Сайлау – демократиялық мемлекеттің басты көрсеткіштерінің бірі. Ақпан айының алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтеді. Осы күнге орай Солтүстік Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереевті әңгімеге тартып, сайлау мәдениетін қалыстастыру, өңірде өткен саяси науқандар туралы сұхбаттасқан болатынбыз.
– Асқар Жоламанұлы, Дүниежүзілік сайлау күнін сіздердің кәсіптік мерекелеріңіз деуге болатын шығар. Құтты болсын! Жалпы бұл күннің маңызы қандай?
– Рақмет! Бұл күн 2005 жылы Венгрияның астанасы Будапештте сайлауды ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік сайлау күні ретінде атап өтіледі. Дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өту дәстүрі Қазақстан Республикасы толыққанды мүшесі болып табылатын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының (ACEEO) бастамасымен қолға алынды.
Бұл күннің мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымды қалыптастыру. Дүниежүзілік сайлау күні азаматтардың сайлауға қатысу құқығын және демократиялық азаматтық құқықтар мен бостандықтарды құрметтеуді білдіреді. Сондай-ақ қоғамның санасында демократияландыру процесінің үздіксіз жалғасып жатқанын көрсету, қоғамды сайлау процесіндегі жетістіктер туралы хабардар ету, жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарға деген оң көзқарасын қалыптастыру көзделген. Жас сайлаушылар Конституциямен кепілдендірілген демократиялық бостандықтарды жүзеге асыру шеңберінде тікелей немесе еркін сайланған өкілдері арқылы өздерінің құқықтары мен мемлекетті басқаруға қатысу мүмкіндігін білуі және түсінуі шарт.
Жыл сайын Дүниежүзілік сайлау күні аясында облыстың аумақтық сайлау комиссиялары жастардың қатысуымен түрлі іс- шаралар өткізеді. Ашық есік күні, кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары мен зияткерлік ойындарды ұйымдастырудағы негізгі міндет – сайлаудың азаматтардың санасында негізгі демократиялық қағидаттар мен постулаттарды тамырландырудағы рөлін ашу. Биыл 3-6 ақпан аралығында облыста аумақтық сайлау комиссиялары 60 іс-шара өткізеді, онда спикерлер жастардың демократиялық қоғам институты ретіндегі сайлау және сайлау процесінің негізгі кезеңдері, рәсімдері туралы білім деңгейін арттыруға назар аударады. Сондай-ақ тыңдаушылар үшін Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы негізгі ресми және нормативтік-құқықтық құжаттар, елдің қоғамдық-саяси өмірін заңнамалық деңгейде ашатын мерзімді басылымдар, кітаптар мен басқа да түрлі материалдар ұсынылған кітап көрмелері өткізіледі. Викторина-конкурстардың қорытындысы бойынша сайлау процестерін үздік білгені үшін ең белсенді жас қатысушыларға көтермелеу сыйлықтары беріледі.
– Былтыр, яғни 2024 жылы біздің өңірде қанша сайлау науқаны өтті?
– 2024 жыл елімізде, оның ішінде біздің облыста да қоғамдық-саяси тұрғыдан белсенді жыл болды деп айта аламыз. Былтыр елімізде жалпыұлттық референдум өткізілгенін білесіздер. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», – деп атап өткен болатын. 6 қазан күні АЭС құрылысына қатысты өткен жалпыұлттық референдумда халық өз ойын білдіріп, таңдау жасады. 5 561 937 азамат немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады. Бұл ретте солтүстікқазақстандықтардың да белсенді болғанын айтып өткен жөн.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау бір жылда екі рет өткізіледі. 2024 жылғы 31 наурызда мәслихат тардың шығып қалған депутаттарының орнына 5 депутат сайланды. Бұл саяси науқанға құрамында 137 мүшесі бар 1 облыстық, 4 аудандық, 5 округтік және 16 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Екінші рет дауыс беру 8 желтоқсанда өтті. Онда Петропавл қалалық және аудандық мәслихаттардың 17 депутаты сайланды. Бұл науқанда 97 комиссия, атап айтар болсақ, 1 облыстық, 10 аудандық, 17 округтік және 68 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Яғни сайлау комиссиясының 529 мүшесі тартылды.
Сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар ету үшін ақпараттық баннерлер ілінді, шақыру қағаздары жасалып, әрбір сайлаушыға табысталды, бұдан басқа ақпарат облыс, қала және аудандар әкімдіктерінің сайттарындағы аумақтық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде, оның ішінде жергілікті топтарда орналастырылды. Петропавл қаласында тіркелген кандидаттар туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік беретін QR-кодты қолдана отырып шақыру қағаздары дайындалды.
– Асқар Жоламанұлы, ауылдық округ әкімдерінің сайлауына да тоқталып өтсеңіз. Қазіргі күні ауыл әкімдері тек қана сайлау арқылы жұмысқа қабылданады ғой. Жалпы қанша әкім сайланды?
– Иә, дұрыс айтасыз, қазіргі таңда Қазақстанда ауылдық округтер, кенттер мен ауыл әкімдері тікелей сайланады, оларды бұрынғыдай аудан әкімдері тағайындамайды. Және бұл тәжірибе өз жемісін беріп отыр. Былтыр облыста 48 ауылдық округтің әкімі сайланды. Оның ішінде 18-і өкілеттік мерзімінің аяқталуына және 30-ы өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты (олардың 25-і тікелей сайланған әкімдер) қайта сайланды. Бұл науқанға 13 аудандық және 138 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Сайлаушылар тізіміне енгізілгендер саны – 74248 адам болса, дауыс беруге қатысқандары – 43545.
– Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында сайлау жүйесінде қанша адам жұмыс істейді?
– Облыста 779 сайлау комиссиясы жұмыс істейді, оның ішінде 15 аумақтық, 173 округтік, 591 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Сайлау комиссиялары мүшелерінің саны – 4295 адам (аумақтық сайлау комиссияларында – 105, округтік сайлау комиссияларында – 865, учаскелік сайлау комиссияларында 3325 мүше бар). 2024 жылы сайлау комиссияларының 262 мүшесі өкілеттігін тоқтатты, оның ішінде Айыртау ауданының №56 учаскелік сайлау комиссиясының 5 мүшесі сайлау учаскесінің таратылуына байланысты өкілеттігін тоқтатты. Былтыр сайлау комиссияларының 251 мүшесін тиісті мәслихаттар сайлады (оның ішінде «AMANAT» партиясынан – 46, «Ауылдан» – 27, «Respublica»- дан – 30, «Ақ жолдан» – 33, «Қазақстан халық партиясынан» – 30, ЖСДП-дан – 15, қоғамдық бірлестіктерден – 70 адам). 4 комиссия мүшесін жоғары тұрған комиссия тағайындады.
Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында семинар-тренингтер ұдайы өткізіліп тұрады. Былтыр облыс бойынша 375 оқыту семинары өткізіліп, оған барлық комиссия мүшелері тартылды. Бұған қоса жас сайлаушылар мен сайлауды байқауға қатысатын қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелеріне арнап арнайы тренингтер жүргізілді. Облыста сайлауды байқау құқығына ие қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес 4 ұйым тіркелген. «Туған жер» үкіметтік емес ұйымы» қоғамдық бірлестігі, «The Last Hope» үкіметтік емес ұйымы» қоғамдық бірлестігі, «Рух. Тіл. Жаңғыру» қоғамдық бірлестігі және «Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі осы мақсатта жұмыс істейді. Бұған қоса сайлау барысын байқау үшін партиялар мен кандидаттардың сенім білдірген өкілдері де қатысады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».