Инженер мамандығы бар азамат Нұрбай Оспанов біздің ұжымға 2008 жылы қаңтар айында маркетинг бөліміне қызметке келген еді. Сол кездегі “Еңбек-Қызылжар” филиалының директоры кейін мол қызмет тәжірибесі бар маманды жұмысы онша жүрмей жатқан, аздап өндірісі төмендеп тұрған кәсіпорынға басшы қылып тағайындады. Ол “Еңбек-Қызылжар” филиалының №3 өндіріс учаскесі еді. Қызмет ошағы “ЕС-164/3” мемлекеттік мекемесінің аймағында орналасқан. Отыз бір жыл еңбек тәжірибесі бар инженер бұл жұмыстың қыр-сырын білмесе де, өндіріс орны деген соң өз үлесін қосуға дайын екенін білдірді.
Алматыда Қазақ ауыл шаруашылығы институтын тамамдаған маман көп жылдар бойы облыстың ауыл шаруашылығы және көлік салаларында қызметтерде болған еді. Өндірістік тәжірибесі мол, ұйымдастыру қабілеті бар маман екендігін бірден көрсеткен. Өзіне міндеттелген өндіріс орнының ұжымымен қоян-қолтық жұмыс істеп, алғашқы нәтижелерге де қол жеткізген. Сондықтан өндіріс орнындағы жұмысқа жазаларын өтеп жатқандарды еңбекке баулу үшін бірнеше жаңа жұмыс орнын ашуға атсалысты. Әсіресе, бұл бағытта “ЕС-164/3” мемлекеттік мекемесі ұжымымен тікелей қатынаста болып, әрқашан бірігіп жұмыс жүргізді. Қазандық жұмысын жаңа қалыпқа бағыттап, үлкен тігін цехын ұйымдастырды, жаңа жиһаз шығаратын цех дайындап, құрастыру орнын ретке келтірді, сұранысы көп кішігірім шаруашылық құралдарын дайындайтын орындарды іске қосты. Қаңырап бос тұрған ағаш кесу кешенін іске қосқанда, айтарлықтай өнім беруге қол жеткізілді. Онда мектеп, балабақша маңайларына кішкентай бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары жасалды. Жиһаз цехы мектеп пен балабақшалардағы шағын орталықтарды жабдықтауға қажет жиһаздар шығара бастады. Өздерінің өнімдерін насихаттау мақсатында облыста ұйымдастырылған көрмелерге қатысып, шығарып жатқан өнімдерін жарнамалауды жолға қойды. Көптеген көрмелерден алған куәліктері соған дәлел бола алады. Осы істердің нәтижесінде “Еңбек-Қызылжар” филиалы облыс төңірегіне кеңінен танымал болды.
Ол кісінің тынымсыз жұмысын жоғары бағалаған кәсіпорын басшылығы Нұрбай ағамызды филиалдың аға инженері қызметіне тағайындады. Өзі қол ұшын беріп үйренген қызметкер басқа да өндірістік орындағы ауыр мәселелерге араласты. №60 өндірістік учаске Қызылжар ауданының Ольшанка елді мекенінде орналасқан. Қыс көзі қырауда мал өсіріп отырған бұл учаскеде малдың жемазығы азайып, оларды қыстан шығару қиын жағдайға душар болғанда, филиал басшылығы ауыл шаруашылығында істеген деп тәжірибелі маманды сол өндірістік учаскеге жіберді. Зор ұйымдастырушылықтың арқасында бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығара отырып, қотандағы малды қыстан аман-сау алып шықты. Бұл да маманның үлгі аларлық жақсы жағы.
Қазіргі кезде Нұрбай Әбікейұлы “Еңбек-Қызылжар” филиалының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі аға инженері болып еңбек етіп жүр.
Амангелді СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Еңбек-Қызылжар” филиалының аға шебері.