«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АШЫҚ ӘҢГІМЕ АЛАҢЫ

Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ұйымдастырылған панельдік сессиялар барысында шекарасыз туризм – бірыңғай кеңістік құру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлеуетін арттыру, экологиялық туризмді дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесуде бірінші болып сөз алған “Kazakh Tourism” Ұлттық компаниясы” АҚы басқармасының төрағасы Рашид Күзембаев Қазақстанда туризм саласын өркендетуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында салаға инвесторлар тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселесі ерекше назарға алынғанын атап көрсетті.

– Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы екі елдің туризмін дамытуға ықпал етпек. Алқалы жиынға “Қазақстан мен Ресейдің туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” тақырыбының таңдалуы кездейсоқ емес. Туризм – әлемдік экономикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Одан түсетін табыс әлемдегі жалпы өнімнің шамамен 10 пайызын, әлемдік экспорттау қызметтерінің 30 пайызын, әлемдік инвестициялардың 7 пайызын, жұмыс орындарының 9 пайызын және барлық салық түсімдерінің 5 пайызын құрайды. Сондықтан Қазақстан мен Ресей қалаларының арасында тікелей байланыс орнатуды жалғастыруымыз қажет, – деді Рашид Талапұлы.

Баяндамашының айтуынша, дүниежүзілік экономикалық форумның индексіне сәйкес туризм мен саяхаттың бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемде 81-ші орында тұр. Бұл көрсеткіш халықаралық ашықтық, баға деңгейі, туристік қызмет көрсетудің сапасы, әуе, жер және су көлігінің инфрақұрылымы, табиғат ресурстары, денсаулық және гигиена, іскерлік орта, қылмыстың деңгейі және тағы да басқа талаптар бойынша анықталған. Үкіметте қаралып жатқан Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмін 2023 жылға дейін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде саладағы өзекті мәселелер өз шешімін табатынына сенім зор.

Панельдік сессияның құрметті қонағы – Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің “Ростуризм” туризм жөніндегі агенттігінің басшысы Олег Сафоновтың айтуынша, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас іскерлік әріптестікке ұласып, қос мемлекеттің табысын ұлғайтқан.

– Бүгінгі форумда біз екі елді байланыстырып отырған туризм туралы айтамыз. Біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық сипатқа ие. Экономикалық, достық қарым-қатынасты дамытуда туризмге ерекше мән беріліп отырғаны қуантады. Туризм халық шаруашылығының 53 бағытының дамуына септігін тигізеді. Жыл сайын 3,5 миллион қазақстандық Ресейге, ал 3 миллионнан астам Ресей азаматы Қазақстанға саяхаттап келеді. Бұл көрсеткіштерді әлі де өсіруге болады. Себебі, туризмді әрі қарай дамыта түсуге барлық мүмкіндігіміз бар, – деді Олег Петрович.

Агенттіктің басшысы алдағы уақытта Қазақстан мен Ресей бірлесіп, ғарыш туризмін дамытуды қолға алатынын атап айтты. Ол үшін қазақстандық “Байқоңыр” және ресейлік “Восточный” ғарыш айлақтарында барлық жағдай жасалуда. Отандық 7 туроператор “Байқоңыр” ғарыш айлағына апаратын жаңа бағыттар ашуда. Космодромға жыл басынан бері мыңнан астам саяхатшы ат басын бұрған.

Қазақ жеріндегі ғарыш айлағын көруге, әсіресе, Германия, Бельгия, Голландия, Франция, Австрия елдерінен келушілер көп. Алдағы уақытта орбитааралық зымырандар ұшырылатын сәтті космодромға кірмей­-ақ тамашалау мүмкіндігі туады. Жұлдызды қалашықты дамытудың 2018-2035 жылдарға арналған бағдарламасында қонақүйлерді көбейту, мәдени ойын-сауық инфрақұрылымын және зымыран ұшыруларын бақылау алаңдарын жақсарту көзделген.

Ресейлік мейман екіжақты байланыстардың шеңберінде Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстандағы круиздік туризмді дамыту туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты. Олег Сафонов қазақстандық тарапқа туризмді дамыту тарихында бұрын-соңды болмаған сапалы жаңа туристік өнімді жасауға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, 2015 жылдан бері Ресей Федерациясының Астрахань және Нижегород облыстарындағы зауыттарда Каспий теңізіндегі круиздерге арналған лайнердің құрылысы жүргізілуде. 2020 жылы Каспий теңізінде круизге шығатын кемелер Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан, Иран, Түркіменстандағы порттарға аялдайтын болады.

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев Үкіметте қаралып жатқан көшпелі және ішкі туризмді дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына тоқталып өтті.

