
Мына суреттегі Маргарита Бейсембаева – облыс орталығындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушісі. Ол Петропавл қаласындағы №4 орта мектептің 3-сыныбында оқиды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Аяз атаға хат жазып, өзіне әдемі киім-кешек сұраған екен.
Маргаританың арманы орындалды. Ол “Қазпочта” акционерлік қоғамы ұйытқы болған “Аяз атаға хат жаз” республикалық акциясы аясында көптен күткен сыйлығын алды. Мереке қарсаңында Аяз атадан сыйлық алған жалғыз Маргарита емес. “Қазпочта” акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жаңажылдық жәшігіне 115 солтүстікқазақстандық бүлдіршін хат жолдаған. Өкінішке қарай, кей хат иелерінің мекен-жайы көрсетілмеген. Ондай хаттардың авторлары облыс орталығындағы “Қазпочтаға” келіп, сыйлықтарын алып кете алады. Ал республика бойынша акционерлік қоғамның бөлімшелеріне мыңдаған бала хат жазған екен. Олардың ешқайсысы жауапсыз қалған жоқ.
Аталмыш акция 20 желтоқсанға дейін жалғасқан. Балалар хаттарында сан қилы тілектерін білдірген. “Бала тілі – бал” дейді ғой. Хаттардың арасында: “Құрметті Аяз ата! Мен осы жылы көптеген балалармен достастым. Менің енді достарым көп. Бізге Жаңа жылға тәтті кәмпиттер салынған қобдиша жіберіңізші” немесе “Аяз ата, мен ата-анамды қатты жақсы көремін. Бірде әкем анаммен ұрсысқан соң, үйден кетіп қалды. Мен әкемнің үйден кеткенін қаламаймын. Жаңа жылда ата-анам мүлдем ұрсыспасыншы, отбасымыз тату-тәтті болсыншы!” деген тілектерді кездестіруге болады. Кей балалар Жаңа жылда дертінен сауыққанын қалайтындықтарын білдіріп, хат жазып қана қоймай, түрлі тақырыптарда салған суреттерін де жіберген. Мәселен, апалы-сіңлілі Мәдина мен Альбина Жиенмурзиналар: “Жаңа жылда бүкіл әлем бейбітшілік бесігінде тербелсін!” деген жүрекжарды ілтипаттарын білдірген.
Маргарита болса өз хатында балалардың барлығы өз отбасыларында тәрбиеленуі тиіс деген екен. Оның ата-ананың қамқорлығынсыз қалған кейбір достары да келер жылда оларды бауырына басып, маңдайларынан сүйіп, “Айналайын” деп еркелететін өз ата-аналарының болғанын қалайтындықтарын жазған. Планшет, смартфон сынды қазіргі заманның озық техникасымен қатар, оқу құралдары мен сахналық киім сұраған балалар іс-шараның аясында армандарына қол жеткізді. Қайырымдылық акцияға “Бекембаев СК”, “Шайхиден А.Ж.”, “Медведев” жеке кәсіпкерлері, “Avon” косметикалық компаниясы, “Ночка премиум” тоқыма өнімінің дүкені және “Еңбек-Security” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атсалысты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.