“Аялаған Астана – 2015” ұлттық музыкалық телевизиялық балалар байқауы жаңа маусымды бастап кетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген талантты жасөспірімдердің басын қосатын балалар байқауы өнерлі өрендердің өрісін кеңейтіп, талантты балғындарды анықтап, оларға үлкен сахнаға жолдама беру мақсатын ұстанып отыр.
“Нұр Отан” партиясының және Астана қаласы әкімдігінің, “Қазақстан” ұлттық арнасының қолдауымен бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан ауқымды жобаға қалаларда, аудан орталықтары мен елді мекендерде тұратын 8-12 жас аралығындағы өнерлі балалар қатыса алады.
Жас поп-орындаушылардың додасы іріктеу кезеңінен, жартылай финалдан және финалдан тұрады. Іріктеу кезеңіне қатысу үшін үміткерлер өтініштерін тапсырулары қажет. Алғашқы кезең наурыз-сәуір айларында республика бойынша облыс орталықтарында, Астана, Алматы қалаларында ұйымдастырылады.
Петропавл қаласындағы іріктеу кезеңі 10 сәуір күні, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының облыстық орталығында өтеді. Жас таланттарды қазақстандық танымал әншілер таңдайды. Еліміздің әр өңірінен шыққан жас дарындар келесі кезеңге жолдама алады.
Жартылай финал Астана қаласында 8 маусым мен 3 шілде аралығында өтпек. Бұл кезеңнің соңында финалға қатысатын өнерпаздардың есімдері анықталады.
Байқаудың соңғы кезеңі Астана күні қарсаңында 4-6 шілде күндері өтеді. Үш күнге жалғасқан өнер додасының соңында қазылар алқасының мүшелері және SMS дауыс беру арқылы жеңімпаздар белгілі болмақ. Мұнда қатысушылардың өнерін нағыз өнер майталмандары бағалайды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен бірге халықаралық байқауға жолдама алады. Сондай-ақ, шараның ұйымдастырушыларының да дарынды өрендерге дайындаған арнайы сыйлықтары бар.
Байқау туралы толық ақпаратты www.aa2015.kz сайтынан алуға болады. Сонымен қатар, баспасөз қызметінің ayalagan.astana@gmail.com электронды мекенжайына, 87013606663, 87273540607 байланыс телефондарына хабарласа аласыздар.
Байқауды
ұйымдастырушылар.