– Соңғы он жылда әлемдік туризм қарқынды дамуда. Сала жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан секторларының біріне айналып отыр. Әрбір оныншы жұмыс орны туризмде шоғырланған, осы салаға бүкіл әлем бойынша орасан зор қаржы құйылуда. Әрбір отызыншы туристің арқасында жаңа бір жұмыс орны құрылады. Көптеген елдер туризмді дамыту арқылы биіктерге жетуде. Елімізде туризмді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама Мәдениет және спорт министрлігі, “Атамекен” ҰКП және Қазақстан туристік қауымдастығымен бірлесе отырып дайындалды. Аталмыш стратегиялық құжатқа туризмді қолдауға арналған жүйелі шаралар енгізіліп отыр, – дейді Олжас Темірбекұлы.

Бағдарламаның басым бағыттары – туристік инфрақұрылымды дамыту, визалық және көші-қон саясатын ырықтандыру, туристік нысандар мен дестинациялардың көліктік қолжетімділігін арттыру, туристік брендті ілгерілету, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және сервис пен кадрлық қамтамасыз ету стандарттарын жетілдіру. Бағдарлама аясында өңірлердегі ішкі туризм саласында кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер жасалып, қажетті инфрақұрылым тартылмақшы. Осылайша, туризм саласының бә­секеге қабілет­тілігін арттырып, 2023 жылға қарай оның экономикадағы үлесін 8 пайызға дейін жеткізу көзделуде.

Сондай-ақ, Олжас Темірбекұлы сессия қатысушыларымен 2019 жылы елімізде тарифтері екі есе арзан лоукостер – “FlyArystan” әуе компаниясы өз жұмысын бастайтыны жөнінде жағымды жаңалығымен бөлісті. “Эйр Астана” әуе компаниясының базасында ашылатын компания жолаушыларды 180 жолаушыға арналған “Airbus A320” ұшағымен тасымалдайды. Бастапқыда қазақстандық лоукостер 4 ұшақты пайдаланса, 2022 жылы олардың саны 15 ұшаққа жетеді.

Акционерлердің инвестицияларын, мемлекеттік субсидияларды жұмылдырмайтын жаңа компания Қазақстанның бірнеше қаласына рейс жасайды. Кейін Қазақстанның барлық әуежайларын қамтитын болады деп күтілуде. Жаңа бюджеттік компания билеттері бағасының қолжетімді болуының нәтижесінде ел ішінде саяхаттаушылардың қатары көбейіп, жолаушылар ағыны ұлғайтылады деп күтілуде.

Отандық туризм мүм­кін­дік­тері туралы сөз қозғалған жиында экологиялық туризмнің түрлері, оның ішінде бүгінгі күні танымал бола бастаған ауылдық туризмді дамыту мәселесі ұмыт қалған жоқ. Қазақстан туристік қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстан қонақүйлері мен мейрамханалары қауымдастығының президенті Рашида Шәйкенова аграрлық және экологиялық туризм арқылы отандық бизнес-индустрияның тартымдылығын арттыруға болатынын айтты.

Отандық туризм сегментінде “Бес жұлдызды” қонақүйлермен қатар қарапайым және бағасы қолжетімділері де қажет. Сафари, рафтинг, орнитология, треккинг, альпинизм, аңшылық, балық аулау сияқты туризм түрлерін дамыту мәселесіне де көп көңіл бөлу қажет.

Бұдан кейін “Туризм саласын цифрландырудағы қазіргі трендтер” тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылып, халықаралық компания өкілдері, сарапшылар аталған саланы дамытудағы сандық технологиялар енгізу, озық бағдарламаларды қолдау мәселелері бойынша ой-пікірлер алмасты.

Алқалы жиын барысында форум қонақтарына Елбасының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы таныстырылды. Елімізді одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор. Жасанды интеллект, 3D-баспа технологиялары және блокчейн адамзат өмірінің бүкіл саласына белсенді түрде еніп келеді. Бұл – қазіргі заманның негізгі үрдісі. Себебі, цифрландыру мемлекеттердің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының біріне айналып отыр. Мұны жұрттан бұрын түсінген әлемнің жетекші елдері өздерінің цифрландыру жөніндегі стратегиялық құжаттарын қабылдап, жүзеге асыруда.

Ақпараттық технологияның қырсырын меңгерген қазақ жастарының бірі Әлібек Датбаев – шетелге саяхаттайтын көпшілікке әлемнің кез келген қаласындағы қонақүйлерге алдын ала тапсырыс беруге көмектесетін әйгілі “www.Booking.com” сайтының жетекші маманы. Бүгіндері “Booking” компаниясының 120 елдегі бөлімшесінде 15 мыңнан астам адам қызмет етсе, Амстердамдағы бас кеңсесінде 15 қазақстандық табысты еңбек етіп жүр.

