«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫР АТЛЕТИКА АҚСАП ТҰР

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Өңір басшысының қабылдауына келген азаматтардың басым бөлігінің сауалы өңірдегі спортты дамытуға қатысты болды.

Ауыр атлетикадан аға жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Эрик Алибаев облыста спорттың осы саласын дамыту, ол үшін Астана қаласынан арнайы жаттықтырушылар шақырту туралы ұсыныспен келіпті. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі ауыр атлетиканың жағдайы көңіл көншітпей отыр.

Тұрғынның ұсынысын мұқият тыңдаған облыс әкімі спортшыларды әрдайым қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта Петропавлда әмбебап спорт кешенін салу және оған белгілі спортшыны жетекші етіп тағайындау жоспарланып отырғанын айтты.

Өңір басшысының қабылдауында болған Әміржан Шәкей, Александр Гусев, Станислав Захаревич есімді азаматтар саламатты өмір салтын ұстануға қатысты мәселелерді көтерді. Олар Жеңіс саябағы аумағындағы шағын футбол алаңына жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін қалайды.

– Қазір біз өңірдегі үлкен футбол алаңдарын жаңғыртудамыз. Солардың бірі – құрылысы жүріп жатқан «Қарасай» орталық стадионы барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келетін болады. Онда спортшыларға арналған киім ауыстыратын орындар, әжетханалар салынып, қажетті жағдайлардың барлығы жасалады. Стадионның төбесі жабық болатындықтан, балаларымыз жазда ғана емес, қыста да жабық алаңда жаттығады, – деді облыс әкімі.

Петропавл қаласының тұрғыны Күлбаршын Бекібаева апаттық деп танылған үйінің орнына жаңа баспана сұрап келді. Оның сөзінше, кәсіпкерлердің бірі Ю.Медведев көшесі, 39 мекенжайындағы тұрғын үйдің жанынан құрылыс жұмыстарын жүргізіп, маңайдағы баспаналарға зиян келтіріп отыр. Құрылыс жұмыстары салдарынан үйінің қабырғасы мен су құбырлары екі рет жарылған.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл үйлерді сүру жұмыстары 2029 жылға жоспарланғанын, 12 отбасы тұрып жатқан аталған мекенжайдың тұрғын үйден гөрі бизнес орталықтар ашуға ыңғайлы екенін айтты.

– Біз кәсіпкермен келісіп, ғимаратты толығымен сатып алу туралы ұсынысымызды айтамыз. Сіз сол пәтердің ақшасына басқа шағынауданнан баспана аласыз. Бұл мәселені қала әкіміне тапсырамын, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp