылымын жақсарту, барлық мемлекеттiк бағдарламалар мен жобаларды орындау, жас мамандарды, жастарды жұмысқа орналастыру, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнiң материалдық базасын нығайту, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды, жетiм балаларды, зейнеткерлердi, мүгедектердi қолдау күн тәртібінен түспейтін мәселелер болып табылады.
Зәуре ҚҰЛАНОВА,
Салқынкөл ауылдық округінің әкімі.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.