Кеше Петропавлдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко жергілікті этнобірлестіктердің өкілдерімен, жастармен кездесті. Кездесу барысында “100 нақты қадам” жоспарынан туындайтын міндеттер әңгіме арқауына айналды.
“Еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін бізге заңгер, экономистер емес, жаңа технологияларды ойлап шығара алатын инженерлер қажет”, – деген Леонид Прокопенкоға қоғамдық бірлестіктер мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Туризмді дамыту үшін этноауыл салу, жерлес жазушы, ақындардың шалғай елді мекендердегі мұражайларын облыс орталығына көшіру, спорт алаңының құрылысы, бір кездері еңбекақыға қосылған солтүстік коэффициентін қайта белгілеу, Астана мен Алматыны ғана емес, Солтүстік, Оңтүстік, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарының бас қалаларын да Еуразияның іскерлік-мәдени-ғылыми орталығына айналдыру сияқты ұсыныстар айтылды.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова айтылған ұсыныстарды жан-жақты зерделеу қажеттігін атап көрсетті.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.