«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ахуал тұрақты

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыста коронавирусқа қарсы іс-шаралардың орындалуын қадағалап, өзекті мәселелердің түйінін тарқату үшін құрылған жедел әрекет ету орталығының жұмысы туралы айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары, денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын, мерзімі мен толықтығын тексеретін мониторинг тобының жетекшісі Нұрлан Жахин өңірдегі провизорлық және инфекциялық стационарлардағы жағдайға тоқталды. Оның айтуынша, қазір емдеу мекемелерінде жағдай тұрақты. Дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Десе де, медициналық ұйымдарда анестезиолог-реаниматолог дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады. Облыстық ауруханаға, №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне, фтизиопульмонология орталығы жанындағы инфекциялық стационарға өкпені жасанды желдету аппараттары қажет. Қазір өңір бойынша осындай 14 аппаратқа қажеттілік бар. Жалпы, облыс бойынша жасанды тыныс алу аппараттары 1,5, оттегі концентраттарының саны 13 есе өскенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар тағы 85 жасанды тыныс алу аппараты мен 102 концентрат әкелінеді деп күтілуде.

– Өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл шараларға жергілікті бюджеттен 528 миллион теңге бөлінді, – деген Нұрлан Жахин “Жедел жәрдем” шақырту 47 пайызға төмендегенін жеткізді.

Спикер облыс аудандарындағы провизорлық және инфекциялық стационарлардағы жағдайды да баяндады. Айтуынша, дәрі-дәрмек пен кадр тапшылығы және өзге де мәселелер бар. Айыртау ауданындағы провизорлық стационарда бірқатар дәрі жоқ. Палаталарды желдету жүргізілмейді, москиттік торлардың болмауына байланысты терезелер ашылмайды. Желдеткіштері де дұрыс жұмыс істемейді. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Есіл, Мамлют, Уәлиханов аудандарында да дәрі тапшылығы аңғарылады. Мамлют, Уәлиханов аудандарында реаниматолог, инфекционист, анестезиолог, педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді.

Жедел әрекет ету тобы күн сайын дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізеді. Дәріханалар желісінде қажетті дәрілердің айлық қорын қалыптастыру үшін дәрілік қор құрылуда. Бүгінде демеушілердің қолдауымен ауыл тұрғындары үшін дәрі-дәрмектер сатып алынуда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар тегін дәрімен қамтамасыз етілуде.

Баспасөз мәслихатында мониторингтік топ мүшесі, кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов өңірде “COVID-19” инфекциялық вирусын жұқтырған науқастар саны азайғанын айтты. Алайда, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Дәрігер қоғамдық орындарда бетперде киіп, сақтық шараларын қатаң ұстауға кеңес берді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp