Елімізде мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру арқылы мемлекеттік орган жұмысының ашықтығын арттыру бағытында көптеген шаралар қолға алынуда. Петропавл қаласы, Шал ақын, Мамлют аудандарынан кейін Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда келушілерге қолайлы жағдай жасауды көздейтін “Ашық әкімдік” фронт-кеңселерінің ашылуы мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, “бармақ басты, көз қыстылықтың” алдын алуға септесері анық.
Тұрғындардың кеңес алуына ыңғайлы алаң жасау арқылы тиімді әрі қолжетімді қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи мекеменің ашылу салтанатына қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин аталған жаңашылдықтың тиімді тұстарына тоқталды. Тимирязев ауданындағы фронт-кеңседе сегіз маман келушілерге мемлекеттік қызметтің 102 түрін көрсетеді. Сонымен қатар аудан әкімінің жергілікті тұрғындарды қабылдауы үшін арнайы орын әзірленген.
Ернар Баянғазин Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапары барысында аудан активімен және мемлекеттік қызметшілермен кездесу ұйымдастырып, өңірімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
– Ауқымды жұмыстар жүзеге асырылғанымен, алда тұрған міндеттер одан да көп. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша жергілікті тұрғындардың жетпіс пайызы сыбайлас жемқорлық схемаларын пайдалану арқылы аталған мәселенің түйінін тарқатуға болатынын айтты. Ал қалғаны жең ұшынан жалғасқан жемқорлық күннен-күнге ушыға түскенін жеткізді, – дей келе Ернар Баянғазин мемлекеттік қызметшілердің, әсіресе, мерекелердің алдында, азаматтардан қандай да бір сыйлық алуы Әдеп кодексінің талаптарын бұзу болып табылатынын ескертті.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігі облыстық департаментінің
баспасөз хатшысы.