«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫР ЖАЗА АЙЫЛДЫ ЖИҒЫЗА МА?

Жануарлар әлемі – табиғат байлығы. Егер оның қандай да бір түрі жойылса, тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан түз тағылары мемлекет қарамағында. Өкінішке қарай, елімізде жеке басының пайдасы үшін жабайы аң-құсты аяусыз қыратындар баршылық. Соңғы жылдары елімізде браконьерлердің аң түгіл, адамға да тап беріп, табиғат сақшыларының қаза табуы қоғамды ашындырғаны белгілі. Үстіміздегі жылдан бастап жануарлар әлеміне қол сұғып, қорықшылардың өміріне қауіп төндіретіндерге қатысты заң да қатайды.

Бұдан былай заңсыз аң аулағандардың мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Бұрын 160 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салынатын немесе мүлкі тәркіленіп, 40 тәулікке қамауға алынатын. Егер қызметтік бабын пайдалана отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда сирек кездесетін жануарларды аулап, iрi залал келтiрсе, мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзiмге айырылады. Алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады. Бұрын мұндай заң бұзушылықтарға барғандардың мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейін айырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелетін. Егер де осы әрекеті арқылы iрi көлемде залал келтiрсе немесе қылмыстық топпен жасалған болса, онда мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға (бұрын 5 жылға дейін) дейiнгi мерзiмге айыра отырып, алты жылдан он жылға дейін (бұрын 3 жылдан 7 жылға дейін) бас бостандығынан айырылады.
Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз аулағандардың жазасы да қатаңдатылды. Заңда киікті ату, мүйіздерін қағып алып, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау жөніндегі бөліктер жеке қарастырылған. Бұл қылмысты жасағандардың мүлкі тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейін (бұрын 3 жылға дейін) бас бостандығы шектеліп, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға және қорықшыға, құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкеріне, әскери қызметшіге зорлық жасағандар жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады, ал жазым еткендердің мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейін, не өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұрын қорықшылардың өмірін қиғандарға ең көбі он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатын.
Үстіміздегі жылдың 11 қаңтарынан бастап өңірімізде Қылмыстық кодекстің 337-бабының 3-бөліміне сәйкес заңсыз аң аулаудың 2 фактісі тіркелді. Аталған фактілер бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту қарастырылған. Сондай-ақ, бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеп, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Жалпы былтыр облыс аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 214 фактісі тіркелді. Жалпақ санды жіліктесек, заңсыз аңшылық жасаудың – 156, ағашты және бұталарды кесудің – 5, балықтарды аулау және балық аулау қағидаларын бұзудың 53 фактісі анықталып отыр. Қылмыстық кодекстің 337 және 34-баптары бойынша алты қылмыстық іс тіркелді. 250 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіштерді өткен жылдармен салыстырар болсақ, былтыр экологиялық қылмыстар бойынша 100 (2018 ж. – 96) іс қозғалған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 382-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартудың 634 фактісі тіркеліпті. Ал аталған Кодекстің 383-бабы бойынша 267 факті (2018 ж. – 263) анықталған. 2019 жылғы 28 қазандағы Әкімшілік кодекске енгізілген толықтыруларға байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 381-1-бабы (заңсыз кесу) бойынша екі факті белгілі болды.

Асхат ҚОЖАБАЕВ,
облыстық полиция департаменті табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp