Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыс ардагерлері активімен кездесіп, қарияларды толғандырған мәселелерге қанықты.
Кездесуді қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов қарттар айлығы аясында ауқымды шаралардың жүзеге асырылып жатқанын айтып, өңір ардагерлері өз кезегінде ел тыныштығына, жастар тәрбиесіне, ұрпақтар сабақтастығына ұйытқы болып отырғанын жеткізді.
Маусым айында ардагерлермен кездесу барысында осындай алқалы жиынды тоқсан сайын өткізу туралы айтылған ұсынысты қабыл алған облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Мұндай кездесулер игі дәстүрге айналатынына сенімдімін. Өңіріміздегі барлық мәселелер мен оқиғаларға қатысты аға буын өкілдерінің пікірі мен үшін өте маңызды, – дей келе, ақсақалдар қауымымен облыс аумағындағы маңызды шаруаларды жүзеге асыру барысымен бөлісті.
Облыс әкімі бұған дейінгі кездесу кезінде айтылған ардагерлердің өтініш-тілектерінің орындалу барысына да тоқталды.
– Облыс орталығындағы барлық субұрқақтар жөндеуден өтіп, іске қосылды. Қалалық саябақты көгалдандыру, абаттандыру ісі жүзеге асырылып, Жеңіс саябағын қайта құру және Кеңес Одағы Батырларының мемориалды кешенін салу жобасы бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдың сәуір айында аяқталмақ. Ұлы Отан соғысына қатысқан және соғыстан кейінгі жылдары жұмыс істеген ардагерлердің есімдерін ескерткіш тақтаға енгізу мақсатында олардың тізімін нақтылау жұмыстары да жалғасуда, – деген Ерік Хамзаұлы ақсақалдардың өтініштеріне сәйкес ескерткіштерді қараусыз қалдырмау, облыстық филармонияны “Метро” ойын-сауық орталығына көшіру сияқты шараларды жүзеге асыру ісі ойдағыдай орындалып жатқанын айтты.
Айтылған өтініштердің назарға алынатынын атап көрсеткен Ерік Сұлтанов қарттарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтың үзілмейтінін жеткізді.
Жиын соңы салтанатты шараға ұласты. Облыс басшысы облыстық мәслихаттың шешімімен “Облыстың құрметті азаматы” атанған еңбек ардагері Ерембек Әубәкіровті, Қызылжар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мария Батаеваны және облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Нэлли Иванованы құттықтады. Сондай-ақ, 12 аудандық кеңестің төрағаларына Алғыс хаттар мен сыйақылар тапсырды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.