“Booking” компаниясына жұмысқа орналасқан қазақстандық маман ТМД-дан туристер көп келетін Голландияда бұл салаға енгізілген цифрландырудың тың әдістерін мысалға келтірді. 1996 жылы құрылған іргелі компания негізгі кызметтер жиынтығын ғаламтор арқылы көрсетеді. Яғни, қонақүй мен қонақ арасында дəнекерлік қызмет атқарады. Кез келген адамның компанияның веб-сайтына кіріп, əлемнің 43 тілінде дәріс алуға мүмкіндігі бар. Мұнда тұтынушыларды тарту мақсатында заманауи тетіктер қолданылады. Ауа райынан бастап, саяхаттауға болатын тарихи және мәдени нысандар туралы, театр және кинотеатрлардағы көрсетілімдер жайлы ақпараттармен қамтамасыз етеді. Сайттың сапалы сервистік қызметтері көңілінен шыққан турист келесі жолы көп ойланбастан соның көмегіне жүгінері сөзсіз.

Дүниежүзілік туристік қауымдастықтың мәліметі бойынша 2017 жылы Қазақстан туризмнен 1,9 млрд., ал Ресей 8,9 млрд. АҚШ доллары көлемінде пайда көрген екен. Яғни, туризм саласының даму көкжиегі кең. Панельдік сессия қорытындысында спикерлер цифрландырудың тетіктері Қазақстан мен Ресейдің туризм саласына енгізілсе, ұтар тұстарымыз көп болады деген ортақ пікірге келді.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өткен үшінші панельдік сессия отырысында туризм саласын дамытудың мүмкіндіктері қарастырылды.

“Маркетинг дестинациясы. Сын-тегеуріні мен мүмкіндіктері” тақырыбында өрбіген панельдік сессияда ресейлік қонақтар туризмді дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, табысты саланы өркендетуде өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Алғаш болып сөз алған аумақтық маркетинг орталығының жетекшісі, ресейлік Константин Гаранин туризм саласындағы өзгерістер жайын әңгімеледі.

– Ерекше қарқынмен дамып жатқан туризм саласының мүмкіндігі көп. Қазір туристер қызмет сапасына ерекше назар аударады. Туризмнің әлеуметтік жауапкершілігі де зор болуы тиіс. Бұл сала экономиканың үлкен күшіне айналуда, – дей келе ол киберспорттың дамуы жайлы ойымен бөлісті. Болашақта Түмен облысында медиақала ашу жоспары барын жеткізіп, бірыңғай медиа орталық құру идеясын ортаға салды.

“Profit.Travel” холдингінің бас директоры Алексей Венгин отандық және шетелдік туризмнің тізбесін жасау нәтиже беретінін айтты. Ол туризмді дамытудың негізгі үш кезеңіне тоқталды. Оның айтуынша, адам талаптанып, қолға алған жұмысына жауапкершілікпен қараса, кез келген бизнесті сәтті жүргізуге болады. Ол үшін адамдармен байланыс орнатып, туристік өнімді қалыптастыру керек. Бірақ бизнес түрлі қауіп-қатерге толы. Өнімнің өрісі кеңейіп, туристік бизнес өркен жайса да, келушілердің саны аз болуы мүмкін. Бұл жағдайда маман үлкен туристік нысандармен байланыс орнатып, турбизнестің түрлерін дамытып, жекелей өнімдердің сұранысын сараптауға кеңес берді. Туристік жобалардың жайын талқылаған Алексей Венгиннің баяндамасын қатысушылар ұйып тыңдаса, FSUE “Visit Russia” туризм бойынша ұлттық маркетинг орталығының жетекшісі Вадим Науменконың да тұжырымды ойы көңілден шықты.

Ұлттық маркетинг орталығының басты мақсаты – Ресейдің қонақжайлығын әлемге паш ету. Сондықтан ресейліктердің алдағы ауқымды міндеті – жаңа ұлттық туристік кеңселер ашу. Бұл орталық елдің туристік әлеуетін арттырып, ресейлік туристік өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруды көздейді.

– Биыл жазда Ресейде футболдан әлем чемпионаты өтті. Айтулы шараны тамашалау үшін үш миллионнан астам турист келді. Туристік әлеуетімізді көрсетуге барлық мүмкіндігіміз бар. Біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысуымыз керек, – деді Вадим Науменко. Ал Татарстан Республикасының туризм бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Сергей Иванов “Visit Tatarstan” жобасына шолу жасады. Жоба аясында туристер арнайы бағыт бойынша Татарстанның мәдени-рухани, демалыс орындарында болып, елдің тыныс-тіршілігімен таныса алады. Татар халқының ұлттық салт-дәстүрі, асханасы мен болмысынан сыр шертетін туристік брендтер келушілердің қызығушылығын арттыратынын сөз еткен спикер бұл жобаның негізгі идеясы тарихи тамыры бір бауырлас елге экскурсия жасау екенін жеткізді.

Қанат АТАМАНОВ, Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp