
Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай өңір полицейлері сексенінші жылдары интернационалдық борышын атқарған, тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетті. «Ауғандықтарды» атаулы күнмен облыстық полиция департаментінің басшылығы, ардагерлер кеңесінің өкілдері мен полицияның жас достары – Қызылжар ауданындағыі №2 Бескөл орта мектебінің әскери-патриоттық бағыттағы «Сардар» балалар қоғамдық бірлестігінің әрбиеленушілері құттықтады.
«Ауған соғысы аяқталғаннан кейін 30-дан астам солтүстікқазақстандық өз тағдырын ішкі істер органдарымен байланыстырды. Олар қызметтік міндеттерін адал атқарып, абырой мен адамгершілікке беріктіктің жарқын үлгісін көрсетуде. Бүгінде ардагерлер игі істерден шет қалмай, қоғамдық өмірге белсенді араласуда», – деді өзінің құттықтау сөзінде департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебев.

Кадеттердің қатысуы іс-шараның маңыздылығын арттыра түсті. «Сардар» кадеттер сыныбында балалар әскери өнердің қыр-сырымен танысып, ой-өрістерін кеңейтеді, бос уақыттарын телефонға телмірумен өткізетін құрдастарына қарағанда, олардың қолы жетпейтін пайдалы әдіс-тәсілдерді меңгереді. Балалар әскери ұрыстарды өз көзімен көрген ардагерлердің әңгімесін ерекше ықыласпен тыңдады. 1983-1985 жылдары Ауғанстанда әскери борышын өтеп жүріп, минометші-жүргізуші болған, бүгіндері отставкадағы полиция аға лейтенанты Бағдат Ешманов Панджшер елді мекеніндегі соңғы әскери операция жайлы айтып берді. Сол жолы оның бөлінісінде жау оғынан 23 адам қаза тапқан. «Сардар» тәрбиеленушілері ардагерлерге ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды.
Айтулы күнге орай 20-дан астам интернационалист-жауынгер, ішкі істер органдарының ардагерлері «Қолдаушы» медалімен марапатталды. Кейін қонақтарға облыстық полиция музейінің кинозалында полиция органдарында қызмет еткен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған фильм көрсетілді. Олардың саны – 29, бүгінгі күні барлығы ішкі істер органдарының ардагерлері. Олардың бесеуі тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстарға қатысқандар, екеуі – саптағы полиция қызметкері. Олар үшін полиция ведомствосының есігі әрқашан ашық.